5 Шілде 09:26
...

«Бұл байқау емес қой...» – Танымал әншілер қанша ақшаға қыз ұзатады?

Сыңсу
Фото: ғаламтордан

Жадыраған жазда той-жиынның көбейетіні анық. Осы ретте қызды сыңсу айтып шығарып салатын әншілердің аяғы жерге тимей кететіні бар. Ал олардың қара халықтан алатын ақысы қанша? Тілшіміз анықтап көрді.

Театр мен тойдың арасына жол салған Салатанат Бақаева да қыз ұзататын әншілердің қатарына енген. Алар ақысы – 1млн 200 мың теңге. Бұл сома үшін әнші той барысында үш мәрте өнер көрсетеді. Яғни, ұзатылар аруды ортаға алып шығып, соңында өзі шығарып салады.

Б
kino-teatr.ru

Сонымен бас-аяғы алты ән салып береді екен. Ал бұған келіспей, кешкісін қызды ұзатып салу ғана қажет десеңіз оның құны 1 млн теңге. Әншінің бұл ретте жазған бірнеше әні бар көрінеді. Оған таңдау салу өз еркіңізде. Бірақ әншіден өзге ұзатылар қыздың қасында басы артық ару болмайды. Сондықтан шолпысы сылдырлап, қыздың құрбысы есебінде сәнімен ортаға шығатын биші сұлуларды жеке дара қосымша қаражатқа шақыруыңызға тура келеді.

Қайрат Нұртастың анасы мен әкесінің де тойда өнер көрсетіп жүргеніне біраз уақыт болды. Осы ретте үш келінді уысында ұстап отырған Гүлзира Айдарбекова да сіңлілерін сыңсумен шығарып салуды кәсіптің көзіне айналдырған. Гонорарлары – 1 млн 500 мың теңге.

А
ғаламтордан

Отбасылы жұп ұзатылар қызды той басында ортаға алып шығады және той соңында шығарып салады. Сондай-ақ қуаныш арасында бірге дуэт айтып, қаласаңыз ырғақты әнмен қонақтарыңызды ортаға шығарып билетеді. Ал қызды тек кешкісін жүрек тебірентер әнмен шығарып беруге шақырсаңыз да баға шегерілмейді. Сондықтан бастан-аяқ өнер көрсетулеріне келіскеніңіз абзал. Алматы мен Астананың арасында жүретін жұпты қай қалаға шақырсаңыз да жол-пұлы аталған гонорардың ішіне кіреді.

Кейінгі жылдары Нұрлан Әлімжанмен қолтықтасып жүруді әдетке айналдырған Айгерім Қалаубаева да әнімен, сәнімен қыз ұзатады. Қылықты қыздың сыңсу айтуы ақысы – 1 млн теңге.

Қ
А.Қалаубаеваның инстаграм парақшасынан

Бұл сомаға екі ғана ән айтады, қызды алдымен залға кіргізеді, соңында шығарып салады. Егер қуанышыңыздың арасында ырғақты ән айтып, тойды жандандыра түссін десеңіз 1 млн 500 мың төлеуіңізге тура келеді. Бұл сомаға ұзын саны бес ән шырқап береді.

Мәдина Сәдуақасова да әріптестерінен қалмай, қыз ұзатып жүр. Егер кеш басталғанда қызды ортаға алып шықса – 800 000 мың теңге. Ал той барысында ән айтып, бұған қоса қызыңызды құдалармен бірге әнімен шығарып салғыңыз келсе 1 млн 200 мың теңге төлейсіз.

С
М.Сәдуақасованың инстаграм парақшасынан

Ұзатылар қызды залға кіргіздіріп, қуаныш ортасында ән айтқызып, кешкісін сыңсумен шығарып салдырып, үш блокта шырқатқыңыз келсе, онда 1 млн 500 мың теге бересіз. Бұл сома үшін шоу-бизнес өкілі жеті түрлі әнге салады.

Өткендегі екеуара тартыста директоры «тойдан шықпайды» деп кіналаған Наркенже Серікбаева да қыз ұзатады. Шырайлы Шымкенттен келіп өнер көрсететін өнер иесінің алар ақысы – 1 млн 500 мың теңге.

С
instagram.com/narkenjeserikbaeva

Бұл ақы үшін қызды залға крігізеді, сосын бір екі тілектен соң тағы әнге салады. Егер әншінің той соңына дейін қалып, қызыңызды әнімен ұзатқанын қаласаңыз онда 1 млн 800 мың теңге ұстатасыз. Бастан-аяқ 5-6 ән шырқайды. Жолкүресі гонорар ақысының ішіне кіреді.

Бұл – әншілердің әкімшілері берген ақпар. Аталған сомалар үшін бірде-бір әнші жанды дауыста ән айтпасын аңғардық. Тіпті, кейбірі «бұл байқау емес қой, сондықтан алдын ала жазылған дауыспен айтады» деп қалды. Ендеше, қып-қызыл ақшаға алыстан атақты әншіні алдыртудың қажеті қанша? Дұрыс-бұрысын өзіңіз бағамдаңыз.