30 Шілде 18:00
...

«Агросала тек кәсіп емес, бұл өмір салты» – AgroWoman

Агросала
Фото: Жеке мұрағатынан

Қазақстанда агросала біртіндеп жаңа бейнеге еніп келеді – заманауи технологиялармен, цифрлық шешімдермен, экологияға жауапты көзқараспен және, әрине, жаңа буын мамандарымен. Солардың бірі – әлеуметтік желіде AgroWoman лақап атымен танымал жас агроном Ольга Дмитриевна. Осыған орай NEGE тілшісі оның тәжірибесі мен көзқарасы, сондай-ақ агросаладағы өзекті тақырыптар жөнінде сұхбаттасты.

– Агросалаға қалай келдіңіз? AgroWoman ретінде миссияңыз қандай?

– Мен жермен жұмыс істегім келді, бұл мен үшін ерекше дүние. Агросала – тек кәсіп емес, бұл өмір салты деп айтар едім. Жерге, табиғатқа, адамға қызмет ету – бұл менің ішкі құндылықтарыммен үндес келеді.

Агросала
Фото: Жеке мұрағатынан

Менің миссиям – ауыл шаруашылығын тек өнім көзі емес, жауапты өмір салты ретінде насихаттау. Жерге құрметпен қарау, білім арқылы еңбек ету және болашаққа сеніммен қарау – менің негізгі ұстанымым.

– Қазіргі таңда қандай қызметпен айналысып жүрсіз? Жұмыс жолыңыз қалай басталды?

– Ауыл шаруашылығында үш жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келемін. Жолымды қарапайым таразышы қызметінен бастадым. Сол кезде егіннің қандай еңбекпен келетінін өз көзіммен көрдім. Ең қиыны – бастапқыда мені байыппен қабылдамады. Әйел маман ретінде өзімді екі есе дәлелдеуіме тура келді. Бірақ мен тынымсыз үйрендім, көп сұрақ қойдым, өзіме артылғаннан да артық міндет алып жүрдім. Соның арқасында бүгінде кіші агроном болып жұмыс істеймін.

– Энергоүнемді технологияларға көшу Қазақстанда қаншалықты шынайы деп ойлайсыз?

– Жол бар, әрі басталып та кетті. Көптеген шаруашылықтар энергия үнемді болудың тек экология үшін емес, экономика үшін де пайдалы екенін түсіне бастады. Бүгінде субсидиялар, халықаралық бағдарламалар, техникалық қолдау мүмкіндіктері бар. Бірақ кедергілер де аз емес – маман тапшылығы, ақпарат жетіспеушілігі, агробілім деңгейі, фермерлердің сенімсіздігі.

Агросала
Ғаламтордан

– Сіздің ойыңызша, фермерлердің экологиялық сана-сезімі қалай өзгеріп жатыр?

– Соңғы жылдары айтарлықтай алға жылжу бар. Фермерлер топыраққа, суға, қолданылатын химикаттарға басқаша қарай бастады. Бірақ, өкінішке қарай, «арзан әрі тез» деген тәсілді ұстанатын шаруашылықтар да аз емес. Мұнда мәселе тек білімде ғана емес, уақыт пен ресурста да жатыр.

– Ауыл шаруашылығында не сізді шабыттандырады?

– Нәтиже. Өз қолыңмен бағып-күткен жер өнім бергенде, оның дәмі де, мағынасы да ерекше болады. Бұл – мақтаныш пен шынайы қуаныштың ерекше түрі. Бұл сезім қиындықтарды ұмыттырады.

– Бүгінде агросалада мансап құруды қалайтын жастарға не айтасыз? Қандай білім мен дағды қажет?

Агро
Jańa Dala / Green Day 2025

– Бірінші кезекте үйренуден қорықпау керек. Бұл салада табысты болудың негізі үнемі жаңа ақпаратқа ашық болу және заман ағымына сай бейімделе білу. Агросала – жай ғана дәстүрлі егін егу немесе мал өсіру емес, ол қазір үлкен ғылым мен технологияға сүйенетін саланың біріне айналды. Сондықтан қолмен де, ақылмен де жұмыс істеуге дайын болу керек. Жастардан талдау жасау, аналитикалық ойлау, картографиямен, дрондармен, автоматтандырылған техникамен жұмыс істей білу, цифрлық платформалармен таныс болу талап етіледі. Ақпараттық технологиялар, деректерді сараптау, экология, экономика, тіпті маркетинг сияқты салалармен агроөндіріс тығыз байланысты. Яғни, ауыл шаруашылығында табысты мансап құру үшін тек бір бағытты емес, кешенді білім мен жан-жақты дағдыларды меңгеру қажет.

Сонымен қатар, технология қанша дамыса да, ең бастысы – жермен байланысты жоғалтпау. Бұл табиғатты түсіну, оған құрметпен қарау, оның тілін тыңдай білу деген сөз. Жер – агросаланың жүрегі. Сол байланысты ұмытпаған адам ғана нағыз аграрий бола алады. Табиғатпен үндесе жұмыс істей алған жастар ауыл шаруашылығында үлкен жетістікке жетеді.

– Жастар үшін агросаланы қалай тартымды етуге болады деп ойлайсыз?

– Ашық әрі қазіргі заманға сай сөйлеген жөн. Аграрлық мамандық – тек трактор мен етік қана емес, сонымен бірге дрондар, датчиктер, алгоритмдер екенін көрсету керек. Тәжірибе алмасу, стартаптарды қолдау, халықаралық алмасу мүмкіндіктерін беру маңызды. Мектептер мен университеттерді қосу қажет. Ең бастысы – ауылдық жерлерді дамыту, оларды өмір сүруге ыңғайлы ету. Тек сол кезде жастар агросаланы «ауыр еңбек» деп емес, болашақ пен таңдау ретінде қарайды.