30 Сәуір 19:04
...

«Үкімет байларға жеңілдік беріп, оның орнына халықтан салық жинауды көздейді» – Экономист Мақсат Халық

Экономист
Фото: ғаламтордан

Бүгін мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

Сонымен, алғашында Үкімет ұсынған 20 пайыз мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетіліп, қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

NEGE тілшісі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер жайында экономист Мақсат Халықтың пікірін сұраған еді. 

Жаңа Салық кодексі бойынша қосымша құн салығы 16 пайыз болып бекітілді. Мұның экономикаға тиімді немесе кері әсері бар ма?

– Ең алдымен, қосымша құн салығын 16 пайызға көтеруге ешқандай негіз жоқ еді. Дәл қазіргі кезде әлемдік экономикада тұрақсыздық бар. Көрші мемлекеттер арасында қақтығыстарға тоқтау болмай тұр. Бізде де күрделі экономикалық-әлеуметтік мәселелер шешімін тапқан жоқ. Соған қарамастан қосымша құн салығын көтеруді дұрыс деп санамаймын. Бұдан тек тауар мен қызметтің бағасы ғана өседі. Алдағы жылдары халық үшін ауыртпашылығы жоғары болмақ. Себебі, ел тұрғындарының табысы өсе қоймады. Бұл кей азаматтың төлем қабілетіне кері әсер етеді. Яғни, табыс өсіп жатқан жоқ, есесіне, салық төлемі артты.

Мақсат Халық
ғаламтордан

Кәсіпкерлер де салық кодексіне қатысты наразылығын білдірді. Үкімет «Біз қосымша құн салығын 20 пайызға өсірмедік. Қосымша құн салығының шегін 15 млн-ға түсірмедік, керісінше 40 млн жасадық қой» деп жақауратады. Меніңше, бұл – ақталудың ғана әрекеті. Мұның қоғамға кері әсері көп. Халықтың мойнына жүктеме екі есе артылып отыр. Бұл жерде бизнесті ынталандыруға қатысты дәнеңе жоқ.

Тағы қарсы болғаным – Үкімет «қосымша құн салығының жеткілікті шегін кәсіпкерлер үшін 70 млн-нан 15 млн-ға түсіреміз» деді. Бұған қоғамда қарсылық туындады. Шын мәнінде, мұның ешқандай қажеттілігі жоқ еді. Керісінше, тым болмаса 50 млн-ға дейін көтеру керек деген ойымды айттым. Енді оны 15 млн емес, 40 млн-ға дейін түсіретін болды. Бұл да жалқау баланың әрекеті сияқты.

Бұған дейін қосымша құн салығын алып тастап, орнына балама ретінде бөлшек салығын енгізуді ұсындым. Яғни, «кәсіпкерлерді салық тәртібіне қарай бөлшек салықтың жоғарғы шегін 2 млрд теңге көлемінде қалдыру керек» дедім. Әрине, бәрінде болмаса да, кей салада бөлшек салығы қолданылып жатыр. Алайда, мұнда да жеткілікті шекті 2 млрд емес, 500 млн-ға дейін төленеді делінген. Бұған да кәсіпкер қауымы наразы. Сондықтан бәрін бөлшек сауда салық режиміне көшіріп және шекті мөлшерді 2 млрд теңгеге дейін көтерсе, біраз кәсіпкер шағын бизнестен орта бизнеске ойысар еді. Меніңше, Үкімет жаңа Салық кодексін қабылдау арқылы бизнестің бөлінуінің алдын алуға қадам жасап жатқан көрінеді. Бірақ бұл жағдайды одан әрі ушықтыра түсетін сияқты.

Бірақ бұған дейін өзіңіз көтеріп жүрген бәр мәселе ескеріліпті, яғни байларға «байлық салығы» салынатын болды. Бұған не дейсіз?

– Иә, байлық салығына қатысты талай мәрте ұсыныс айтқанмын. Мәселен, үйдің шаршы метріне байланысты нақты ережелер қойылса, сондай-ақ сатып алған көлігінің маркасы мен қуатына қатысты нақты сипаттама енгізіп, салық мөлшері енгізілсе дегенмін. Өкінішке қарай, бізде бай азаматтардың салықтан жалтаруы көп. Енді ақырындап соның алғашқы қадамы жасалып жатыр. Дегенмен, мұның бәрі кодексте нақты жазылмаған. Қандай адам байлық салығын төлеуі тиіс? Бұл қандай мүлкі бар азаматтарға қатысты? Осы жағын әлде де нақтылай түсу керек.

Салық кодексі
ғаламтордан

Жылжымайтын мүлік құны 450 млн теңгеден асқан мүлікке салық көлемін арттыру ұсынылып отыр. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді ұсынған.

Біздегі ірі компаниялар салықтан жалтарады. Неге? 

– Әсіресе, әртүрлі саладағы мемлекеттік активтерді басқаратын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қарамағындағы көптеген компания салықтық жеңілдіктер алады. Үкімет оларға салық мөлшерін көбірек салып, бюджетті толтырудың орнына, керісінше, жанама салық, қосымша құн салығы арқылы жеңілдік беріп, оның орнына халықтан салық жинауды көздейді. Міне, осындай әділетсіздікті көргенде айтуға тура келеді.

Сол сияқты Қытайдан келетін импортқа қатысты айтарым бар. Қытайдың бізге шығарып отырған экспортында бөлек, ал біздің импортта басқа мәлімет көрсетіледі. Жоқ дегенде, олардың импорты мен біздің экспорт арасында жылда шамамен 10 млрд доллар айырма бар. Сонда бұл – бізге салық салынбаған қаншама көлемде заңсыз тауар өтіп жатыр деген сөз. Егер соны реттесек, бюджетке қыруар салық түсетін еді. Бірақ осыны біле тұра, неге ескермейтіні түсініксіз.

Шын мәнінде, жаңа Салық кодексінің экономикаға серпін беретініне күмәнім бар. Үкімет салық режимін енгізу арқылы бюджеттің кіріс бөлігін 3 трлн теңгеге дейін арттырамыз деп отыр. Меніңше, алғашқы жылы сондай жетістікке қол жеткізуі мүмкін. Бірақ алдағы уақытта кәсіпкерлікке тұсау сала берсе, жемісі береді деп ойламаймын. Қазірдің өзінде тауарлардың бағасы өсіп жатыр. Көптеген сауда-саттық иелері жаңа Салық кодексі қабылданбай жатып, тауар бағасын өсіріп жіберді. Одан бөлек жанармай, тариф құны, баспана бағасы көтерілді. Яғни, қымбатшылық болады. Бірақ оған халық дайын емес. Егер ел тұрғындарының табысы өсіп жатса, әңгіме басқа. Демек, пәтер бағасы өскенмен, оны сатып алатын адам бола ма? Бұл халықтың қалтасына салмақ түсіруде.

Әлемде тарифтік саясат өзгеріп, девалвация байқалуда. Енді импорт та қымбаттайды. Мұның бәрі ертеңгі күні қаржылық дағдарыстың лебіне алып келеді. Сол себептен үкімет асығыс шешім қабылдамай, кейінге шегере тұру керек еді.