22 Қыркүйек 15:26
...

«Шатыры» темір «Атамекен» НЕГЕ ешкіммен сыйыса алмады?

Фото:
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Атамекен» палатасының құрылуын «өндірістік саясатты қалыптастыру жолындағы проблема» деп атады. Бұл туралы

ҚазТАГ жазды. Палатаның қоғамдық дауларға машықтанып алғанын ескерсек, ол жөнінде де палата жақын күндері министрлікке жауап қатары сөзсіз.

Әңгіме Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ИИДМ) «Индустриялық саясат туралы» заң жобасын әзірлеуінен шығып отыр. Оның талқылауға ұсынған тұжырымдамасының кіріспесінен-ақ ИИДМ «Атамекеннің» құрылуының өзі қателік екенін айтудан бастайды.

«Шын мәнінде, қазір ИИДМ мен «Атамекен» ҰКП арасында олардың ортақ мақсаттары сәйкес келетіндіктен ішінара бәсекелестік бар», – дейді ИИДМ ұсынған тұжырымдамада.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арасындағы салқындық мемлекеттің экономикалық саясатында ұзақ мерзімді мақсат қойылмағанын көрсетеді», – деген пікірде қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов.

«Атамекен іс жүзінде кәсіпкерлік министрлігі болып отыр. Ал ИИДМ – көптеген салаларды бақылайтын, қаптаған комитеттерден тұратын үлкен министрлік. Бүгін бе, ертең бе, бәрібір осы екі алпауыттың қақтығысатыны сөзсіз еді»

«Кейде бір орында тұру үшін тез жүгіру керек. Біз қазір «Атамекеннің» өзінің трансформациясынан кешігіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл жерде, менің ойымша, кәсіпкерлер палатасы ескеруі тиіс үш бағыт бар», – деп түсіндірді Nege.kz сұрау салған «Ұлағат консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов.

Оның айтуынша, ең алдымен, кәсіпкерлерге кеңес беру қызметін ұсыну кезінде онлайн-технологиялар мен терең сараптамаға тезірек көшу қажет. Бұл ретте тек онлайн кеңес беру ғана емес, сонымен қатар жиі қойылатын сұрақтарды анықтап, олардың жауабын жариялау, бәріне түсінікті бейнероликтер әзірлеп, тарату жұмысына назар аудару маңызды.

«Екіншіден, кәсіпкерлер палатасына нормативтік құқықтық актілерді бекіту кезінде талдамалық және зерттеу жұмыстарын күшейту керек. Себебі министрліктер заңдар мен нормативтік құқықтық актілерді әзірлеген кезде зерттеу жұмыстарына назар аудара бермейді. Олар көбіне шулап жүрген лоббисттердің көңілінен шығу үшін немесе олардың қате гипотезаларына сүйене отырып, заңдар әзірлейді. Нәтижесінде сала мен ондағы кәсіпкерлер зардап шегеді»

«Бұл дауда бір тарапты жақтау шығу қиын. Себебі «Атамекеннің» құрылуының өзі – министрліктердің бизнес үшін көптеген проблема тудырып отырғанын мойындау еді», – дейді Расул Рысмамбетов. Кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде мемлекет пен бизнес арасындағы байланыс көпірі ретінде қарастырылады. Демек, егер министрліктер сапасыз жұмыс істесе, «Атамекен» үлкейе беретін болады.

«Үшіншіден бізге салалық бизнес-қауымдастықтарды дамытудағы ұзақ мерзімді жұмыстар керек», – деп жалғастырады Марат Қайырленов. «Атамекен» палатасы іскери қауымдастықтардың ұйымдастырушылық және қаржылық әлсіздігін уақытша шешу ретінде құрылған болатын. Қазір түрлі бизнес-қауымдастықтардың әр түрлі даму деңгейінде екендігі түсінікті. Бірақ алдымен олардың даму деңгейі мен палатадан алатын қолдау құралдарын анықтап алу керек».

«Жалпы, егер өзгеріп үлгермесе, «Атамекен» өзінің негізгі функциясын жоғалтып алуы мүмкін. Оған палатаның өзі жол бермеуі қажет»

Расул Рысмамбетовтың ойынша, идеалды, дұрыс мемлекетке «Атамекеннің» еш қажеті жоқ. Себебі онда министрліктер бизнеске қолайлы жұмыс істер еді.

«Меніңше, ерте ме, кеш пе, үкіметтің құрылымын бизнеске жұмыс істеуге ыңғайлы етіп қайта қарау керек. Сонымен қатар, аймақтағы әкімдіктердің құрылымы мен функцияларын қайта қарау қажет. Олар да бизнестің дамуына тұсау болып отыр», – дейді Расул Рысмамбетов.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үлкеюі мемлекеттік органдар үшін кәдімгідей проблема болып отырғанын Nege.kz бұған дейін де жазған. Биыл «Атамекен» «Бәйтерек» холдингінің «күшін сынап» көрген еді. Нәтижесінде «Бәйтерек» «ҚазАгромен» бірігіп, дербес институт ретінде сахнадан кетті.

Ұлттық палатаның саяси салмағы ауыр, артында тұрған күштердің өте қуатты екенін ескерсек, шымылдықтың арғы жағында тағы бір текетірестің әлдеқашан басталып кеткенін байқауға болады.  

Тегтер: