USD
USD
USD

АТ1 мен Вена биржасы. ForteBank НЕГЕ капиталын жедел көбейтуде?

ForteBank тобы 2025 жылдың аудиттелген қорытындысын жариялап, акционерлері таза кірісті дивиденд ретінде алудан бас тартты. Бұл бұрын тұрақты түрде дивиденд төлеп келген банктің өз траекториясын өзгертіп отырғанын байқатады. НЕГЕ?

forte
Фото: Nege.kz/ЖИ көмегімен жасалған

Осы айдағы акционерлер жиналысында 191 миллиард теңгені құраған 2025 жылғы таза табысты бөлмеу және оны банк иелігінде қалдыру туралы шешім қабылданды. Осылайша Forte тобының капитал құрамындағы үлестірілмеген кірісі 255 миллиард теңгеден асты. Конгламераттың дивиденд төлемеуі – күтпеген жағдай.

forte
Фото: kase.kz

Себебі, былтыр банк 2024 жылдың қорытындысы үшін 101,7 млрд теңге, ал екі жыл бұрын 2023 жылдың нәтижесі үшін 58,2 млрд теңге дивиденд үлестірген еді. Бұған дейін пайданы бөліп алып келген олигарх Болат Өтемұратов енді кем дегенде 173 миллиард теңгеден белгісіз себептермен бас тартып отыр.

Шынында да, бұл капиталды алдағы ықтимал мәмілеге дайындап жатқандай әсер қалдырады. Бұған дейін Қазақстанда банк сатып алуы мүмкін деп болжанған венгрлік «OTP Group» тобының ірі капиталды жақсы көретінін білеміз. Ал Forte өз капитализациясын күрт күшейте алды. Дәл қазір банктің капиталы 568 миллиард теңгеден 775 миллиард теңгеге дейін өсті. Бұл – өте елеулі серпін.

forte
Фото: Nege.kz

ForteBank-тің әлдебір өзгерістерге дайындалып жатқанының тағы бір дәлелі бар. Капитал құрамында көлемі 209,6 млрд теңге болатын мерзімсіз Tier 1 облигацияларының блогы пайда болды. Әдетте банктер мұндай қадамға нормативтерді күшейту, халықаралық мәмілеге дайындалу және капитал құрылымын сатуға ыңғайлы ету мақсатында барады. Forte бүгінде өзінің меншікті капиталына субординацияланған Additional Tier 1 (AT1) облигацияларын енгізген Қазақстандағы жалғыз банк болып отыр.

Бұған қоса Forte Лондон сияқты англосаксондық емес, еурозонадағы биржа бағытын таңдады. Банк бағалы қағаздарын Вена қор биржасында орналастырып отыр. Бұл банктің халықаралық қаржыландыру инфрақұрылымын Еуропа шеңберінде құрып жатқанын көрсетеді. OTP секілді Еуропадағы ірі ойыншыға мұндай жағдай үлкен артықшылық береді.

OTP бұрыннан бері посткеңестік елдер мен Шығыс Еуропадағы маржасы жоғары банк нарықтарына қызығушылық танытатыны жасырын емес.

Бұл сипаттамаға Қазақстан дәл келгенімен, биылдан бастап біздегі банктер үшін корпоративтік табыс салығының 5 пайызға өсуі инвесторлардың қызығушылығын сәл төмендетуі мүмкін. Қазақстанда тез әрі оңай пайда табу қиындай түсуде.

forte
Фото: Nege.kz

Болат Өтемұратов қазір «ForteBank» тобының 91,1% үлесін нық ұстап отыр. Home Credit-ті жуырда сатып алуын, активтердің кеңеюін және капитал өсімін ескерсек, Forte-ні 2,5 миллиард доллардан төмен бағаға сатпайтыны анық. Қазіргі ахуал көбірек капиталды күшейтуге, банкті нығайтуға, топты ірілендіруге және оның құнын өсіруге бағытталған. Одан кейін ғана стратегиялық сатып алушыны таңдау немесе IPO нұсқасы қаралуы мүмкін. Сондықтан банкті сату мәселесі биылғы жылдан гөрі орта мерзімді перспективаға жақынырақ.

Енді назарды екінші жартыжылдыққа аудару керек. Егер акционер тағы да дивидендтен бас тартса және банк төңірегінде JP Morgan секілді кеңесшілер бой көтерсе, онда 2027 жылы отандық банк секторы Бұлат Өтемұратовтың «АТФ» банкін италияндықтарға сатқаннан бергі екінші ірі мәмілесіне куә болуы мүмкін.

Қазір оқып жатыр

Қызылордада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті ауқымды шара өтті

таза

«Әлеуметтік желі арқылы нұсқау берілген»: Алматыда оқушы қыз мектепке балта алып барған

балта

Қазақстанда бірыңғай QR-код қашан іске қосылады?

QR-код

«Екінші үйім»: ДДСҰ басшысы Қазақстанға қонаққа келіп, қазақша ән шырқады

Тедрос Аданом Гебрейесус