Жамбыл облысында жасөспірімдерді өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген не жағдай?
Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында соңғы бес айда бес жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсап қаза тапқанын жазған едік. Ішкі істер министрлігі ақпаратты растап, бұл деректер бойынша 5 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.
Астана, NEGE. Министрліктің редакциямыздың ресми сауалхатына берген жауабында 5 іс те Қылмыстық кодекстің «кәмелетке толмаған адамға қатысты өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қозғалғаны атап өтілген.
«Сауалхатта көрсетілген фактілер бойынша Қордай аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 105-бабының 3-бөлігімен 5 қылмыстық істі тіркеді. Оның ішінде 1 қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамы анықталмағандықтан тоқтатылды.
Қазіргі уақытта 4 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – делінген ІІМ жауабында.
Бұған әкімдіктегілер не дейді?
Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, Қаракемер ауылында 2025 жылы 1, ал 2026 жылы 4 кәмелетке толмаған өзіне-өзі қол жұмсау салдарынан қайтыс болған.
«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жекелеген жағдайларда себептер қатарында отбасылық және мектепішілік жанжалдар, психологиялық күйзелістер, сондай-ақ ықтимал тұқым қуалайтын бейімділік қарастырылуда», – делінген әкімдіктің Nege.kz-ке берген ресми жауабында.
- Тақырыпқа орай: Қаракемердің балаларын шыр айналдырған не қара күш?
Жалпы облыс бойынша 2026 жылдың есепті кезеңінде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 7 дерегі тіркелген. Жыл басталғалы бергі төрт айда тіркелген 7 (6 ұл, 1 қыз) жағдайдың бесеуі Қордай ауданында, біреуі Т.Рысқұлов ауданында, біреуі Байзақ ауданында орын алған. Соның ішінде 3 жасөспірім 12-13 жас аралығында, 7 жасөспірім 15–17 жаста болған.
«Барлығы көпбалалы отбасыларда тәрбиеленген», – дейді әкімдік өкілдері.
Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мақсатында өңірде 500-ден астам дәрістер, кездесулер ұйымдастырылғаны атап өтіледі.
«Әрбір дерек кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырыстарында қаралып, тиісті шаралар қабылданады.
Қордай ауданында педагог-психологтарға әдістемелік көмек көрсетіліп, білім беру ұйымдарының психологиялық қызметіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда», – делінген ведомство жауабында.
Оқушылардың психологиялық жай-күйін ерте анықтап, қолдау көрсету үшін Тараз қаласының 76 және Байзақ ауданының 39 мектебінде WeGlobal.ai психологиялық-педагогикалық мониторинг платформасы енгізілген. Бұл платформаны алдағы уақытта барлық білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Биылға оқу жылында Komek Stop Bullying жүйесіне 112 хабарлама түскен, барлығы бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Сондай-ақ әкімдік өкілдері облыстың барлық білім беру ұйымдарында «ДосболLIKE» бағдарламасы енгізілгенін, 5 мектепте буллингке қарсы Kiva бағдарламасы іске асырылып жатқаны туралы есеп берді.
Алайда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке бағытталған «Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау деректерінің жиілеуін өзіңіздің және ішкі саясат басқармасының жұмысының жеткіліксіздігімен байланыстырасыз ба?» деген сауалымыз жауапсыз қалғанын айта кету керек.
Қарашөкеев басқаратын облыста жасөспірімдермен қатар ересектер арасында да суицид деректері аз тіркелмеген. Әкімдік мәліметінше, 2026 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша, Жамбыл облысы аумағында барлығы 56 суицид фактісі тіркелген. Оның ішінде: ер адамдар – 46, әйелдер – 10. Суицид жасағандардың басым бөлігі еңбекке қабілетті жастағылар, әсіресе 35–44 жас аралығы (11 жағдай), сондай-ақ, 45–54 және 55–64 жас топтарында (әрқайсысы 7 жағдайдан) жиі кездеседі.
Суицид жасағандардың көбі әрекетті сау күйде жасаған – 47 адам, алкогольдік мас күйде – 4 адам, өзге психикалық жағдайларда – 5. Суицидке итермелеген негізгі факторлар ретінде:
- әлеуметтік-психологиялық қиындықтар – 6;
- жалғыздық сезімі – 4;
- отбасылық және туыстар арасындағы жанжалдар – 3;
- қалған жағдайларда себебі анықталмаған.

Қаракемерліктер НЕГЕ дабыл қақты?
Еске салсақ, 15 сәуірде Қаракемер ауылындағы сарайлардың бірінде 9-сыныптың екі оқушысының өлі денесі табылғаны жөнінде ақпарат шықты. Жергілікті полицейлер суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Екі жасөспірім бір-бірімен дос болған және қайғылы жайттың алдында әлеуметтік желіге фото жүктеп, «Естелікке» деп жазба қалдырған.
Осы хабар шыққаннан кейін ауыл тұрғындары мұндай жағдай аядай ауылда соңғы бес айдың ішінде бесінші рет қайталанып отырғанын айтып, дабыл қақты. Ауылда желтоқсан айынан бергі бес айдың ішінде бес бала өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған. Бұдан бөлек, тағы да екі жағдай дер кезінде тоқтатылған. Жағаұстатарлық жағдайды тыюда психологтардан еш қайран болмаған соң қаракемерліктер имамдарға жүгінуге мәжбүр болған.
Айта кетерлігі, бұл жағдайдың барлығы осы облысқа қарасты Тастөбе ауылындағы 9-сынып оқушысының қазасына байланысты сот процесі жүріп жатқан тұста болған. Тастөбе оқушы өз-өзіне қол жұмсаған. Тергеп-тексеру барысында оның буллингке ұшырағаны анықталып, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Таяуда осы іс бойынша үкім шығып, ауылдың 22 жастағы тұрғыны 8 жылға мен 10 және 11-сыныптың екі оқушысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.