16 Қазан 23:34
...

«Робин Гуд» атанған блогер Ілияс Сариевтің сотында жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы құны жарияланды

Робин Гуд
Фото: NEGE

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында алаяқтық ісі бойынша блогер Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан.

Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр. Іс бойынша барлығы 26 жәбірленуші бар.

Өткен сот отырыстарында 16 жәбірленушіден жауап алынған болатын. Сонымен қатар айыпталушы Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсеева да сотта жауап берді.

Судья Ернар Қасымбеков жауап бермеген 10 жәбірленушіні қосқандағы келтірілген шығынның жалаы көлемін жариялады.

Іс бойынша жәбірленуші деп танылған 26 азаматқа келтірілген залалдың жалпы сомасы 33 миллион теңгеден асты. Сотта Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваның кейбір жәбірленушілерге келтірілген залалды ішінара қайтарып бергені белгілі болды.

Сот процесі кезінде адвокат Эльнура Кішкенебаева келесі сот отырысында қорғауындағы Ілияс Сариевтің телефонын тергеушілерден алып, ішіндегі видеоларды зерттеуді сұрады. Айтуынша, ұялы телефонның ішінде І.Сариевтің жәбірленушілерге әлеуметтік желіге жариялауға уәде берген видеолары бар.

Сариев
Фото: NEGE

Естеріңізге сала кетейік, І.Сариев өзінен көмек сұрап келген жәбірленушілердің жағдайын видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге салып, халықтан қаржылай көмек жинап беруге уәде еткен. Сотталушы аталмыш видеоны түсіру үшін жәбірленушілерден түрлі сомада ақша алған. Нәтижесінде, әлеуметтік желідегі парақшасында бірде-бір видеоны жарияламаған.

Робин Гуд
Фото: NEGE

«Мен І.Сариевті кінәлі деп айта алмаймын. Өйткені 26 эпизодтың 6 эпизоды бойынша Сариевке айып тағылып отыр. 6 эпизод бойынша жәбірленушілердің уәждері бойынша І.Сариев мұқтаж жандардың видеосын әлеуметтік желіге салуы керек болған. Алаяқтық деп қандай жағдайда айтамыз? Егер ақшаны алып, ешқандай іс-әрекет жасамаған жағдайда айта аламыз. Бұл жерде І.Сариев мүгедек балаларды видеоға түсірген, монтаждаған, тек әлеуметтік желіге салмаған. Өздеріңіз де білесіздер, әлеуметтік желіде статисткаға қарайды. Оны Сариев жәбірленушілерге ескерткен. Бірақ, кейбір жәбірленушілер оны дұрыс түсінбей, «әлеуметтік желіге жүктемеді» деп асығыстықпен арыз-шағым түсірген болып тұр. Соның салдарынан Сариев қамауда отыр. 20 эпизод бойынша І.Сариевтің мүлдем қатысы жоқ. Екінші сотталушы А.Дүйсеева толық мойындап отыр. Жәбірленушілердің ақшасы А.Дүйсееваның Kaspi Pay-не түскен. Сол себепті ол эпизодтарды біз мойындамаймыз», – деді адвокат Э.Кішкенебаева. 

Өткен сот отырысында А.Дүйеева өзінің жауабында туристік компанияға түскен қажылардың ақшасын І.Сариевтің өзі жұмсағанын айтқан. Прокурордың нақтылау сұрағына Ақтоты Дүйсеева «ол қаражатты І.Сариев құмар ойынға жұмсады» деп жауап берген болатын. Алғашында оның құмар ойынға ақша тіккенін білмеген, тек кейін Kaspi қосымшасындағы төлемдерді қарап отырып байқаған. Алайда сотталушы І.Сариев бұл мәлімдемені жоққа шығарды. 

«Сотталушы өзін қорғау үшін әртүрлі айта береді. А.Дүйсеева өзін қорғау мақсатында айтып отырған шығар? Біз оған ешнәрсе айта алмаймыз. Өйткені Pay тікелей Дүйсееваға қатысты. Қазір дамыған заман, әр адам өзінің шотына өзі жауап беруі тиіс. Бұл жерде І.Сариев ақшаны алып, казиноға салды дегенге ешбір дәлел жоқ», – деді адвокат Э.Кішкенебаева журналистердің сауалына. 


А.Дүйсееваға 20 эпизод бойынша айып тағылып отыр. Ол бір жәбірленушінің ақшасын қайтарып бергендіктен 19 эпизод қаралуда. MM Travel-ге жәбірленушілердің қаражаты Дүйсееваның KaspiPay-не түскендіктен, ол шығынды өтеп беруге ниетті. Сонымен қатар өзіне тағылған айыпты жартылай мойындайтынын айтты.р