8 Желтоқсан 20:18

Көріпкел Кажетта Ахметжанова: Төрт жылда бірінен соң бірі жеті вирус шығады

Фото:

«Битва экстрасенсов» мистикалық шоуының 6-маусымында финалист болған әйгілі қазақстандық балгер Кажетта (Екатерина) Ахметжанова Nege.kz порталына арнайы сұхбат берді.

Әлемді шарпыған коронавирус індеті қашан кетеді?

– 2024 жылға дейін коронавирустың бірнеше штамы шығады. Қазір  альфа, бета, дельта деген штамы бар. Енді өкпені қабындыратын омикрон деген түрі пайда болды. Одан кейін басқа шабатын вирустар шығады. Адамдардың өмірге деген махаббаты мен құлшынысы азаяды. Дағдарыстан, түрлі мәселеден сынып кетеді. Бірінен соң бірі жеті вирус шығады. Мұндай індет әлемдік қауымдастықта 100 жыл сайын қайталанып тұрады.

Осыдан жүз жыл бұрын «испанка» деген ауру болды. Оның алдында жүз жыл бұрын оба шықты. Енді коронавирус індеті жайылды. Бұл індет 4 жыл жүреді. Адам суық тисе, бір жұма ауырады. Ал онкологияға шалдықса, бір жыл ауырады. Әр аурудың өз уақыты бар, яғни инкубациялық кезеңі болады, сосын жазылады. Дәл қазір бұл аурудың өршіп тұрған тұсы.

Алтай, бурят бақсыларының айтуынша, бұл қауіп адамдарға ғана төніп тұрған жоқ. Якутияның қаншама гектар жері жанып кетіпті. Үлкен теңіздегі ұлу қабыршығында колценаттар жиналып, балықтар да ауырып жатыр екен. Яғни, дүниежүзінде ауру өршіп тұрған уақыт. Осыдан аман-есен шықсақ, 2024 жылы бәрі жақсы болады. Адам махаббаты табиғатқа, жер-Анаға арналуы керек.

Бақсылардың айтуынша, жер күн сайын «Әй, осы адамды жұтып қояйын ба? Жалаңдап барады ғой...» деп айтады екен. Сондықтан әр адамда тепе-теңдік болуы керек. Бірі ақшаны қуалап кетсе, енді бірін қызғаныш өртесе, не болады? Қазақта мұндайда «Пейілі сұмдық жаман болып кетті. Біреуді жұтып алмаса екен..» деп айтылатын сөз бар.

– Сонда жер бетінің індеттен толықтай тазаруы үшін қанша жыл керек?

– 4 жылдай. 2024 жылға дейін. Омикроннан кейін екі вирус келеді. Ең қиыны бас-ми тамырларының ауруы шығады. Көтеріліп ауыратындар көбейеді. Суицид көп тіркеледі. Себебі, жер бетінде ақпарттық энергиялық алаң басым бола түседі. Біз, адамдар ақпараттық энергияны жаман ойымызбен кірлетіп алдық. Адам баласы «өлем» десе, соған барады.

Алдыма келген кейбір кісілер «Бұл өмірден шаршадым» дейді. Бақсы ретінде айтарым, «Бұл дүниеден шаршадым» десең, сенің иең естіп «Қой, бұл шынымен жарық дүниеден шаршапты. Оның жанын алыңдар...» дейді. Сондықтан қашанда «Иә, Алла тағала өзіңе ризамын, бергеніңе мың тәубе» деп сөйлеу керек.

Әркім есік алдына терек, үйіне гүл егу керек. Тұрған жеріңде суды таза ұстау қажет. Әйтпесе, судың иесі Сүлеймен ренжиді. Ол жылап Аллаға: «Мына адамдар суды әбден лайлап тастады. Оларды жолдан алып тастайын» деп айтады екен. Қазір адамдар Құдайдың наласына оңбай түсіп тұр. Осыдан 7-10 жыл бұрын көп бұғы өлтірген адамды қабылдадым. Ақша табамыз деп асылтұқымды аң мен құстарды өлтіретінді шығарды.

Қазақта ең қасиетті құс – бүркіт пен ақсұңқар. Мал баққан бабам: «Ақсұңқар – ең қасиетті құс. Сенің аулаңа ақсұңқар қонса, саған бақ қонды деген сөз» деп айтатын. Бұл құс тапқан тамағын жанындағы торғайлар, құрт-құмырсқа жесін деп шашып, бөлісіп жейді екен. Содан кейін ақсұңқарға Алланың үлкен батасы түскен. Арабтар мен орыстар неге ақсұңқарды қастерлейді? Осыдан бес жыл бұрын Қазақстанда, Ресейде ақсұңқарды аулап, сатып, байығандар болды. Бірақ солардың түбі оңбады. Яғни, табиғатқа деген махаббат болу керек.

Суицид неге көбейіп барады?

– Көп адамдар өмірде махаббатын, иманын жоғалтып алды. Сөздің шыны керек, қазір уақыт қиын, көп адамдар шаршайды. Бір жамандықтың жақсылығы бар, бір жылаудың артында қуаныш бар, бір қиыншылықтың бағы бар. Адамдар соны түсінбей қалады. Адам он күн ауырса, үш айдай жақсы өмір сүреді. Бәрі де микробаланс. Сен өлгенше байысаң, тұқымың кедей тұрады. Дүниеде солай өзі.

Ресейде тұрамын ғой, орыс ғалымдарының зерттеуі бойынша мықты ақын-жазушылар Пушкин, Гоголь, Достоевскийдің балалары қаламгер бола алмайды. Ал ғалымдардың балалары ішімдікке әуес болып, жаман жолға түсіп кетеді. Үлкен терек өссе, жанындағылардың дәруменін жұтып алып, қалғанын өсірмей қояды. Адам да сондай. Сенің бағың, дәулетің артып, шіріген бай болсаң, ол сенің тұқымыңа дарымайды. Бұл бақ пен дәулет үш буын ұрпақ ауысқаннан кейін ғана қайта қонады. Адамның да табиғаты терек сияқты. Байлық дарып, шалқып кетуге де болмайды. Қазақта «Шалқыма, аспа, төгілесің» деген сөз бар. Яғни, бай адамның баласы да бақуатты болмайды. Президенттің баласы – президент, министрдің баласы – министр болмайтыны сияқты ғой. Бұл өте сирек жағдай. Қазір өмір басқа.  

Қазақстанда экономикалық дағдарыс бола ма?

– Біздің экономика 25 жылдан кейін ғана көтеріледі. 74 үлкен зауыт салынады. Қазақстанға үлкен дәулет келеді. 25 жыл ішінде халық ауысады. Бірақ біздің жердің иесі кетіп тұр.

Бұрын, яғни 200-300 жыл бұрын аузымызға Алланы алсақ та, моңғолдың бір тайпасы болдық қой. Жартымыз – будда, жартымыз – тәңіршіл, т.б. болдық. Бақсылар 200 жыл бұрын түйемен, арбамен    шекараларға барып Қазақстанға, Алтай аймағына, Бурятияға ие қойған. Кей елдің иесі 300 жыл тұрады. Орыстар Мәскеуге жеті күміс қылышын қойған. Қаншама соғыс болса да, Мәскеуді ала алмады ғой.

Біздің Қазақстанның Алтай өңірі мен Астрахань, Қытайдың шекарасына көп астралды иелер қойылған. Сол иелер ұшып, жерден кетіп жатыр. Жердің иесі кетсе, сол жерге басқа ел таласып, көз тігеді. Ата-бабамыз «Ей, Алла тағалам, иеміз, бақ-дәулетіміз кетпесін» деп айтатын. 2050 жылдары иенің соңғылары ұшады. Қазір соларды ақ қой сойып, ақ түйе беріп қайтадан байлау керек. Біздің иеміз – мұсылман. Соларды байласа, жерімізге жау таласпайды.

Судың, жердің иесі ауысуда. Су қарайып, иесі жылап жатыр. Таза су мен кір су араласып кетті. Экология қатты бұзылуда.

Өзім Тибетке жиі барамын. Тибеттің монахтары төбеге шығып алып, әркез суға, жерге дұға оқиды. Бұрын қазақтар да сондай болған. Қазақ атадан балаға қонып келе жатқан қасиетті жоғалтып алды. Соны тапсақ, қазақтың елі мен жері көтеріледі.  

Теңге құнсызданып, доллар бағамы күннен күнге өсіп жатыр. Былтыр теңге ауысады деген едіңіз...

– Қазір инфляция келейін деп тұр. Түбі теңгенің орнына басқа ақша келеді. Электронды ақша айналымға енеді. Біз де алдағы уақытта электронды ақшаға көшеміз. Болашақта АҚШ долларының да құны түсіп, 20 жылдың ішінде  жоғалады. Доллар басқа ақша болып шығуы мүмкін. Теңгенің орнына алтын деген ақша келеді. Қазақстанда үлкенді-кішілі зауыттар ашылады. Бірақ мұның бәрі экологияға залалын тигізеді.

Қазір екінің бірінің басында несие бар. Кредиттік амнистия болуы мүмкін бе?

– Құдай соғыстан сақтасын, халқы қарызға қатты кірген елде соғыс болады. Қазір қарызсыз адам жоқ. Бүкіл дүние қарыз. Мына өмірде бай мен кедей бар. Бұл қоғамда орта деңгейде өмір сүретіндер болмайды. Сен өте талантты дәрігер, мұғалім болуың мүмкін, бірақ еңбекақың орташадан да төмен. Сондықтан өте бай және өте кедей адамдар өмір сүріп, орташа  деңгейде өмір сүретіндер жойылады.

– Естіген де шығарсыз, Қазақстанда биыл зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін алуға мүмкіндік берді. Келер жылдан бастап бұл шекті соманы көтеріп тастамақ. Мұның салдарын айта аласыз ба?

– Білмеймін. Ресейде тұрған соң, бұл жақтың заңын біле бермеймін. Бірақ Қазақстанның экономикасы көтеріледі. Көп адамдарға шағын кәсіпкерлікті қолдау үшін көмек ретінде субсидия беріледі. Денсаулық сақтау саласына, мүгедек балаларға көп қаржы бөлінеді. Бірақ бар жерде пысық адамдар ебін тауып, пайдаланып қалады. Қалғаны қалып қоймаса екен деймін.

Қазақстан – жемқор мемлекет. Сосын халықтың сана-сезімі жемқорлыққа байланып қалған. «Бәке», «Сәке», «аға», «тәте» деп тұрады. «Анадан пайда болса ғана, жанында жүремін» дейді көбі. Өз пайдасын ғана көздейді. Мұндай кезде арадан достық кетіп қалады. Қазақта «Қырық жыл жарлылық, қырық жыл байлық жоқ» деген сөз бар. Қоғам түбегейлі өзгерсін десек, анау түп-тамырдан бастау керек. Яғни, көйлекті жаңалау үшін ішкі астарын жаңалау керек. Ал ол ескі ғой!

Ақырзаманның белгілері

– Ең қорқыныштысы, бай мен кедей болып бөліну. Байлар кедейді аямайды. Бұл – ақырзаманның белгісі. Сауд Арабияға барғанда арабтардан естігенім бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірден өтер алдында оған Жәбірейіл періште келіп «Ақырзаманның ең алғашқы белгісі қандай болады?» деп сұрапты. «Баласы шешесін аямайды, бай кедейді аямайды, ал кедей жоқшылықты көтере алмайды. Адам суға сиіп, суды аямайды» деген сияқты он белгіні айтқан екен.

Әр заттың өзінің империясы болады. Бұл – гүлдену және құлау. Қазақ халқы енді көтеріледі. Бізге жастарға қолдау көрсетіп, көтеру керек. Зиялы кісілер жастар арасында пікір алмасып, сұхбаттасуы қажет. Оларға үлгі болуымыз керек. Жастар – талантты, қолы ашық. Қазақтай ешбір ұлттың қолы ашық емес. Кез келген қазақтың үйіне барсаңыз, «жолың болсын» деп орамалын беріп, шығарып салады. Қазақ – сондай жомарт, ақкөңіл халық. Сондықтан үлкен байлық келе жатқанда жастар адасып қалмаса деймін.

– Қазір отбасында ер мен әйелдің қарым-қатынасы бұзылды. Жалпы, отбасы құндылығы неге жоғалып кетті?  

– Қазақтың салтында ер жігіт келін түсіргенде апаларымыз екеуін отырғызып отқа май құйдыратын. Сонда жігітке «Сен әйеліңнің жүгін, сен күйеуіңнің жүгін көтере аласың ба?» деп сұрап, «Махаббаттарың берік болуын» тілеп, бата беретін. Бұрын әйелі еріне жекіріп сөйлемеген. Немесе ері әйеліне, әйелі баласына дауыс көтермейтін. Жасына қарай сыйлап тұратын. Қазір сол қасиетті жоғалтып алғаннан кейін жамандық белең алып барады. Отбасында ата-апасы балаларға ақыл-кеңесін айтып отыруы керек. Келінді келіндей сыйлап, күйеубаланы көтеріп, жездені құрметтейтін қасиет қайда кетті? Сондықтан жаман дүниелерге душар болып жатырмыз.

Мұның бәрі гендерлік саясаттың салқыны емес пе?

– Сізге айтайын, бұл Қазақстанға жақпайды. Бірақ су, жер әлемі бұзылған соң, адамның да жақсы-жаман қасиеті көтеріліп жатыр. Бұрын Қазақстанда қызтеке жігіттер аз болатын, қазір көбейіп кетті. Құдай өзі кешірсін, ол да Алланың адастырған пендесі. Олар әр жерде бар. Қазақы ортада қызтеке, біржынысты деген болмаған. Ілуде біреу кездессе ауылдан қуып жіберетін. Қазір неге көбейіп кетті? Жастар тіл үйреніп, дұрыс тәрбие алудың орнына жаман қасиеттерді бойына сіңіріп жатыр. Артық айтсам кешірім сұраймын, қоғамда адамның төрт түрі бар. Біріншісі, кей әйел ажырасып, байдан-байға тисе де, бағы ашылмайды. Екіншісі, күйеуі алқаш немесе нашақор. Үшіншісі, тез байитын берекелі адамдар. Төртіншісі, ниеті қара адам. Олар айрандай ұйып отырған отбасыңның быт-шытын шығарады. Әсіресе, қыздардың намысы, абыройы түсіп жатыр.

(Жалғасы бар)

Тегтер: