15 Наурыз 12:16
...

Дайдидау-ай: Димаштың отбасының мейрамханасынан қанша теңгеге ауыз ашуға болады?

Ресторан
Фото: ғаламтордан

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейрамхана мен тамақтану орындарының иелерін халыққа бағасы арзан, қарапайым ауызашар мәзірін ұсынуға шақырды. «Жүрегінде мейірімі бар адам өзге жандарға мейірімін төгу арқылы өзі де Жаратушының мейіріміне бөленеді», – деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

NEGE тілшісі кафе, мейрамханасы бар бірқатар өнер иелеріне хабарласқан. Көпшілігі арнайы ауызашар мәзірін жасамаған боп шықты. Күнделікті баға – ауызашар бағасы. Ал Димаштың әке-шешесі Қанат-Света Айтбаевтарға тиесілі Астанадағы «Дайдидау» мейрамханасында ауызашарға арнайы мәзір бар екен, мейрамхана әкімшісі сұрағымызға мүдірмей, жауап қатты. 

– Бізде ауызашарға арналған мәзір түрлері бар. Бағалары 12-14 мың теңге арасында. Бағасы сапасына сай. Ішіне салат, десерт, бауырсақ, шай, сусын, құрма, тоқбасармен қатар сұйық әрі қою тағамдар кіреді. Егер ол тағамдарды жалпы мәзірден жеке таңдайтын болса, бағасы өседі. Сондықтан ауызашарға арналған жеке мәзір әзірлеуге тырыстық. Мейрамхана иелері түрлі қайырымдылық шараларын өткізіп тұрады. Жуырда ауызашар бердік.

Кафе
мейрамхана әкімшісі

Белгілі актер Қайрат Әділгерейдің Алматы қаласының ортасында «Ірімшік» атты кафесі бар, оның да мәзірін көрдік.

Кофе
Фото: ғаламтордан

– Бізде ауызашар мәзіріне арналған сеттер бар. Бағасын басшылық өзі реттейді. Мәзірдің ауысқанына байланысты бағалар сәл көтерілді. Ауызашар мәзірінің бағасы – 5990 теңге. Оған құрма судан бастап, салат, бірінші және екінші тағам мен шай кіреді.

кафе
Кафе әкімшісі

Әнші Бейбіт Көшқалиев «егер ресторанның иесі болсам, ауызашар бағасын арзан жасар едім» дейді.

Әнші
Б.Көшқалиев. Фото: ғаламтордан

Менің ашқаным – кофе ішетін жер. Бірақ бағасы қалтаны қағады деп айта алмаймын. Егер әрине, мейрамхананың қожайыны болсам, халыққа жеңілдік жасаған болар едім. Бұйырса, оны да іске асырармыз. Негізі, бизнес нарыққа байланысты бағамдалатын болғандықтан, ешкімге жөн сілтей алмайсың. Дегенмен, Рамазан айында сараңдықты қоя тұрып, бір ай сауапқа кенелген дұрыс деп ойлаймын. Шүкіршіл адамға он бір айдың да табысы жетеді. Алла қаласа еселеп те береді. Мұны түсіну үшін білім мен жүрекке иман керек. Сондықтан мүфтият көтерген мәселені толық құптаймын, – деді әнші.

Ал Ерлан Көкеев мейрамхана бизнесін тоқтатыпты.

Әнші
Е.Көкеев. Фото: ғаламтордан

– Мен мейрамхана бизнесін доғардым. Бір байқағаным, кейбір жандар рухани байлық пен материалды байлықтың ара жігін ажырата алмай жатқан сияқты. Көпшілігі Рамазан айын пайдаланып, көп табыс табуға тырысады. Мұны өз басым құптамаймын. Алланың бізге жасаған мейірімі мен жомарттығы үшін сауапты іс жасау арқылы алғыс айтуымыз керек. Сондықтан айналамызға қайырымды іс жасағанымыз абзал болар.

Жағдай келіссе, беруге тырысқанымыз жөн. Қанша мал-мүлік жинасақ та маңдайымызға жазғаннан артық жей алмаймыз, өзімізбен бірге алып та кете алмаймыз. Сондықтан бұл өмірге қонақ екенімізді ескеруіміз керек. Барлығы уақытша, бергенге шүкіршілік жасау керек. Байлық адамның қалтасында емес, санасында, жүрегінде. Ал материалдық дүние қалай келсе, солай кетеді, – дейді ол.