11 Қараша 08:35
...

Досай Кенжетай: Діни экстремизм мен терроризм дегеніміз – саяси ислам

Фото:

Қайсыбір сырттан келген ағымның көздегені – қазақ халқының ғасырдан ғасырға аман жеткен рухани мұрасы мен төл мәдениетін жоққа шығару. Қазір ел ішінде де ислам атын жамылған діни көзқарасы әртүрлі топтардың өзара жікке бөлініп алғанын байқаймыз. Әсіресе, бұлар оңы мен солын ажырата алмайтын жастарға ауыз салса, қайтпек керек? Көкейдегі біраз сауалдың жауабын ойын әркез бүкпесіз айтатын дінтанушы-ғалым Досай Кенжетайдан сұрадық. 

–  Досай Тұрсынбайұлы, елімізде қалыптасып отыр­ған бүгінгі діни ахуалға қандай баға берер едіңіз?

– «Діни ахуал» деген тіркесті құбылыс, процесс, саясат ретінде, тіпті жалпы ғылыми тұрғыда тәжірибе ретінде талдауға болады. Саясат ретінде дейтін себебіміз, бұл өзі үш деңгейде қарастырылады. Дін саясаты, діни саясат және саяси дін деген категория бойынша.

Дін саясатымен мемлекеттік институт айналысады. «Қалай айналысады?» десең, республикалық, облыстық, аудандық ішкі саясаттың ішінде арнайы діни таныммен, дін мәселесімен, діни-теологиялық мәселемен айналысатын, сараптама жасайтын, бақылау жүргізетін арнайы институттар бар. Осы институттар конституциялық шеңберде мемлекеттің дінге деген қатынасын қадағалап, бағалайды. Соны біз дін саясаты категориясы ішінде түсіндіреміз. Ал мемлекеттің дінге деген саясаты зайырлылық ұстанымы арқылы көрінеді. Онда «дін мен мемлекет бөлінген» деген анықтама бар. Бұған сын айтатын да діни танымдық, жамағаттар жетерлік. Мысалы, Қазақстан Республикасының мемлекет құрушы ұлты – қазақ, яғни қазақ мәдениеті.

Бұл тіркестің мазмұнына үңілсеңіз, ол жерде сөзсіз діни таным орын алады. Өйткені, мәдениет деген қабаттың он сегіз қыры бар. Оның барлығында тіл, ойлау жүйесі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, этика мен эстетикасы, тарихы, сәулеті, музыкасы, санасында діни танымға негізделген анықтама, категория, ұғым, принциптер тұнып тұр. Ал бұдан кейін зайырлылық ұстанымы принципінің қандай екенін анықтау керек. Ол – құқықтық принцип. Бұл арнайы нормалармен ажыратылады.

– Бұл қандай норма?

– Құқық мемлекет конституциясына негізделіп жасалады. Осы нормалар діни нормадан бөлек қарастырылғандықтан да, дін – мемлекеттен бөлек деген мәселе нормалық-құқықтық тұрғыда айтылады. Яғни, мемлекеттің негізінде – конституциялық нормалар, ал діннің негізінде – шариғи нормалар бар. Екеуінің арасында философиялық тұрғыда байланыс болғанмен, принциптік тұрғыда осы кеңістік және уақытпен ғана өлшенеді. Демек, конституциялық норма адамның бақытын осы кеңістікте ғана қарастырады. Ал діни норма адамның бақытын екі дүниемен: бұ дүние және ақыретпен байланыстырады.

Сондай-ақ, саяси дін дегеніміз – террористік, экстремистік ұйымдар, жамағаттар, жат ағымдар. Бұлар саяси ислам категориясы ішінде қарастырылады. Яғни, діннің саясиланған түрі немесе діннің жаһандық саясатқа ықпалы.

Ал діни саясат категориясымен қоғамдық институт ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айналысады. Қазақ мәдениетінің он сегіз қабаты бар десек, соның барлығында исламның діни танымының ізі бар. Ол әдебиетте, музыкада, әдет-ғұрыпта, тіпті бәрінде бар. Осы жағынан алғанда, дін феномен ретінде қабылдануы керек. Құндылықтар желісі, жүйесі ретінде, керек десеңіз, құндылықтың бастауы ретінде танылуы тиіс. Сондықтан еліміздегі діни ахуал дегенде ғылыми болмысты осылай талдауға болады.

– Ал қазір діни жат ағымдар әрекетін ашық емес, астыртын түрде жүзеге асырып жатыр ма?

– Олардың үгіт-насихаты әлі күнге дейін жүріп те, жалғасып та жатыр. Себебі, біздің ойымыздың бәрі экстремизм мен терроризммен болып кеткен кезде будда, христиан әлемімен байланысты, керек десеңіз, тәңіршілдер идеясын таратушылардың арасында диалектикалық айтыс-тартыс, қарама-қайшы пікірлер өрбіді.

Пікір алмасу, айтысу – трагедия емес. Бұл – табиғи нәрсе. Оның үстіне бұл конституциялық шеңберде қарастырылады. Себебі, біздің Конституцияда кез келген азамат өзі қалаған діни ұстанымдық, доктриналық дініне немесе теологиялық-философиялық схемасына сенуіне ешқандай кедергі жоқ» делінген. Ал жазылмаған заңдар тұрғысынан қарасақ, ол біздің ұлтымыздың болашағы, қауіпсіздігі, бірлігі, тұтастығы, оның үш тарихи категориясы (өткен шағы, осы шағы, болашағы – ред.) біртұтас қарастырылған кезде діни танымды өз алдына бөлек қалдыруға болмайды. Оған да қамқорлық жасалып, бақылау болуы керек. Бұл тек мемлекет тарапынан ғана емес, қоғамдық институттар тарапынан да жасалуы қажет. Бұл – нағыз табиғи күрес. Осы жағынан алғанда, бізде орталықтандырылған, бір принципке негізделген қоғамдық ортақ тұғырнаманы табу қиын. Шын мәнінде, қазір миссионерлік ағымдарға тыйым жоқ. Әсіресе, христиан әлемінен келген миссионерліктің ішінде ұлты қазақ қаншама поп, монах жүр. Мұны ұлттық болмыс тұрғысынан қарайтын болсақ – үлкен мәселе.

– Олардың жетегіне жастардың еріп кетпеуін қадағалау қоғамдық институттардың міндеті емес пе?

– Діни экстремизм және терроризм саяси ислам категориясына кіреді. Ал «саяси ислам» – жаһандық саясаттың қолданған қаруы. Яғни, бұл идеологиялық құрал, аксиологиялық соғыс. Міне, соған жастардың еріп кетпеуі оның санасына байланысты. Ал сананы кемелдендіру, қалыптастыру, сақтау, бақылау – терең идеологиялық кешенді институттың жұмысы. Өкінішке қарай,  мемлекет тарапынан бір орталықтандырылған институт құрдық деп айта алмаймыз. Осы тұрғыда біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университеті жанынан Теология факультетін аштық. Мұндағы мақсат – діни танымды, діни тәжірибені, діни сананы, діни сенімді ғылыми тұрғыдан талдап, метофизикалық, физикалық тепе-теңдікті сақтайтын, кез келген құдайлық теологиялық институттың феномендер әлемінде өзінің схемасы, жеке өзінің өмір сүру спектрін анықтауды мақсат етеді. Осы спектрлер қоғамда тепе-теңдік шартымен өмір сүруі керек. Тепе-теңдік шарты – діни танымды рационалды тұрғыда кеңістікке, уақытқа қарай тану, талдау, білу, сену, сезу деген сияқты мәселе бойынша кешенді түрде қарастырылуы керек. Бұл – жаңадан шыққан методология.

Осыдан 150 жыл бұрын пайда болған дінтанушылық методология қазіргі заман шарттарына жауап бере бермейді. Сондықтан теологиялық, дінтанушылық, философиялық жаңа ізденістердің өзін тұтастай һәм кешенді түрде қарастыратын ғылыми-зерттеу орталықтары, институттар, факультеттер ашу мәселесі кемшін, ҚР БҒМ тарапынан орталықтандырылған жүйе жоқ. Мысалы, білім берудің қыры көп. Атап айтқанда, педагогикалық, кәсіптік, діни, техникалық деп кете береді. Осы саланың бәрі ҚР Білім және ғылым министрлігі жанында орталықтандырылуы тиіс.

Алайда, мемлекеттің дінге, діннің мемлекетке, діннің мәдениетке, діннің адам тұлғасына, діннің саясатқа қатынасын өлшейтін, таразылайтын мекемелер құрылуы керек еді. Өкінішке қарай, 30 жылдан бері мұндай комитет, не департамент құрылған жоқ. Бұл нені білдіреді? Бұл – дін деген құбылыстың феномен ретінде билік тарапынан, білім беру жағынан танылмауының көрсеткіші. Бұл да бір фобияның, түптеп келгенде демократиялық онтологиялық және саяси ұстанымдарға немқұрайлылықтың көрінісі.

Дін мен ғылыми танымның, дін мен бүгінгі азаматтық қоғамның, дін мен жаһандық жүйенің қатынастарын өлшеуге құбылыс ретінде Білім және ғылым министрлігі араласып, өзіндік дайындық, ізденіс, платформа жасау қызметін Дін істері комитетіне беріп қойған. Бұл комитет Ақпараттық даму және қоғам министрлігіне, ал ол тікелей ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарайды. Сонда біз дінге күштік құрылымдардың спектрімен ғана қараймыз. Ал дінге мәдениет ретінде, құндылық ретінде, феномен ретінде оның моралдық, этика-эстетикалық қырының шарты ретінде қарау жағы кемшін.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» демекші, жат ағымның ықпалында кеткен қаншама қаракөз шетел асып, соғыс өрті қаулаған аумақтан бір-ақ шықты. Оларды елге әкелу шарасы да сәтті жүзеге асты. Сол жөнінде не айтасыз?

– Сирия деген үлкен саяси жаһандық жоба болды. Оған жер шарындағы 200-дей мемлекет араласты. Қазақстаннан да 3 мыңға жуық адам барды. Қазір біз салдарымен күресіп жатырмыз. Әрине, оларды Қазақстан Республикасының азаматы ретінде тағдырдың тәлкегіне тастай алмайтынымыз белгілі. «Іштен шыққан шұбар жылан» демекші, оларды «саясаттың құралы ғой, сол жақта қала берсін» деу конституциямызға да келмейді. Сол себептен оларды елге алып келдік. Бұл – жақсы нәрсе.

Ал жаман жері – біз күресуді кеш қолға алдық. Кезінде қоғамдық институттан да, мемлекеттік институт тарапынан да қателіктер кетті. Көзжұмбайлыққа салынды. Соның барлығын ескеріп, қандай ауыртпашылық болса да оларды қабылдап, зайырлы қоғамға бейімдеуіміз керек. Осы тұрғыда тәрбие және білім беру, ақпараттандыру мәселесі ауадай қажет. Соны белгілі бір институттар, орталықтар, белгілі күштік құрылымдар шектеулі бағдарламасы арқылы жасап жатыр. Бұл да бір қаперге алатын түйткіл.

Қазірдің өзінде саяси ислам категориясына кіретін – салафилік тенденция қарқыны басылған жоқ. Бірақ бұлар бес-он жыл бұрынғыдай сырттай белсенді болмағанмен, астыртын, жабық күйде миисонерлік жұмыстарын жүргізіп келеді. Яғни, олардың ақилық, бауырластық принциптері жіктеліп, квалификацияланып өмір сүріп жатыр.

Оған да күштік құрылымдар сақ болған жөн. Себебі, қоғамда бәрібір ықпалы болмай тұрмайды. Алдын алу шаралары немесе олармен тікелей диалог жүргізу мәселесі кешенді түрде жүргізілуі керек. Біз білім беру жүйесінде наразылықтарды жиі көріп жүрміз. Қазақстанда қазақтан басқа да этнос өкілдері тұрады. Соның ішінде әр ұлттың тарихымен қалыптасқан исламды қабылдау діни-танымдық ерекшелігі бар. Олар да кешенді түрде бақылауға, зерттеуге, талдауға алынуы керек. Әсіресе, мектептегі қыз балалардың діни атрибутын, яғни, киімдерін де қадағалау керек. Мұны зайырлы тұрғыдан қалай шешеміз? Бұл кезде қоғамдық институт пен мемлекеттік институт пікірі екіге бөлініп жатады. Оның да ортақ платформасын табу үшін терең әлеуметтік және психологиялық, діни-танымдық, теологиялық, философиялық зерттеулердің ортақ кешенін жасау қажет.

– Дін – өте нәзік мәселе. Оны мемлекеттен бөлек қарастырсақ та, айналып келгенде дінді саясатқа тықпалайтындар көп. Мұны исламның саясилануы дейміз бе?

– Саясат – билік және басқару. Конституция бойынша, құқықтық, демократиялық, зайырлылық, әлеуметтік ұстанымдарға негізделген бүгінгі биліктің жағдайында дін ешқашан саясатқа араласпау керек. Бірақ қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде, кейбір телеарналарда діннің саясиланып кеткенін байқаймын. Осы мәселенің парқына мән бермейтін жайттар кездесіп жатады. Себебі, уағыз, үгіт, насихат дегеннің бәрі адамға байланысты өрбиді. Соған қарап түсіндіру де, пікір білдіру де өзгеріп тұрады. Соның ортақ тұғырнамасы тек зайырлылықпен ғана өлшенуі керек. Кейбір дін саясаттың қолшоқпарына айналып, әлдебір жамағаттардың мүддесін айшықтап жатқанын көресің. Әлеуметтік желіден соның ізін оңай байқауға болады. Біреуі гүленші, енді бірі салафит, тағы бірі сопы, келесісі – тәңірші. Өзара жік-жік болып пікір жазып жатады. Ал құпия жамағаттардың астыртын білім беруі мемлекеттің зайырлы ұстанымына қарсы жасалып жатқан құбылыс.

– Қазір интернетте ислам атын жамылған ресурстар көп. Олардан қалай қорғануға болады?

– Бұл мәселенің бәріне адамның сана-сезімі, сенімі жауап береді. Оларды бақылауға алу мүмкін емес. Себебі, сіз адамның ішкі әлеміне араласа да, бақылай да алмайсыз. Өйткені, бұл жерде сенім деген мәселе бар. Бейнелі түрде айтсақ, сенім – адамның анасы сияқты. Ал қай перзент өзінің анасын басқадан кем санайды? Сол сияқты діни сенім де тура сондай. Ол адамды қанша жерден райынан қайтардым, дұрыс жолға салдым десең де, бәрібір мойны сол жаққа қарай бұрылып тұрады. «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» демекші, оның алғаш рет ішкі әлеміне таңба салған ақидасы ізін қалдыра береді. Жастарды одан қорғау мәселесі үздіксіз процесте болуы керек еді. Олардың сыртқы ағымның жетегінде кетуіне көз жұмып, мән бермеу ұлттық қауіпсіздікке деген жауапсыздық болып есептеледі. Жастарды қорғау – білім беру саласымен бірлесіп жүргізілуі қажет.

Яғни, өркениетті қоғамда адамның сөз бостандығы, діни сенім-наным еркіндігіне ешкім де шектеу қоймайды. Әйтсе де, Қазақстан әуел бастан діни мемлекет емес, зайырлы ел, яғни дін мемлекеттен бөлінген. Бұл – кім де кімнің діни сеніміне шектеу қойылмайды, бірақ мемлекеттік басқару, білім беру секілді стратегиялық маңызды салаларға діннің араласуына жол берілмейді деген сөз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: