6 Мамыр 09:09
...

«Менің мақсатым ақша өндіру емес» – Жұлдыз Мақатаев блогерге қатысты соттың мән-жайын айтты

Ақынның ұлы
Фото: ғаламтордан

Былтыр 8 қазанда Әлішер Теменов деген блогер әлеуметтік желіде ақын Мұқағали Мақатаевтың дүйім қазақтың аузында жатталып қалған өлеңін былапыт сөздермен қорлап, бейнежазба жариялаған еді. «Мұқағали – сорлы еркек...» деп хайп қуамын деп, жұрттың ашуына тиіп, ызасын оятқан-ды. Іле-шала бұл бассыздыққа намыстанған ақиық ақынның ауылдастары блогер мен әкесін Қарасазға алдыртып, халықтан кешірім сұратты.

NEGE тілшісі «Осы күнге дейін алдыма келіп кешірім сұрамады» деп сотқа шағым түсірген ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевты аз-кем әңгімеге тартты.

– Жұлдыз Мұқағалиұлы, ақиық ақынның өлеңіне шүйлігіп, бейпіл сөздермен қорлаған блогердің үстінен сотқа шағым түсірген екенсіз. Бұл бейнежазбаны алғаш көргенде қандай күйде болдыңыз? 

– Қазір блогер дегендер аузына келгенді айтатын болыпты. Бұған бір тыйым керек сияқты. Әлішер Теменов деген жігіт әлеуметтік желіде тараған бейнежазбасында әкемізге тіл тигізіп, атымызға нұқсан келтірді. Алғаш көргенде қан қысымым көтерілді, күйзеліске ұшырадым. Қазір де осы туралы айтсам, қаным қайнап шыға келеді. Мұны ел халқының бәрі көрді, бір-бірінен естіді.

Бірде әкем: «Ұлым, мені халық жамандасын, өйткені пендемін, бірақ менің шығармаларымды орынсыз жамандаған адамды кешірмеймін» деген еді. Әкем – қазақтың перзенті болып кеткен ақын. Өзі де, шығармашылығы да қазақ елінің құндылығына айналды. Сауатты адам бұлай айтпаса керек-ті. Тіпті, өлеңді «талдағаны» да білім деңгейі таяз, мәдениеті төмен екенін әйгіледі. 

Иә, сотқа арыз түсірдім. Бұл басқаларға сабақ болуы тиіс. Әлішер Теменовке қатысты Қылмыстық Кодекстің 131-бабы 2-тармағы «Қорлау» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды сұрадық. Сот процесі Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында басталды. Қалғанын сот үкімі көрсетеді.

Сот
Фото: ғаламтордан

Білуімізше, блогердің ресми өкілі соттың алғашқы күні татуласқысы келетінін айтқан екен...

– Судья Бейнегүл Қайсина екі тарапқа татуласуға уақыт берді. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Енді әрекеті қалай болатынын көреміз. Сол оқиғадан кейін ел болып, халық болып блогерді әкемнің туған жеріне алдыртып, кешірім сұратты. «Жаздым, жаңылдым» деді. Бірақ менің үйімнің табалдырығын аттаған жоқ. Өткенде сот залында ғана кешірім сұраған кейіп танытты. Өзім де сол кезде ғана көрдім. Егер айтқанына қатты өкінген адам болса, алдымызға келуі керек еді.

Сіз моральдық шығын ретінде 10 млн теңге шығын өтеуді талап етіпсіз. «Бұл көп емес пе?» деген пікірлер де айтылды.

– Менің мақсатым – ақша өндіру емес. Басқаларға үлкен сабақ болсын деген ниет қана. Өзім де заңгермін. Соттың тәжірибесінде моральдық шығын міндетті түрде бірге жүреді. Яғни, материалдық залалды өндіру керек. Блогер сол бейнежазбасы арқылы әкем Мұқағалиға ғана емес, оның әулетіне де моралдық зиян тигізді. «Атың шықпаса, жер өрте» дегеннің кері осы екен деуге болмас, сірә. Сол себептен қорғаушыммен кеңесе келе сол соманы көрсетіп, заң жүзінде әрекет етуге бел будым.

Блогер
Блогер Ә.Теменов ақиық ақынның рухынан кешірім сұрап отыр. Коллаж: ғаламтордан

Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманында осындай үрдіс белең алды. Оқылымды арттырып, таралымды көбейткісі келетін блогерлерге айтатын уәжіңіз бар ма?

– Бұл блогер дегендердің аузына келгенді айтуына кім рұқсат берді? Әлеуметтік желіні кім қадағалайды? Байқауымша, осы секілді бейбақтастық пен бейберекетсіздік көбейіп кетіпті. Білімсіз де, дарынсыз да көлгірсіп отырады. Бар ойы – оқырман жинау. Елдің алдына қоғамға айтары бар адамдар шығып сөйлеу керек емес пе? Олардың орнын білімі, мәдениеті төмен біреулердің басып жатқанына таңым бар әрі соған қапалымын. Бұлар былапыт сөзбен кімді тәрбиелейді? Дәл солардың кейінгі жастарды адастырмасына кім кепіл? Мұндай масқаралыққа қалай жол беріп қойдық? Әлеуметтік желіні қадағалайтын тиісті органдар, Мәдениет және ақпарат министрлігі мұндай бассыздық әрекеттерге жол бермеуді заңдық тұрғыдан назарға алса деймін.