Еңбекшілердің халықаралық күні: 1 мамыр басқа елдерде қалай тойланады?

1 мамыр жай ғана күнтізбедегі күн емес, бұл күн әлемнің көптеген елдерінде ерекше мағынаға ие. Бір жерде ол шерулер мен ұрандардың күні, басқа елдерде тыныштық пен отбасылық демалыс күні, ал кейбір халықтар үшін еңбек адамына деген құрмет пен әділетті қоғамға деген ұмтылыстың белгісі. Бұл мейрам күрестен бастау алғанымен, оның қазіргі мағынасы мен атап өтілуі сол елдің ұстанған саясатына байланысты.
Қазақстанда 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бұл күн басқа мемлекеттер үшін қандай мән-маңызға ие? Атаулы күнге орай NEGE тілшісі шетел азаматтары арасында сауалнама жүргізіп көрді.
АҚШ: Еңбекшілер ынтымағы күні
– 1886 жылы 1 мпамырда АҚШ-тың Чикаго қаласында жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, ереуілге шықты. Бейбіт шеру Хеймаркет алаңында полициямен қақтығысқа ұласып, адам шығынымен аяқталды. Осы оқиғаны есте сақтау үшін 1889 жылы Екінші Интернационал 1 мамырды Халықаралық еңбекшілер ынтымағы күні деп жариялады, – дейді АҚШ азаматы Брэндон Саттон.

Алайда, АҚШ-та 1 мамыр ресми мереке ретінде мойындалмаған. Бізде Еңбек күні қыркүйек айында тойланады. Ал басқа құрлықтарда бұл күн қоғамдық өмірдің айнасына айналып, түрліше қабылдануда.
Аргентина: Қанмен келген Еңбек күні
– Мен үшін 1 мамыр – біз үшін өте маңызды күн, себебі еңбек – Құдаймен бірге сұлулық жасау өнерін бөлісудің бір жолы. Аргентинада, бұл күн ерекше маңызды, өйткені біз үш диктатураны бастан өткердік: 1955-1958, 1966-1971, 1976-1983 жылдары диктаторлар мыңдаған жұмысшыны өлтіріп, еңбек құқықтары мен еңбек заңдарын жойып, жұмысшылар қозғалысын құртуға тырысты. Осы күрес жолында шейіттер аз емес, біз оларды еске аламыз, елді әлеуметтік әділет, еңбек және отбасымыздың бақыты жолындағы күреске жұмылдырғымыз келеді.

Франция: Ландыш гүлдері мен ұрандар күні
– Францияда 1 мамыр – мемлекеттік мереке. Бізде бұл күні ерекше дәстүр бар: бұл күні біз бір-бірімізге сүмбілгүл (фр. muguet) сыйлаймыз. Сол себепті 1 мамырда қала көшелерде гүл сатушыларды жиі кездестіруге болады. Бұл мереке бастапқыда Париж аймағында ғана атап өтілетін, ал бүгінде бұл мереке бүкіл Францияда кең тараған. Бұл ежелгі «мамыр ағаштары» дәстүрінің жаңғырығы, табиғаттың, гүлдердің құлпыруын қарсы алатын салт-дәстүр, – дейді Франция азаматы Александра Колев.

Үндістан: Жұмысшы табы күні
– Үндістанда 1 Мамыр – «Халықаралық еңбек күні». Бұл күн әртүрлі штаттарда түрлі атаумен атап өтіледі. Мысалы, Махараштра мен Гуджаратта бұл күн «Махараштра күні» және «Гуджарат күні» деп атайды. Себебі бұл екі штат 1960 жылы 1 мамырда құрылған. Бүгінде кейбір адамдар бұл күнді жай ғана демалыс ретінде қабылдайды, сол себепті оның бастапқы рухы әлсіреп бара жатыр. Бірақ ұйымдасқан жұмысшы табы мен кейбір әлеуметтік белсенділер бұл күннің маңызын сақтап келеді, – дейді Үндістан азаматы Ашутуш Мехра.

Бангладеш: Ресми мереке
– Бангладеш бұл күнді Халықаралық жұмысшылар күні немесе Еңбек күні ретінде атап өтеді. Бүгінгі Бангладеште бұл күн әлі де маңызды, бірақ көбінесе рәміздік деңгейде атап өтіледі. Түрлі еңбек ұйымдары митингтер, семинарлар мен пікірталастар ұйымдастырады, онда жұмысшылардың құқықтары туралы айтылады. Үкімет мекемелері, банктер және көптеген кәсіпорын жабық болады, себебі бұл күн – ресми мереке. Алайда қарапайым жұмысшылар, әсіресе, бейресми секторда еңбек ететіндер бұл күні де жұмыс істейді, бұл олардың әлі де қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғанын көрсетеді, – дейді бангладештік Мохаммад Омар.

Польша: Еңбек адамына құрмет күні
– Әлі есімде, әкем зауыт жұмысшысы еді, 1 мамырда мерекелік ақ жейдесін киіп, мақтанышпен демонстрацияға кететін. Әкем бұл ісінің дұрыс екеніне сенетін және еңбек адамы қандай да құрметке лайық деп есептейтін. Ал анам мұғалім еді, үнсіз күрсініп, мерекелік ас әзірлейтін. Өйткені, бұл ұрандардың тасасында әділетсіздіктің жасырынып жатқанын білетін. Балалық шақтағы естеліктер менің жадымда уақыттың символы ретінде сақталып қалды, бұл – ауыр болса да қадірі бар кезең.

1989 жылдан кейін Польша өзгерді. Біз идеологиялық қысымнан құтылдық, ал 1 мамыр өзінің бұрынғы саяси реңкін жоғалтты. Кейбіреулер бұл мереке жойылды, тек атаулы күн ғана қалды дейді. Бірақ мен үшін бұл күн жоғалған жоқ, тек түрленді, – дейді Польша азаматы Ивона Деска.
БАӘ: Ресми мереке саналмайды, бірақ мәнсіз күн емес
– Дубайда және жалпы Біріккен Араб Әмірліктерінде 1 мамыр – Еңбек күні ресми мереке болып саналмайды, мемлекеттік деңгейде атап өтілмейді. Бұл күнге байланысты демалыс берілмейді, әрі ол ұлттық күнтізбеде ерекше белгіленбеген. Эмираттардағы саяси жүйе – абсолютті монархия, мұнда кәсіподақтар мен еңбек қозғалыстарының дәстүрі дамымаған,– дейді Мухаммед Рагаб.

Редакциядан: Қазақстанда 1 мамыр – мемлекеттік мереке. Бұл күн Қазақстан халықтарының бірлігі күні ретінде аталып өтеді. Қазақстанда бұл мереке 1996 жылдан бері тойланып келеді. 1995 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Бұған дейін бұл күн посткеңестік кеңістікте дәстүрлі түрде Еңбек күні ретінде аталып келсе, тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан оны ұлттық келісім мен бірлікті дәріптейтін мерекеге айналдырды.