25 Мамыр 17:48

Цойдың болжамдары НЕГЕ үштен аспайды?

Фото:

Әлемді шарпыған індеттің беті қайтар емес. БҰҰ-ның санитария және су жөніндегі серіктестігінің төрағасы Кевин Радд Project Syndicate журналында жарияланған мақаласында бұл індеттің арамызда мәңгі қалатынын ескертіпті.

Оның тәпсірлеуінше, «мәңгілік індетті» дамыған елдер байқамауы да мүмкін. «Қазір Оңтүстік Азия елдерінде болып жатқан гуманитарлық апаттың халыққа тигізер зардабы көп. Әсіресе, Үндістан континентіндегі жұрттың қалай қырылып жатқаны көз алдымызда. Ауруханада орын жоқ, оттегі жетіспейді. Непалда тест тапсырған әрбір екінші тұрғын вирус жұқтырған. Ол ол ма, бұл елге екпе жеткізу желілері жабылып қалды», – дейді маман.

Үндістан. Фото: РИА Новости.

Індеттің өршуіне басты кедергі – вакцинаның жетіспеуі. Маман Оңтүстік Азия елдерінде екпе алғандардың үлесі 10 пайыздан аспайтынын айтады. «Сондықтан біз бұл елдерге көмектесуіміз керек. Әйтпесе, бүкіл адамзатқа қауіп төніп тұр. Әлем халқы АҚШ-тың және жүздеген әлем елінің Дүниежүзілік сауда ұйымынан уақытша бас тарту идеясын қолдап, бар мүмкіндікті екпе жеткізуге тырысқанын қолдаймын. Ал жер бетіндегі адамзатты қорғап, вирустың өршуін тоқтатып, оның мутацияға айналып кетпеуін ойламасақ, бұл «мәңгілік індет» болып қала бермек», – деді.

Шынында да, жер-жерде індеттің мутацияланған жаңа түрі көбеюде. Ұлыбританияда пайда болған коронавирустың «үштік мутациясы» үрей туғызып отыр. Йоркшир мен Хамбер қаласында VUI-21MAY-01 немесе AV.1 штаммы 49 адамнан анықталды.

Шеффилд қаласының қоғамдық денсаулық сақтау қызметі директоры Грек Фелл жаңа мутацияны зерттеу барысында оның жылдам таралмайтыны туралы айтқанымен, сақтық шараларын бәсеңдетпеуге шақырды.

Айта кету керек, індет басталғалы бері Ұлыбританиядан вирустың бірнеше түрі шыққан. Былтыр жыл соңында B.1.1.7 «британдық» түрі анықталса, 2021 жылдың басында Бристол және Ливерпулде жаңа екі мутация таралды. Үшіншісі – VUI-21MAY-01 немесе AV.1 штаммы.

Цойдың болжамы шындыққа жанаса ма?

ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жаңа 3 болжам айтты.  

1. Пессимистік сценарий бойынша, екпенің тиімділігі 60 пайыздан кем болмаса, онда маусым айында вирус жұқтырғандар саны 95 мың адамға жетпек.

2. Шынайы сценарий бойынша, вакцина тиімділігі 80 пайыздан төмен болмаса, маусым айында 69 мың адам вируспен ауырады.

3. Оптимистік сценарий бойынша, вакцина тиімділігі 95 пайыз болса, маусым-қыркүйек айында вирусқа шалдыққандар саны шамамен 61 мың адам болмақ.

«Бұл үш сценарийдің жүзеге асуы тұрғындардың екпе алуға деген белсенділігіне байланысты. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар халықтың вакцина алуын қамтамасыз етуге қатысты ақпараттық-түсіндірме жұмысын жүргізуі керек», – деді министр.

Оның айтуынша, бүгінде екпенің 3 млн дозасы салынды. «Бірінші компонент бойынша 2 015 053 адам, екінші компонент бойынша 949 802 адам екпе алды. Қазір екпе салу пункттерінде доза жеткілікті. Бірінші компонент бойынша 320 мың, екінші компонент бойынша 650 мың доза бар. Бұған қосымша Қарағандыда өндірілген «Спутник V» екпесінің 1,7 млн дозасы кестеге сәйкес еліміздің өңірлеріне жеткізіледі», – деді А.Цой.

