6 Шілде 13:13
...

Шыңғыс Рамазан: Комедиясымақтар дәуіріне нүкте қоятын біз боламыз!

Фото:

Қазақ киносы соңғы кезде жиі талқыланып жүрген тақырып.  Әсіресе «комедия жанрындағы фильмдердің көп түсірілуі қазақ киносын дамытып жатыр ма, әлде бизнестің көзі болып кетті ме?» деген сауал қай-қайсымыздың көкейімізде жүргені белгілі. Қазақ киноиндустриясының бел ортасында жүрген жас сценарист –Шыңғыс Рамазанды әңгімеге тарттық.

Рамазан Шыңғыс Нұрланұлы - ШҚО Аягөз қаласының тумасы. Қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының 4 курс студенті.

«Академияға түскен жылдан бастап өзімді жан-жақты сынап, киноны зерттеп, қысқаметражды фильм мен роликтер түсіре бастадым. Бірінші курс тәмамдалып, жазғы демалыс бастала салысымен Хабар телеарнасының тапсырысымен түсіріліп жатқан ауқымды сериалға жұмысқа тұрдым. Осылайша менің тәжірбие алмасудағы карьерам басталды деуге болады. Кейінірек, бұл саланың ішкі бағдарламасын түсініп алған соң: Ұлттық арна, Астана ТВ, Балапан, Алматы телеарналарының төл туындыларында жұмыс істедім. Былтыр үшінші курс соңында тұңғыш рет елімізде «зомби апокалипсис» жанрының «дәмін татып», қысқаметражды «Періште» фильмін түсірдім. Өткен жыл да мен үшін табысты болды. «Немене» телехикаясында екінші режиссер болдым. Той Думан телеарнасына дебютті клипімді де түсіріп үлгердім. Бұл күндері анимациялық фильмнің сценарийін жазу үстіндемін. Ауру-сырқаудан аман болсақ, алдағы уақытқа жоспар өте көп!»

– Сценарий жазу қай кезден басталды?

– Негізінде, бірі сенеді, бірі сенбейді. Ол үшін бәрін жетектеп жүріп анамның сандығындағы қағазы жұқарған қалың дәптерлерді көрсету керек шығар. Ешкімге еліктемедім, еліктегім де келмейді. Мен 3 сыныптан бастап дәптер шақ келтірмейді екем. Жаза бергем ғой. Ертегі,  аңыз, күлкілі һәм қорқынышты әңгімелер де жазыппын. Кейде елестетіп отырып, соның барлығының суреттерін салатынмын. Сол бала күннен жазуға құштарлығым: қазір сценарий жазуымның себебі болды. Қарап отырсам, жанрдың не екені ол кезде мұрныма келмесе де, сезілгендей. Ертегім – фэнтези, күлкілі әңгімем комедия, қорқыныштысы – хоррор, салған суреттерім – расскадровка болыпты.

– «Жанр» деп қалдың. Қазір қазақ киносы десе, көзге «комедиядан» басқа ештеңе елестемейтін секілді. Біздің продюсерлер бір жанрдың айналасынан шыға алмай қалған жоқ па?

– Қазақ киносына жанр жетіспейді. Тіпті комедия да жоқ деуге болады. Қазіргі фильмдерді комедия деп айту қиынырақ. Кинемотографияда ең қиын жанрдың бірі – комедия. Бірақ, біздегідей комедия емес. Бізде астарлап күлдіріп, ой салатын қара юморлі комедия жоқ. Біздің көріп жүргеніміз: көңіл көтеру үшін, попкорн жеп, сол күнді күлкілі өткізу үшін көруге болатын фильмдер деп қана айта аламын. Мен қазіргі жас буынға, яғни, өз қатарластарыма үлкен үміт артамын. Комедиясымақ дәуірге нүкте қоятын біз боламыз. Түрлі жанрды қазақ киносына енгізіп, сан емес, сапасы бар фильмді дүниеге әкелеміз.

– Сен айтқан дәуір бізге қашан келеді?

– Кейде көршілес өзбекстандық фильмдерге ауызым ашыла қарап қаламын. Тұнып тұрған мағыналы кадр, белгілі бір режиссура, естен тандырарлық актерлік ойын жоқ. Бірақ әлгі фильм сені баурап қана қоймай, ойландырады. Неге? Себебі сценарийінде. Өзбекфильм сценарийдің маңызын біледі. Хичкок атамыз айтқандай: «сценарий, сценарий және сценарий!». Біздің елде білікті сценарист аз. Сондықтан телехикаяларымызда сценарийлер әлсіз. Оны мойындау керек. Дегенмен осыдан 10 жыл бұрынғы Қазақ киноиндустриясы мен қазіргінің арасы жер мен көктей. Бұл тұрғыда уақыттың емші екендігі даусыз. Зерттеу керек, жәй еңбектеніп қана қоймай, іздену керек. Жастарға сенім арту қажет. Сол кезде түрік пен үнді фильмі бізді бәсекелес ретінде көретін болар.

– «Сцениарий маңыздылығы 1 орында» дедің. Осыны нақтылап кетейікші. Сонда сценарий жазғанда сценарист қандай нәрселерге баса назар аударуы керек? 

«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын», – демей ме?! Кәсіби мамандарға, драматургияның қыр-сырын білетін драматургтерге сенім артқан жөн. Сондай-ақ, кітап оқыған, ой өрісі кең, түрлі жанрдағы фильмдерді көп қараған сценаристерге жүгіну керек. Қазіргі сапасыз фильмдердің сценаристері – білімі айтарлықтай жеткілікті емес адамдар.

Сценарист – ол фильмнің барлық сюжетін елестете білуі керек.

Сценарист – ол әр персонаждың ішкі жан сырын түсінуі шарт.

Сценарист – ол «фильм» атты алып үйдің іргетасын қалайтын жалғыз жауапты адам.

Сценарий жазғанда ең бірінші ескеру керек дүние – сезіну. Сезініп, жүрекпен жазу. Драматургиясы бар, белгілі бір шиелесенісі, шарықтау шегі бар, басы мен аяғы бар сценарий – ол білікті hәм білімді сценаристің жазғаны.

– Қортындылай келе, өзіңнің ішкі ойыңмен, сезіміңмен бөліссең. Біздің сұхбатты оқыған адам нені түсінуі керек, қандай көзқарас қалыптастыруы қажет?

– Айтарым, қазіргі таңда шынайы сұхбатқа ештеңе жетпейді ғой. Шынайы сұраққа – шынайы жауап бердім деп ойлаймын. Біз әлі жаспыз. Білгенімізден, білмегеніміз көп. Өсіп-өнуіміз болашақтың еншісінде. Жас мамандардың өз ойын естіп, осындай қысқа да болса шынайы сұхбат алғаныңа рақмет!

Бұл сұхбатты оқыған адам: жастардың талғамы жоғары екенін, олардың қолында қазақ киносының болашағы барын біліп, сенім артса жетіп жатыр. Қазақ киносын қолдауға шақырамын!

Рақмет, Шыңғыс!

Сұхбаттасқан Рысбек Арапханұлы

Тегтер: