Үлкен соғыс: Иран Израильді баллистикалық зымыранмен дүркін-дүркін атқылап жатыр

Иран билігі Израильге қарай дүркін-дүркін баллистикалық зымыранмен атқылап жатыр. Бұл туралы Иранның ресми билігі мәлімдеме жасаған соң-ақ әлемнің белді ақпарат құралдарының бәрі жарыса ақпарат таратуда.
Алматы, NEGE. Израильге қарай бағытталған зымырандардың бірқатары көздеген жерге дөп түскен сыңайлы. Мәселен, ЦАХАЛ (Израиль әскері) өкілі тікелей эфирде брифинг өткізіп жатқанда шабуыл басталғанын, брифинг аяқ асты үзіліп қалғанын ВВС хабарлады.
Кейбір деректерге қарағанда, алғаш жіберілген жүзден астам баллистикалық зымыранның бірқатары Тель-Авивтің орталығына түскен. Солардың кемі екеуі Израиль қорғаныс министрлігінің Тель-Авивтегі штаб-пәтерін қиратқан. Бұл туралы израильдік 13-телеарна хабарлады.
Шабуыл кезінде штаб-пәтерде Израиль әскерінің барлық қолбысшылары мен елдің саяси басшылығы болған көрінеді.
Иран билігі бұл операцияны «Қатаң жазалау» деп атап, алғашқы қарымта қайтарудан соң іле-шала тағы жүз баллистикалық зымыран Израильге қарай ұшырылғанын хабарлады.
Осы сәтте Израиль жалпыұлттық әуе дабылын қағып, халықты жертөлелерге жасырынуға үндеп, бұл шабуылдың жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді. Соңғы деректерге қарағанда, Тель-Авивте бірқатар ғимараттар қирап қалған.
Иран екінші рет атықылаумен тоқтаған жоқ, әлемдік БАҚ Израильге қарай дүркін-дүркін зымырандар ұшырылып жатқанын хабарлауда. Зымырандардың кейбірі тұрғын үйлерге түсіп жатыр.