«Шәмшінің әндерін қатты жақсы көремін» – Қырғыздың әуесқой әншісі Эльдияр Усубакунов

Әлеуметтік желі ел мен жерді, тіпті адамдарды да жақындастырып жіберді. Соның бірі – Қырғызстандағы әуесқой әнші Эльдияр Усубакунов. Тумысынан екі қолы жоқ, бірақ табиғи талантты, бала кезінен еңбекқор азамат бүгінде жанды дауыста ән шырқап, талайдың жүрегіне жол таба білді.
NEGE тілшісі қырғыз еліне ғана емес, қазақ тыңдармандарының да ықыласына бөленген әншімен әңгімелесіп, сыр ақтарысты.
– Эльдияр, жұрт сіздің өнеріңізге әлеуметтік желі арқылы қанық. Қашаннан бері ән саласыз? Өзіңізді кеңірек таныстырып өтсеңіз...
– 1987 жылы Қырғызстанның Ыстықкөл облысында туып-өстім. Қазір Шу облысы Жайыл ауданына қарасты Қара-Балта қаласында тұрамын. Отбасылымын, төрт балам бар. Өзім бала кезден ән айтамын. Мен 1 жас 7 айда ғана тәй-тәй басып жүріппін. Бірақ бір жасымда сөйлеп кетіппін. Сол кездің өзінде жырларды жаттап алып, ән айтқан екенмін. Мұның бәрін ес білгенде апам айтып берді. Кейін өнерімді мектептің кештерінде көрсететін болдым. Қандай жақсы ән бар, соның сөзін жаттап алуға асығатынмын.
– Бірақ кәсіби әнші атану үшін білім алуға құлшынбадыңыз ба, әлде мүмкіндік болмады ма?
– Жоқ, еш жерде оқымадым. Мүмкіндік те болмады. Әке-шешем ауылда тұрды. Мал бақты. Отбасымызда екі қыз, бір ұл болғандықтан шаруашылыққа қарайластым. Әкемнің бір жағына шығысып, жәрдем еттім. Қазір ара өсіріп, бал жинаумен айналысамын. Осылайша, жас кезде кәсіби әнші болатындай арнайы білім алу жайын ойға да алмаппын. Егер әке-шешем бала кезден бұл қырымды танып, арнайы мектепке берсе, бәлкім өнер жолында жүрер ме едім, кім білсін?! Бірақ ол үшін ешкімді кінәламаймын. Шүкір, қазір де талантым жерде қалып жатқан жоқ. Өз жұмысыммен қатар алып жүруге тырысамын.
– Бұл өнер сізге кімнен берілді? Балаларыңыздың ішінде «әу» дейтіні бар ма?
– Менің анам ән айтады. Ал әкем – өлең жазады. Бұл кісілер де шығармашылықтан алыс емес. Екеуінен берілгені анық. Өздері де ән мен жырға жаны құмар болса да, мені оқытуға реті келмеген ғой. Ол кезде жағдай да болмады. Бірақ балаларым өнерге жақын емес.
– Құлаққа жағымды дауысыңыз бар, сегіз қырлы, бір сырлы азаматсыз. Айып етпессіз, бірақ көпшілік екі қолыңызға не болғанын да білгісі келетін сияқты.
– Иә, оқырман сұрайды үнемі. Енді білгісі келеді ғой. Өмірге екі қолсыз келіппін. Іштен солай боп тудым. Әке-шешем 1986 жылы Ыстықкөл облысында орналасқан «Құмтөр» алтын кенішінде геологиялық барлау жұмысында жұмыс істеген екен. Негізі бұл кеніш 1995 жылы ашылған. Олар бұған дейінгі алтын орындарын табумен айналысқан кезеңде еңбек еткен. Анам – аспаз, әкем – жер астындағы шахтада жұмыс істеген. Мүмкін, екеуінің ағзасына экологиялық зардаптың кері әсері, зияны тиген шығар. Бұл да басты себеп болды ма деймін. Себебі, әпкем мен қарындасым өмірге сап-сау болып келген. Өз балаларымның да он екі мүшесі аман. Жалпы, біздің үрім-бұтақта бір мүшесі кем боп туылған ешкім жоқ.
Әрине, мені бағып-қағып өсіру ата-анама оңай соқпағанын білемін, сеземін. Мұны өскенде, өзім балалы болғанда бір сәтке көз алдыма әкеп, елестетіп көрдім. Сол үшін оларға басымды иемін. Бірақ маған екі қол бермесе де, өте белсенді, еңбекке қабілетті бала боп өстім. Құдай бір жағымды кеміс қылса да, басқа мүмкіндікті үйіп берген екен. Бала кезімнен ешкімге ауыртпалық түсірмеуге тырысатынмын. Екі қолымның басында саусақтарым бар. Өзім тамақ ішіп, бәрін істей беремін.

