31 Шілде 18:16
...

2026 жылдан бастап пәтер сату қиындайды

Тұрғын үй
Фото: ғаламтордан

Енді пәтерді салықсыз сату үшін бір емес, кемі екі жыл күту керек болады. 2026 жылдың басынан бастап жылжымайтын мүлікті сатудың жаңа ережелер күшіне енеді, деп хабарлайды 24kz.

Алматы, NEGE. Келер жылдың қаңтар айынан бастап жаңа Салық кодексі заңды күшіне енеді. Онда жылжымайтын мүлікті сатқан кездегі салыққа қатысты екі негізгі өзгеріс бар.

Біріншісі – меншік иесі болу мерзімінің ұзартылуы. Яғни, салық төлемеу үшін енді мүлік кемінде 2 жыл меншік иесінде болуы керек. Қазіргі кезде бұл мерзім небәрі 1 жыл. Қазір үйді, саяжайды, пәтерді, жертөлені, автотұрақ орнын, гаражды немесе жер телімін бір жылдан аз иеленген сатушылар табысынан 10% салық төлейді.

Алайда келесі жылдан бастап бұл мөлшерлеме 15%-ға дейін көтеріледі, бірақ бәріне емес. Бұл тек 8 500 АЕК-тен жоғары тұратын нысандарға қатысты болады. Бүгінгі таңда бұл 33 миллион теңгеден асады. Қалған жағдайларда бұрынғы 10% мөлшерлеме сақталады.

Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Пак жаңа салық өзгерістеріне өз бағасын беріп, олардың кімдерге көбірек әсер етуі мүмкін екенін айтады.

«8 500 АЕК – бұл, ең алдымен, коммерциялық нысандарға қатысты болмақ. Онда салықтар бұрыннан жоғары болған, сондықтан бұл бағаға әсер етеді деп ойламаймын. Ал 2 жыл мерзімге келсек, бұл да қорқынышты емес. Соңында, егер адам баспана сатып алса, Қазақстанда адам өмірінде орта есеппен үш рет үй ауыстырады», – дейді ол.