Көріпкел: Кенесарының бас сүйегін елге әкелсе, биліктегілер тұқымымен кетеді...
Кеше белгілі көріпкел Кажетта Ахметжанованың сұхбатының алғашқы бөлігін жариялағанбыз. Пандемияға, болашаққа, Кенесарының бас сүйегіне, билікке қатысты сұхбаттың екінші бөлігін назарларыңызға ұсынамыз.
- Сұхбаттың бірінші бөлімі: Көріпкел Кажетта Ахметжанова: Төрт жылда бірінен соң бірі жеті вирус шығады
– Қазақстанда билік ауыса ма? Қазіргі президент Қ.Тоқаев екінші мерзімге сайлануы мүмкін бе?
– Қазіргі президент жақсы кісі. Назарбаев та сондай еді. Брежнев сияқты мол кісі. Ал Тоқаев – әділетті адам. Бәрін істегісі келеді, бірақ көп нәрсеге мүмкіндігі жоқ. Қазір біздің елімізді миллиардерлер басқарып отыр. Дегенмен, Тоқаев көп өзгеріс жасайды. Бірақ бәрін мега олигархтар шешеді.
Сайлау өтсе, Тоқаев өтуі мүмкін. Бірақ оны да олигархтар біледі. Себебі, мемлекеттік 3 мега олигарх басқарып отыр.
– Қазақстанға Кенесары ханның бас сүйегін әкелу туралы әңгіме ауық-ауық көтеріліп тұрады. Мұны саясатпен байланыстыруға бола ма?
– Кенесарының бас сүйегі – ертедегі мистикалық тарих. Ол қазақ пен қырғыз ұлтын анықтады. Бұрын қазақ пен қырғыз бауыр болды. Бірақ қырғыздардың жаман қасиеті бар. Олар – сатқын. Ресейде Алтай аймағындағы моңғолдар буряттарды сатқын дейді. Бізде Кенесарыдан кейін қырғыздарға сенбейтін болды. Қырғыздардың шауып кететін қасиеті бар.
Егер Кенесарының бас сүйегі елге келсе, біздің билік ауысады. Ел басқарып отырғандар тұқымымен кетеді. Кенесары – әруақты, әулие болған.
Елдің, жердің иесін ұстап тұр. Ханның бас сүйегі елге әкелінсе, қазақ халқы көтеріледі. Ол келеді. Бірақ Қазақстанды ұстап тұрған президент, миллиардерлер тұқымымен кетіп, орнына әулиелер келеді.
– Сіз неге Ресейде тұрасыз?
– Неге десеңіз, мен сол жақта оқимын. Психологиялық орталықтарда білімімді жетілдіріп, дамытып отырамын. Бал ашу қасиеті қонған адам үнемі ізденісте жүруі керек. Үндістан, Алтай аймағына, Тибетке, Қазақстанға жиі саяхаттаймын. Ақша тапсам, осы жақтан үй сатып алсам деген арманым бар. Мұнда туыстарымның үйінде болып қайтамын.
Көріпкел қанша табады?
– Жылдық табысыңыз қанша?
– Шынымды айтсам, биыл 70 мың доллар таптым. Германияда, Қазақстанда, Ресейде жұмыс істедім. Қарамағымда бес адам бар. Біреуі ғана еврей, қалғаны – қазақ. Әрқайсысына 1 мың доллардан жалақы төлеймін. 11 жыл көмекші болып жүрген қазақ қызы бар. Оған үй алып беруге 11 мың доллар беріп, көмектестім. Қоғамдық байланыс қызметімен айналысатын Ксения деген қыз мойын қатерлі ісігіне шалдығып қалды. Оның еміне ақша бердім. Осылайша, 70 мың доллардың 50 мың доллары елдің аузында кетті. Өзім көйлек алайын десем, жетпей қалды.
Бал ашқанның ақшасы – ауыр. Иелерім маған «Ей, анаған бер, мынаған көмектес, ана қызды далада қалдырма» деп айтады. Одан басқа әрі-бері жүретін жол шығыныма кетеді, туған туыстарыма да көмектесіп тұрамын. Отбасында жалғыз өзім көтерілдім. Ағам – әуежайда инженер. Жалақысы – 150 мың теңге. Інім – полиция қызметкері. Сенесіз бе, өмір бойы жұмыс істеп, не жағдайы, не баспанасы жоқ. Ауырып қалып, емінің ақшасын төледім. Біреуінің тісін салып бердім. Талдықорған жақта ауылға барсам, үш баласы бар көршімнің үйі малымен бірге өртеніп кетіпті. Оған үй салуға көмектестім.
Бәрі мені бай деп ойлайды. Құдайға шүкір, Мәскеуде несиеге алған үйім бар. Оны әлі 20 жыл төлеуім керек. Мәскеуде де өмір сүру – қымбат. Асып бара жатқан байлығым жоқ. Бірақ маған білім алуға, ізденуге Мәскеу қолайлы.
Әкем «Орыстар өмір сүруді біледі» дейтін. Сол рас екен. Олар не ішіп, не жейтініңе емес, іліміңе қарайды. Кеңес алуға келетін орыстар «Қашан байимын?» деп сұрамайды. Керісінше, 80 жастағы кемпірлер «Махаббатымды кездестіремін бе? Бірге шүйіркелесетін, бірге театрға баратын дос керек» дейді. Ал біздің қазақтың апалары өзін емес, бүкіл туысқандарын сұрап кетеді.
Қазақ әйелдері 50 жастан кейін жарықты сөндіргендей сөніп қалады. Өзіне қарамайды, тез қартайып кетеді. Әсіресе, ауылдың келіншектері кәдімгі апа сияқты. Өткенде ауылға барғанда менімен жасты қыздарға «Сендерге не болған? Небәрі 50-десіңдер ғой» деп ұрыстым. Ал орыстар үйлері былығып жатса да, өздерін күткенді, демалғанды, саяхаттағанды жақсы көреді. Мен де соны үйрендім.
Димаштың қасиеті мен Қайраттың қарақалпақ атасы туралы
– Әлемді таңдандырған Димаш Құдайбергеннің таланты жайында не айтасыз?
– Бізде талантты жастар көп. Ресейде де қазақ десе, қуанады. Димаш Құдайбергенді бәрі біледі. Соның арқасында қазақты АҚШ-та да, Ресейде де, Германияда да сыйлайды. Қазақ жастары өссе, халық Сингапур сияқты бай мемлекет боламыз.
Димашты жақсы көремін. Құдай сақтасын, жаман жолға түсіп кетпесе екен. Бірақ ол ондайға бармайды. Ол баланың қасиеті күшті. Сегіз жұлдыз, сегіз атасы бар.
Қайрат Нұртас та жақсы бала. Мінезі жұмсақ, тәтті бала. Оның да домбырашы қарақалпақ атасы болған. Сол атасы қорғап, қолдап жүр.
«Қазақтың арғы тегі Тибеттен»
– Жиі саяхаттайсыз ба?
– Тибетке бардым. Бұйымындағы өрнектің бәрі қазақтыкі. Арғы аталарымыз Тибеттен келген деп ойлаймын. Бақсылықтың өзегі де Тибеттен келген. Алтай аймағының, туваның, қазақтың тілі – бір.
Шыңғыс ханның баласы басымызды біріктірді. Біздің бір тамырымыз – моңғолдар мен тибеттер. Біз 70 жылдай орысша сөйледік. Сол сияқты түрік тілі де – әлемдік тіл. Бірақ ертедегі қазақтар шағатай тілінде сөйледі.
Екатерина патшайым 250 жыл бұрын Семей, Верныйға Қытай басып алмасын деп бекініс салған. Енді қазақтың ішінде бөлініс болып жатыр. «Қара қытай қаптаса, орыс әкеңдей көрінеді» дейді. Біз көршілерімізбен тату-тәтті тұруымыз керек.
Шын мәнінде, қазақтың шығу тегі тибеттіктерге ұқсайды. Біздің шамандық дәстүр, от жағу, май құю, тағы басқа. Қазақ – жаңа әрі жас ұлт. Бізге 400 жыл болған жоқ. Тіпті, біздің ұлтты 20 жастағы бозбалаға ұқсатуға болады.
«Тұран әлемі» және Ердоғанның саясаты
– Саясатқа да жиі құлаш сермейтін сияқтысыз...
– Каддафиді не үшін өлтірді? Себебі, олар алтын динар жасағысы келді. Оны француздар бір сәтте өлтірді де тастады. Егер түрік әлемі біріксе, үлкен империя боламыз. Жер шарының жартысын алады. Ол кезде өзінің діні, тілі, бағыты болады. Сосын бізден орыстар да, қытай да, америкалықтар да қорқады. Сондықтан олар бұған жол бермеуге тырысады.
Ертеде қыпшақтардан бәрі қорыққан. Бірде Францияға барсам, бір француз: «Мен тарихты зерттеп жатырмын. Сіз қыпшақсыз ба?» дейді. «Қазақпын, бірақ қыпшақтар менің ата-бабам» десем, «Қандай мықты халықсыздар» деп жатыр.
Гагауздардың тілі қазақ тіліне қатты келеді. Метрода екі әйел қазақша сөйлегендей болды. Бірақ олар құмық тілінде шүйіркелесіп отыр екен. Балам үйге бір қызды ертіп келді. Чукоткада тұрады. «Неге қазақ қызын таппадың?» десем, әлгі қыз қазақша сөйлеп тұр. Сөйтсем, чукот тілі қазақ тіліне ұқсас екен. Яғни, ноғай, гагауз, құмық, туваның тілі біздің тілмен пара-пар.
– Қазақстан латын әліпбиіне қашан көшеді?
– 12 жылдың ішінде латынға қайта келеді. Біздің ертедегі тіл – шағатай, латын, араб тілі болды. Сондықтан тез меңгеріп аламыз. Кезінде латын тілінен бас тартқан себебі, кедейдің баласын байлар оқытпай қойған. Араб тілін енгізгенде білім бай мен кедейге, жас пен кәріге бірдей тегін ілім берді. Татардың молдалары адамды бөлген жоқ. Мұсылмандық қасиет сол кезден келді.
Атамның айтуынша, көшпенді қазақтың алдынан мұсылман шығып, батасын беріпті. Біздің бабаларымыз қабыл алыпты. Сондықтан бізде мұсылмандық талай ғасыр жасайды.
Сұхбаттасқан Динара МЫҢЖАСАР, Алматы. Фото: Nege.kz