31 Шілде 16:50
...

BI Group қырып ақша таба бастады. Рахымбаев НЕГЕ рекорд жаңартпақ?

Биай
Фото: Фото: Nege.kz

«BI Development» жекеменшік компаниясы биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы динамикасымен таң қалдырды. Егер осы қарқынды жыл бойы ұстайтын болса, онда «BI Group» холдингі рекордты табыс алмақ.

BI Group 2024 жылы 75,9 миллиард теңге таза кіріс алған болатын. Оның 51 миллиардын Айдын Рахымбаев холдингінде қалдырды. Ал қалған 25 миллиард теңге кірісті акционерлер өздеріне дивиденд ретінде аударып алды.

Өткен жылдың алғашқы үш айында BI Group холдингі көрсеткен таза табыс 33 миллиард теңге болса, биылғы I тоқсанда ол 40 миллиард теңгеден асады. Модельді болжамға сай, биыл Айдын Рахымбаев 90 миллиард теңгеден астам таза кіріс алуы тиіс.

BI
Фото: "BI Development" жеке компаниясының тоқсандық есебі

BI Group холдингі НЕГЕ табысын күрт еселеп жатыр? Тұрғын үй бағасының қымбаттағаны ірі құрылыс компаниясына жағымды әсер берді. Мысалы, 2024 жылы BI Group нарықта сатқан үйлердің орташа бағасы шаршы метріне 549,3 мың теңге болды. Ал әр шаршы метрдің өзіндік құны 404 мың теңгеге жетіпті.

Сонда Айдын Рахымбаев бір шаршы метрден 145 мың теңге пайда тауып отырған. Былтыр Bi Group 1 052 000 шаршы метр баспана сатты. Холдинг өзі сататын шаршы метрді де, одан түсетін таза табысты да жыл сайын көбейтіп келеді.

BI
Фото: Nege.kz

BI Group компаниясының жанды жері – салық. Премьер-министр Олжас Бектенов осы құрылыс алпауытын арнайы мониторингте ұстап отыр.

Биылғы бірінші тоқсанда выручка қатты өссе де, BI Group салық резервіне тек 1,1 миллиард теңге қалдырған. Ал былтырғы алғашқы үш айда 1,4 миллиард теңгені салық үшін қалдырған болатын.

2024 жылы құрылыс алпауыты бюджетке 15,9 миллиард теңге корпоративті табыс салығын төлеген еді. Биыл қанша төлейтіні жұмбақ болып тұр.

Бірақ 2026 жылдан бастап BI Group КПН-ге қоса қосымша құн салығын төлей бастайды. Демек, бюджет үшін пайдасы бар компанияға айналатыны анық.