USD
USD
USD

«Әкеміз қашан келеді?»: Отадан кейін көз жұмған депутаттың жары әділдік сұрайды

4 сәуір күні таңертең Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов үйінен ота жасатуға шығып кеткен. Жұбайы Лаура Айтуованың айтуынша, ол көп ұзамай отбасына аман-есен ораламын деп ойлаған. Алайда сол кеткеннен кейін қайта есін жимаған.

Ербол Айтуов
Фото: Ербол Айтуов

Астана, NEGE. Ербол Айтуов Ақтаудағы жеке клиникаға иек астындағы артық майды алдыру үшін барған. Бірақ ота басталған сәтте оның жағдайы күрт нашарлаған.

«Дәрігерлердің айтуынша, таңғы 09:40-та наркоз беріп, интубация жасауға тырысқан. Бірақ интубация жасай алмаған. Сол кезде қан қысымы 220-ға дейін көтеріліп, қант көрсеткіші 25 болған. Кейін ишемиялық инсульт алып, комаға түсті», – дейді Лаура Айтуова. 

Жұбайының сөзінше, дәрігерлер науқастың ауыр жағдайын бірден айтпаған.

«Сағат 11-де дәрігерге хабарластым. Бірақ жауап бермеді. Жедел жәрдемді бірнеше сағаттан кейін шақырған. Реанимацияға кешкі беске қарай ғана жеткізді», – дейді ол.

Ербол Айтуов бір ай бойы комада жатқан. 5 мамыр күні таңғы сағат 08:22-де өмірден өтті.

Артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Үлкені – 12 жаста, ортаншысы – 9-да, ал кенжесі небәрі 4 жаста. Анасының айтуынша, балалар әлі күнге дейін әкесінің үйге кіріп келетінін күтіп жүреді.

«Қызыма әлі айтпадық. Күнде жылап жүр: “Папа қашан ауруханадан келеді?” деп сұрайды. Әкесін күтіп жүр. Үлкен балам тұйықталып қалды. Түнде көрпенің астына кіріп алып жылайды. Ортаншы баламның эмоциясы да бар…», – дейді Лаура Айтуова.

Марқұмның жұбайы клиника өкілдерінің осы уақытқа дейін кешірім сұрамағанын айтады.

«Ақтауда мұндай операцияны тек “Қасиет” клиникасы жасайтын болғандықтан, жолдасым сол жерді таңдады. Қазір мен үшін ең маңыздысы – оның неден, қалай қайтыс болғанын анықтау. Шындық айтылсын», – дейді ол.

Полиция істің мән-жайын анықтау үшін Лаура Айтуованы әңгімелесуге шақырған. Алдағы уақытта іс қозғалуы мүмкін.

Бұған дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті емханаға жоспардан тыс тексеру жүргізгені белгілі болды. Тексеру кезінде клиникадан бірқатар заңбұзушылық анықталған. Ведомство мәліметінше, операциялық блок толық жабдықталмаған, кейбір құрылғылардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, сондай-ақ анафилактикалық шокқа қарсы құралдар жоқ болып шыққан.

Сонымен қатар медициналық мекемеде ересектерге арналған анестезиология және реанимация қызметін көрсетуге арналған лицензия болмағаны анықталған. Сондай-ақ департамент өкілдері науқасты ота алдында толық тексеруден өткізбегенін және медициналық қарсы көрсетілімдері болса да, ота жасауға рұқсат берілгенін анықтады. Тексеру нәтижесі бойынша хаттама толтырылып, іс материалдары прокуратураға жолданады.

Қазір оқып жатыр

Сот Оразалы Ержановтың бостандығын шектеу туралы үкім шығарды

Оразалы Ержанов

Hyundai-дің АҚШ-тағы мәселесі Қазақстандағы көліктерге әсер етпейді

.

Ақтауда депутат пластикалық отадан кейін қайтыс болды

Ербол Айтуов

Прокурор қоғам белсендісі Оразалы Ержановқа төрт жыл шартты жаза тағайындауды сұрады

Қаржыгер