Жұрттың екпе алуға ықыласы соншалықты ауа қоймаса да, билік түрлі амал-әрекет арқылы қызықтыру жолына көшті. Мәселен, сауда орындары мен базарларда екпе салған адамдар арасында ұтыс ойындары ұйымдастырылып жатыр. Кеше Алматыдағы ЦУМ (ОӘД) сауда үйінде «Covid-19-ға қарсы вакцинаны тегін салдырып, iPhone 12 сыйлығын ұтып ал» деген сияқты жарнама үлгісін де қосты. Бұдан кейін екпе салғызушылар саны арта ма, жоқ па белгісіз. 

Жақсылық Досқалиев, Денсаулық сақтау экс-министрі:

Екпені жыл сайын алып тұру керек

– Біріншіден, «мәңгілік індет» деген термин жоқ. Орыстың «век» деген сөзі жүз жыл дегенді білдіреді. Ол біздің арамызда жүз жыл бола ма, мың жыл бола ма, ешкім болжай алмайды. Індет бүкіл әлемге, ал эпидемия – бір өңірге ғана тарайды. Бірақ Covid-19 инфекциясы өте қауіпті екенін көрсетті. Бұдан құтылатын жол – екпе. Бүкіл әлем халқының вирусқа қарсы тұратын иммунитеті 70 пайыздан төмен болмау керек. Сонда ғана вирустың күші әлсіреп, қатері азаяды.

Алайда, вирус бізден ешқайда кетпейді. Меніңше, екпені жыл сайын алып тұрған дұрыс. Екпе салғаннан кейін жасанды иммунитет пайда болады. Бірақ оның күші қанша уақытқа жететінін ешкім зерттеген жоқ. Тіпті, мамандар екпе алған адам қайта ауырмайтынына 100 пайыз кепілдік бермейді. Десе де, вирусты қайта жұқтырған адам жеңіл өткізеді. Өлім аузына бармайды.

Министр Цойдың болжамы математикалық негізге сүйенген. Пікірі дұрыс. Екпені неғұрлым тез салдырсақ, вирустың таралуы соғұрлым азаяды. Сондықтан екпеден қорқатын ештеңе жоқ. Алыпқашпа әңгімеге сенбеу керек.

Қараңызшы, Үндістанда коронавирустың жаңа мутациясы пайда болып, қара зеңнен қаншама адам көз жұмып жатыр. Бұл Covid-19-дан да қауіпті. Екпе салдырайын десе, жетпейді. Ал бізде халықтың саны көп емес. Балаларды алып тастағанда, 12-13 млн халықтың екпе салдырып, аман-сау жүргені қажет.

Қайырғали Конев, балалар невропатологы:

Цойдың болжамының шикі тұсы бар

– Цойдың болжамының шикі тұсы бар. Ресми мәлімет бойынша, осы күнге дейін 376 мың адам вирус жұқтырды. Министр «егер халықтың 80 пайызы екпе алса, 70 мың адам ауырады» дейді. Бұл дұрыс болжам емес. Бір жарым жылдың ішінде шамамен 400 мыңдай адам ауырса, сонда халықтың 80 пайызы екпе алса да 70 мың адам ауыра ма? Сонда бұл екпенің тиімділігі болмайды деген сөз бе?

Вакцина алмаса да, 4 айдың ішінде осыншама адам ауырады деп ойламаймын. Қазір халықтың көбі ауырып тұрды. Ұжымдық иммунитет қалыптасты.

Ал 80 пайыз халық екпе алған кезде де күніне әрі кетсе 300-400 адам ауыруы мүмкін. Сонда есептесек, 4 айда шамамен 30 мыңдай адам ғана ауырады. Сосын алдыңғыдай ауыр түрінде емес, жеңіл өтеді.

Министрмен келісетін тұсым – екпені тездетіп алу керек. Бұл вирустың таралуын тежейтін бірден-бір жол. Ол үшін халық белсенді болуы тиіс.

Тегтер: