26 Қаңтар 08:17

Министр Цой НЕГЕ халықты «тәжірибе жасайтын тышқан» санайды?

Фото:
1 ақпаннан

жаппай вакцинация басталмақ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жуырда Қарағандының фармацевтикалық комплексі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры меморандумға қол қойып, «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын сатып алатынын мәлімдеді. Министр Цойдың өзі осы вакцинаны салдыра ма? Әлде...

Министрлік ең алдымен кімдерге салатынын да тізімдеп қойыпты. 1 ақпаннан бастап ең алдымен инфекциялық ауруханалардағы медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем қызметкерлеріне, жан сақтау бөлімі, ПМСП дәрігерлеріне және санэпидемстанса қызметкерлеріне салынбақ. Бұлардың саны шамамен 100 мың адам.

Nege.kz порталы министрлік сатып алмақ вакцинаның сапасы мен жаппай вакциналауға қатысты министр Алексей Цойдың жеке өзінің атына 15 қаңтарда ресми сауал жолдаған. Сауалымызға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасы А.Есмағамбетовадан жауап келді. Сұрақ-жауаптың бас-аяғы төмендегідей:

Отандық вакциналар туралы деректер құпия ма? Ол туралы ашық ақпарат көздерінде неге айтылмайды?

– Отандық вакцинаны тіркеуге және пайдалануға қатысты мәліметтер ашық ақпарат болып табылады, осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі вакцинаны әзірлеген сәттен бастап бұқаралық ақпарат құралдарында клиникалық зерттеулердің барысы туралы ақпаратты мерзімді түрде жариялап отырады.

– COVID-19-ға қарсы Қазақстан ғалымдары 4 бірдей вакцина әзірлеген көрінеді. Бұл рас ақпарат па? Рас болса, қайда дайындалып жатыр?

– Қазіргі уақытта әлемде коронавирустық инфекцияға қарсы 200-ден астам кандидат вакцина әзірленуде, олардың 130-дан астамы клиникаға дейінгі зерттеу сатысында, 60-тан астамы адамдарда клиникалық зерттеу сатысында.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген коронавирустық инфекцияға қарсы кандидат вакциналардың қатарында қазақстандық өндірістің 5 кандидат вакцинасы бар. Біріншісі – клиникалық зерттеу сатысындағы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі – БҚП ҒЗИ) әзірлеп жатқан белсенділігі жойылған вакцина.

Қалған төртеуі клиникаға дейінгі зерттеу сатысындағы:

1) Огайо штатының университетімен (АҚШ) бірлесіп, Қазақ ұлттық аграрлық университеті;

2) Қазақ ұлттық аграрлық университеті;

3) М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы;

4) БҚП ҒЗИ әзірлеп жатқан суббірлікті вакциналар.

– Біздің вакциналардың қандай артық-кем тұстары бар? Ол ағзаға қалай әсер етуі мүмкін?

– «QazCovid-in» КВИ-ға қарсы отандық вакцинасы белсенділігі жойылған вакцина болып табылады.

Белсенділігі жойылған (өлтірілген) вакциналарды бактериялар мен вирустардың иммуногендік қасиеттерін сақтай отырып, оларды толық залалсыздандыру жолымен алады, яғни вакциналардың құрамында өлі микроорганизмдер болады.

Осыған байланысты, белсенділігі жойылған вакциналар вакцинамен ассоциацияланған ауруларды тудырмайды.

Белсенділігі жойылған вакциналарды қолдану өлім-жітім пайызы жоғары болатын инфекциялық аурулардың өршуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

– Қарағанды фармацевтикалық кешенінде Ресеймен арадағы келісім бойынша жүзеге асып жатқан «Спутник V» вакцинасы туралы не айтасыз?

– Қазіргі уақытта Қазақстанда Н.Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы (Ресей) әзірлеген «Спутник V» КВИ-ға қарсы вакцинаның өндірісін шоғырландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Вакцина Ресейде жүргізілген субстанцияны пайдалана отырып, Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілетін болады. Алғашқы тәжірибелік партиясы 2020 жылдың желтоқсанында шығарылды және әзірлеушінің зертханасына бақылауға жіберілді. Халықты иммундау үшін осы вакцинаның партиясына шамамен 2021 жылғы ақпанда қолжетімді болады деп болжанып отыр.

– «Спутник V» вакцинасын Ресейде тіркеуге дейін клиникалық сынақтың тек екі фазасынан ғана өтті. Яғни сынақ тек ондаған адамға ғана жүргізіліпті. Бұл тұрғыда пікіріңіз қандай?

– 2021 жылғы ақпаннан бастап ҚР-да Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталады. Аталған  вакцинаның Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өткенін және соңғы айларда өндіруші елде халықтың осал топтарын вакцинациялау үшін сәтті қолданылып келе жатқанын айта кету керек. 2021 жылғы 10 қаңтарға осы вакцина 1,5 млн адамға егілді.

Бұдан басқа Ресей тікелей инвестициялар қорының ақпаратына сәйкес, 50-ден астам ел «Спутник V» вакцинасын сатып алуға өтінім берген, кейбір елдерде (Беларусь, Аргентина, Сербия) осы вакцинаны қолдану арқылы  вакцинация басталды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тіркелмеген дәрілік заттарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы бар дәрілік заттың сапасын растайтын өндіруші құжатының электрондық көшірмесінің (талдау сертификаттары немесе сынақ хаттамасы немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты) болуы міндетті. Жоғарыда айтылғандардың негізінде «Спутник V» вакцинасын медицинада қолдану оның тиімділігін, қауіпсіздігі мен сапасын бақылай отырып  жүргізілетін болады.

Вакцинаны халыққа жаппай салу міндеттеле ме?

– Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тек егілетін адамның ақпараттық келісімімен ғана ерікті негізде тәуекел тобының адамдарына ұсынылады.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 77-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының профилактикалық вакцинация алудан бас тартуға құқығы бар.

– Сіз неге отандық екпені салдырмадыңыз?

– Денсаулық сақтау саласының қызметкері ретінде мен де біздің барлық медицина қызметкерлеріміз сияқты тәуекел тобына жатамын. Сондықтан, қандай да бір вакцина мемлекеттік тіркеуден өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдегеннен кейін барлығымен қатар КВИ вакцинасын аламын.

Ресми сауал министр А.Цойдың атына жіберілгенін жоғарыда айттық. Жауап берген – Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы А.Есмағамбетова. Цой әлі екпе салдырмағанын, вакцинаны «тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана» алатынын айтты және оның сөзінен түсінгеніміз, алдымен «адамдарға қалай әсер ететінін» байқап көрмек. Министр Цой комитет төрағасы Есмағамбетованың да «аузына түкіріп» қойса керек, ол да соны қайталап отыр.

Сонда министр Цой мен оның қарамағындағы қызметкерлері қарапайым халықты «тәжірибе жасайтын тышқан» санай ма? Ал егер халық әлгі мақтаулы вакцинаны ең алдымен Цойдың өзіне салып тексеруді талап етсе ше?..

Тегтер: