«Шетелде мал бағатындар өздерін маңызды тұлға санайды» – Кәсіпкер

Мал шаруашылығы саласында ширек ғасыр жұмыс істеп, әрбір шаруаның мәселесіне жанашырлық танытып қана қоймай, соның шешу жолдарын айтудан жалықпайтын кәсіпкер Думан Нағашыбекұлының пікірінен түйген дүние көп.
NEGE тілшісі мал шаруашылығы кәсібін жан-жақты білетін маманнан салаға қатысты негізгі мәселелерді сұрады.
– Ал қазір мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар қандай қиындықпен бетпе-бет келіп жатыр?
– Мал шаруашылығын 2001 жылдан бері кәсіп етіп келемін. Содан бері бұл саладағы кедергілер мен жаңашылдықтарға қанықпын. Әр нәрсе салыстырмалы түрде ғой. Заманның жайма шуақ кезінде мал басын көбейтіп, содан нәпақасын тауып отырған шаруа қожалығы баршылық. Десе де, мемлекеттен қолдау болғаны абзал. Ұсыныс пен сұраныс болса, шаруалар да соны қанағаттандыруға тырысады. Алайда, соңғы жылдары мал басын көбейткенімен оны сатып пайда таба алмайтын қиындыққа тап болуда. Әлгінде асыл тұқымды малын етке өткізіп, күнделікті шығынын жауып отырғанын айттым. Себебі, бағып отырған қалған малдың жем-шөбін дайындау керек, малшылардың айлығын тауып беру қажет. Ал егер сұраныс артып, мал экспортына ешқандай шектеу қойылмаса, мал басын бұдан да арттыруға ынталы едік. Мал шаруашылығы саласы атакәсіпке өмірін арнап келе жатқан азаматтардың арқасында дамып келе жатыр. Енді бірі керісінше мал санын азайтып, басқа бизнеске кетуге әрекеттенуде. Бұл да адамның ынтасы мен алдына қойған мақсатына қарай ғой.
– Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қандай қолдау бар?
– Мал тұқымына байланысты құрылған палаталар, яғни қоғамдық ұйымдар саладағы қордаланып қалған мәселелерді нақты көрсетіп, хат жазып, ұсынысын білдіреді. Бізге мұндай белсенділік те өте қажет. Себебі, біз айтпасақ, жазбасақ бұл мәселелерді министрлік мамандары қайдан біледі? Жақында министрлік мал шаруашылығындағы түйткілдерді шешуге байланысты арнайы комиссия құратынын айтқан. Сең қозғалып, біраз жұмыс қолға алынса, біз де бір жағына шығысуға дайынбыз.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық несие корпорациясымен бірлесіп бордақылау алаңдарына 5 пайызбен бір жылға дейін жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. 2025 жылға қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 50 млрд теңгені құрайды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ірі қара және ұсақ мал бордақылау алаңдарын қолдау.
– Жалпы, шетелден әкелген асыл тұқымды малдың бізге жерсініп кетуі оңай ма?
– Шетелден мал әкелуге қатысты мәселе көп болды. Даниядан герефорд сиырын, Ресейден қалмақ сиырын әкелгенде қиын болған жоқ, жерсініп кетті. Сол кезде 40 мың бас әкелсек, бүгінде ангус сиыры 100 мыңның үстінде. Одан бөлек бізде ангус сиырына деген сұраныс болғандықтан бағасы да салыстырмалы түрде қымбатырақ. Егер қара бұзау мен қызыл бұзау қатар тұрса, сатып алушы қара бұқашықты алады. Себебі, бұлар әлемдік деңгейде аты кең таралған тұқым. Оның жем-шөп жеуі, салмақ қосуы өте жоғары деңгейде. Мал шаруашылығы кәсібіндегілер нағыз жемдейтін тұқым екенін біледі. Яғни, жеген жемін ақтайтын мал екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Нарықта да бағалы, өтімді. Ірі қара малын шетелден әкелу арқылы бізге технология да келді. Мәселен, кез келген шаруа сол малды әкелу үшін шетелге барады, ондағы фермерлердің өмір сүру деңгейін көреді, олардың малмен қалай қарым-қатынас жасайтынына куә болады, оны бағу, жемдеу технологиясына қанығады. Өз басым «Сыбаға» бағдарламасының арқасында Уругвай, Аргентина, Бразилия, Германия және Жаңа Зеланияда болып, түрлі көрмеге қатыстым. Осы елдің бәріне жайдан жай емес, мал іздеп бардым. Германия малшыларының көрмесін тамашалап, Данияның мал асырайтын шаруашылықтарын араладым. Әр сапарымнан бір жаңалық алып келіп, өзіміздің жұмысқа енгізуге тырыстық. Яғни, мал алып келу бір жағы, одан бөлек өзіміздің кәсіптік деңгейімізді арттырдық. Соның нәтижесінде мал шаруашылығы кәсібіне басқаша көзқараспен қарай бастадық.

– Дамыған елдердің мал шаруашылығы саласындағы тәжірибесін көзбен көрген маман ретінде айтыңызшы, оларда мал бағатын адам құрметке лайық па? Ал біздің жастардың атакәсіпті алып жүруіне қандай стереотип кедергі?
– Жалпы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және өзіміздің палатаның қолдауымен еліміздің әр өңіріне барып, мал шаруашылығының маңызын дәріптеу мақсатында, ел экономикасының дамуына берері жайында семинарлар өткізіп тұрамыз. Президенттің жолдауларынан кейін қарапайым жұмысшының, еңбеккердің беделін арттырып, дәрежесін көтеруге маңыз берілді. Соған байланысты аграрлық оқу орындарда, кәсіптік-техникалық колледждерде білім алып жатқан жастарға «Араларыңнан мал бағатын кәсіпкерлер шығу керек. Қаншама бос жатқан жерді игеру сендердің мойындарыңда» деген сияқты пікірді айтып жүреміз. Әлеуметтік жағдайға келсек, шаруалардың кәсіптік деңгейі мен өздеріне деген сенімділігі артты. Олар бірлесіп, қоғамдық ұйымдарда ой-пікірін ашық айтып, талабын қоя бастады. Әрине, мемлекеттен қолдау көрсетіліп, нақты жүзеге асатын бағдарлама болу керек. Жеңілдетілген несие беріп, ынталандыруды тоқтатпау қажет. Мал шаруашылығы – оңай кәсіп емес. Оған барынша еңбектенген адамдар ғана шыдап, нәсібін көре алады.

Кейде мал бағатын адам таппай қалатынымыз рас. Қазақтың зіңгіттей жігіттері мал бақыысы келмейді, бірақ бос жүреді. Қырғызстаннан кеп жұмыс істейтіндер бар. Мұның себебі неде? Мектепте мұғалімдер «Оқымасаң оқыма, мал бағасың!» деп кемсітіп сөйлейтін. Оның бәрі жадымызда жатталып қалады. Мұның өзі көзқарасты өзгертеді. Мал бағу – табыс көзі емес пе?
Мысалы, АҚШ-қа баратын кезде виза аламыз ғой. Мал шаруашылығы бойынша өтетін шараға үш адам қатысатын болдық. Әңгімелесуге кіретін он адамды шақырды. Оның жетеуі Головкиннің жекпе-жегін тамашалауға бара жатыр екен. Сол 7 адамның екеуі ғана визадан өтіп, бесеуіне бермеді. Ал мал шаруашылығы бойынша өтетін шараға баратын үшеумізге де виза берді. Әңгімелесу кезінде елшіліктегі әйел «АҚШ-тың қай қаласына бара жатырсыз?» деп сұрады. «Мал шаруашылығының көрмесіне қатысамыз. Шаруа қожалықтарын аралаймыз. Ыңғайы келсе, мал сатып алуды да қарастырамыз» деп едім, көзінің оты жанып, ерекше қуанышын білдірді. «Өте тамаша! Менің де әкем мал шаруашылығымен айналысқан...» деп тақырыпқа қызыға кірісіп кетіп, 10-15 минут сұрақ-жауап болды. Негізі біз визаны 5 жылға сұрағанбыз. «Неге 5 жыл? Ең көп дегенде 10 жылға алуға болады ғой» деп 10 жылға виза жасап берді. Мені таң қалдырғаны, сол маманның мал шаруашылығына деген құрметі.
Ал енді шетелге барғанда мал шаруашылығымен айналысатын адамдардың өздерін беделді тұлға сияқты ұстайтынына куә болдық. Осы саланың кәсіби маманы ретінде санайды. Түрлі көрме ұйымдастырылады, оған он мың, жиырма мың адам қатысады. Мал тұқымын көрсетеді, сатады. Мұндай шаралары керемет ұйымдастырылады. Сол жерде жүріп өзіңді мал шаруашылығымен айналысатыныңды мақтан тұтасың. Міне, сондай үрдіс Мамытбеков пен Шөкеевтің тұсында қалыптасып келе жатыр еді. Сондықтан басталған дүниені соңына дейін жеткізсе дейсің. Егер сол бағдарламалардың кемшін тұстары айқын көрінсе, жетілдіріп немесе баламасын жасауға болар еді.