– Әлеуметтік желіде «Ақша жинап, протез қол салуға көмектесейік» деп жанашырлық танытқандарды көзім шалды. Көпшіліктің көмегін қабыл алғыңыз келмей ме?
– Бірде туыс ағам да «протез салып берейін» деп қолұшын беретінін айтқан. Әлеуметтік желіде де «Ақша жинап берейік» деп жазғандар көп болды. Оның ішінде Қазақстанның әр қаласынан көмек бергісі кеп, қолдау білдірген оқырман баршылық. Әрине, көңілдеріне, ниеттеріне мың алғыс айтамын. Бірақ маған протез киген өте ыңғайсыз. Қолайыма келмейді екен. Былтыр бір орталыққа барып, кеңес алдым. Менің қолым шынтақтан ұзынырақ. Егер қолым тура шынтақпен бітсе, иілуге келетіндей етіп протез салуға болады екен. Дәрігерлер де мұны түсіндіріп берді. Сосын Құдай жаратқан күйімде жүре беремін деп шештім.
– Жалпы, қоғамның мүгедектігі бар адамдарға көзқарасы қалай?
– Өзімді мүгедек адам ретінде емес, осы қоғамның толыққанды мүшесі санаймын. Халық та солай қабылдайды деп ойлаймын. Енді ел арасы болған соң біреулер мүсіркеп қарайтын да шығар. Екі қолымның жоғы рас. Ол үшін мемлекеттен 8 мың сом (47 мың теңге) жәрдемақы аламын. Бірақ көпшілік мені батыл, қайратты, талантты әнші ретінде жақсы көреді.
– Сізді халық тойға жиі шақыра ма? Ән айтып, ақша табуға бола ма екен?
– Шақырып тұрады, бірақ көп емес. Арасында барамын. Кейде әлеуметтік желіден көріп, шақыратындар бар. Осы маңайдағы бір тойға барсам, 3 мың сом береді. Ал қашықтау қала болса – 5 мың сом. Кейде 100 АҚШ долларына дейін аламын. Әйтеуір, тапқан ақша бір жыртықты жамауға кетеді. Тіпті, Қазақстанның Астана қаласынан ұсыныс болды. Алыстау болған соң бара алмадым. Егер Алматы, Тараз, Шымкент сияқты жақын қалалардан шақырса, жолын тауып жете алар едім. Енді қазір тәуекелге бел буып, шығып кету керек еді деп ойлап отырмын.
– Сіздің жаныңызға қандай ән жақын? Халық әндерінен бөлек, заманауи нақыштағы әндерге сұраныс бола ма?
– Көбінесе халық әндерін жанды дауыста шырқаймын. Менде фонограмма жоқ. Асықпай-аптықпай орындалатын әндер жақын. Ал тарс-гүрс эстрада әндерін көп айта бермеймін.
– Репертуарыңызға қазақтың әуезді әндерін де қосқан сияқтысыз. Демек, сұраныс бар ғой...
– Қоржынымда 15 шақты ән бар. Оның ішінде қазақтың әндері де жетерлік. Композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында», «Ана туралы жыр» әнін саламын. Өзіме қатты ұнайды. Әнші Сәкен Қалымов орындайтын «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін айтып жүрмін.
– Сіздің танылуыңызға әлеуметтік желінің ықпалы көп тиді ме?
– Бір жыл бұрын Тик-Ток әлеуметтік желісіне тіркелген едім. Сол арқылы көптің ықыласына бөленіп, тез танылдым. Бұл да қазіргі адамдарға берілген бір мүмкіндік. Жұрт әлемнің басқа бұрышындағы таланттарды біліп жатады. Әйтпесе, менің әншілігім ауылдан әрі аспайтын еді ғой. Бүгінде көршілес жатқан мемлекеттер де танып, хат жазып, ризашылығын білдіреді.
Жалпы, өзім желіде көп отыруға уақытым бола бермейді. Аса құмар да емеспін. Сосын келіншегім «Инстаграм желісінен де парақша ашайық. Мұнда да оқырман көп. Өз парақшаң болғаны дұрыс қой» деген соң, аштық. Екі-үш айда 15-16 мың жазылушы тіркелді. Қазір оқырманым жиырма мыңға жуықтады.