«Рухани келісім - Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізі»
Қоғамдағы тұрақтылық пен ұлттың тұтастығы экономикалық жетістіктермен емес, ең алдымен рухани келісіммен де өлшенеді. Рухани келісім – ұлт пен ұлысқа бөлмейтін, дін мен сенімге құрметпен қарайтын, ортақ құндылықтар негізінде бірлікке бастайтын алтын көпір.
Қазақстан – сан түрлі мәдениет пен дінді бір шаңырақ астында ұйыстыра білген бейбітшілік мекені. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан толеранттылық дәстүрі мен тәуелсіздік жылдарында жүргізілген ұлтты ұйыстыру саясатының жемісі. Елдегі конфессияаралық және этносаралық татулық – тұрақты дамудың басты кепіліне айналды. Жаһандану кезеңінде цифрландыруға көшіп жатқанда рухани құндылықтарымызды қалай сақтаймыз? Жасанды интеллект дәуіріндегі рухани бағдарлар қандай? Осы сұрақтар аясында Алматыда Рухани келісім күніне арналған республикалық форум өтті. Форумның басты тақырыбы «Рухани келісім - Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізі» болды.
Іс-шараға дін өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, студенттер, жалпы саны 300-ге жуық қатысушы бас қосты. Жиын басында Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов қоғамды біріктіретін басты күш – рухани құндылықтар екенін атап өтті.
«Қазір жасанды интеллект өмірдің барлық саласына еніп жатыр. Бірақ технология дамыған сайын, адамдық қасиетті сақтау одан да өзекті бола түседі. Рухани келісім – ел тұрақтылығының идеологиялық емес, өмірлік іргетасы», – деді Нұрлан Қиқымов.
Оның айтуынша, цифрлық дәуірде рухани бағдар жоғалса, қоғамның даму бағыты да әлсірейді. Сондықтан технология мен прогресс адамның табиғи болмысын толықтыруы керек. Бүгінгі ұрпаққа заманауи білім мен дағдыдан бөлек, адами құндылықты түсінудің жаңа форматы қажет. Сол себепті мұндай форумдар түрлі дін мен мәдениеттің өкілдерін бір үстел басына жинап, ортақ рухани кеңістікті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Республикалық маңызға ие форум аясында үш тақырыптық сессияға басымдық берілді. Атап айтқанда, бірінші сессия Мемлекет, азаматтық қоғам мен діни ұйымдардың ортақ келешек жолындағы ынтымақтастығы тақырыбын қамтып, Жастар мен рухани құндылықтар, Жасанды интеллект заманындағы адамгершілік ұстанымдар мен рухани бағдар мәселелері кеңінен қозғалды. Форум аясында қатысушылар әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізуде сенім мен диалогтың маңызына тоқталды. Жастардың рухани мәдениеті мен ұрпақтар сабақтастығы жайында сөз айтылып, ондағы мәселелер ерекше тарқатылды.

«Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің проректоры, исламтанушы Оңғар Ершат Ағыбайұлы бүгінгі ұрпақтың тәрбиелік мәніне ерекше назар аударды.
«Ұрпақтар диалогы – аманат пен өнеге жүйесі. Біздің қазақ қоғамындағы ұрпақтар сабақтастығы – тәрбиенің анасы. Бұл – тәрбиенің сатылы психологиялық өнегесі. Біз жастарға тек білім ғана беріп қоймай, мәдениет культін ғылыми негізде ұғындыруға басымдық беруіміз керек. Мақсат – жастардың діни сауатын арттыру, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, еліміздің бірлігін нығайту», – деді ғалым.
Форум барысында бүгінгі жастардың дүниетанымы мен рухани бағдарын қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылардың пікірінше, қазіргі буын – цифрлық ортада тәрбиеленген, ақпаратты экран арқылы қабылдауға дағдыланған ұрпақ. Бұл олардың ойлау жүйесін де, өмірге көзқарасын да өзгеше қалыптастырған. Сондықтан үлкен буынның міндеті – жастардың заманауи тілін түсініп, рухани құндылықтарды сол форматта жеткізе білу. Жастардың технологияға бейімделуі мен жаңа мәдени код қалыптастыру үрдісі қоғамда руханият пен жауапкершілік ұғымын қайта қарауды қажет етеді. Осыған байланысты форумның үшінші сессиясында жасанды интеллект дәуіріндегі этика және рухани бағдарлар мәселесі талқыланды. Сарапшылардың пайымынша, технология қаншалық дамыса да, оның ортасында адам мен адамгершілік қағидаттары тұруы тиіс. Инновация адамды алмастыруға емес, оның табиғи болмысын толықтыруға бағытталуы қажет. Рухани тепе-теңдік сақталмаса, прогрестің өзі қоғамға пайда емес, сынақ әкелуі мүмкін деген тұжырым айтылды.
Форум қатысушылары рухани келісімді тек діни ұғым аясында емес, әлеуметтік жауапкершілік мәдениеті ретінде қарастыру қажеттігін де атап өтті. Бұл ұстаным зайырлы қоғамның басты қағидаларының бірі ретінде бағаланып, рухани сауаттылықтың айқын көрсеткіші саналды. Форум соңында қатысушылар рухани келісімді нығайту, өзара құрмет пен түсіністікті арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салып, жиын қорытындысын жариялады. Іс-шара мерекелік концертпен және достық форматтағы бейресми кездесумен түйінделді.