Дидар Смағұлов: Биыл ҰБТ 100 пайыз әділ өтеді

01 наурыз, 12:32
Дидар Смағұлов: Биыл ҰБТ 100 пайыз әділ өтеді
Фото: baigenews.kz

«2020 жылы індетке қарамастан, тәртіп қатаңдатылып, әділдік орнады» дейді мамандар. Ал биылғы ҰБТ-ның жыры бөлек. Олай деуге себеп – сынақ бұрынғыға қарағанда өзгеше өтпекші. Біз биылғы сынақтың қалай өтетіні жайында Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловтан сұрап білдік. 

–  Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) де жақын қалды. Былтыр сынақ әділ әрі ашық өтті деген пікірді көп естідік. Дегенмен, сіздіңше ҰБТ қаншалықты әділ өтті?

– Меніңше, былтырғы сынақ 90 пайызға әділ өтті. Өкінішке қарай, 100 пайыз әділ етуге мүмкіндік болмады. Неге? Өйткені, ҰБТ 1300-ден астам аудиторияда өтті. Оны ұйымдастыруға 1800-ден астам адам жұмылдырылды. Сондықтан бәрі ашық әрі әділетті өтті дей алмаймыз. Алла сәтін салса, биыл сынақтың форматын мүлдем өзгерттік. Бұл бізге де, мектеп түлектеріне де ыңғайлы. Өткен жылы 120 мың бала ҰБТ-ны 10 күн ішінде тапсырып еді, бүкіл Қазақстанның әңгімесі осы мәселе төңірегінде өрбіді. Бұл да балаларға қосымша қысым сияқты.

– Ал биылғы сынақ қалай өтеді? Талап былтырғыдан да қатаңдатыла ма?

– Әр бала сынақты компьютермен тапсырады. Жауабы да, білім деңгейі де көз алдында белгілі болады. Жаңа формат бойынша, ҰБТ 100 күн ішінде өтеді. Бір артықшылығы, мектеп түлектері қашан тапсыратынын өзі таңдайды. Бәлкім, таңертең бе, түстен кейін бе, кешке ме, демалыс күні ме, өзі шешеді. Біз күнде жұмыс істейміз. Яғни, сынақты тапсыру уақытын созып, өткізу пунктерінің санын азайттық. Былтыр 169 пунктте өтсе, биыл жоспар бойынша 56 пунктте жүзеге асады. Былтыр аудиториядағы 50 адамды 3-4 камера түсірсе, енді әр баланың жанында бір камера болады. Бейнежазбаның бәрі бізде сақталынады, тест біткен соң бәрі талданады.

– Бір пікіріңізде «Осы орталыққа келіп, біраз жақынымнан қол үздім» деген едіңіз. Біздің қоғамның әділдік пен шынайылыққа деген көзқарасы қалай екен?

– Өкінішке қарай, өте қиын. Бірақ әділдікті орнату мүмкін емес деп айта алмаймын. Талай достарыма көмектесе алмайтынымды айтып едім, теріс айналып кетті. Қазір олармен қарым-қатынас үзілді. Бірақ қоғам да жаймен түсініп жатыр. Ал мына жаңа жүйе арқылы ешкімге ешқандай көмек берілмейтін болады. Бейнежазбаны адам емес, компьютер жазады. Сондықтан біреу-міреуге көмектескім келетін ниетім болса да, көмектесе алмаймын. Өйткені, автоматтандыру мен цирфландыру бізге едәуір септігін тигізіп жатыр.

Мәселен, әр баланың жанындағы камераға түскен жазбаны өзіміз отырып қараймыз, сосын компьютер де тексереді. Computer vision деген арнайы бағдарлама сынақ тапсырушының қолында тыйым салынған зат болса, оны анықтап кезекшіге айтады. Яғни, смартфон бар ықтималдылығы 80-90 пайыз деп білдіреді. Сол жердегі қызметкеріміздің шешімінен кейін, біз қараймыз.

– Білім беру саласы жемқорлыққа батып қалғанын мойындайсыз ба?

– Осы қызметке келгенде дәл солай деп ойлағанмын. Бірақ жұмыс барысында Қазақстанның дамуына, білім сапасының көтерілуіне жаны ашитын мұғалімдер мен оқушылардың бары қуантты. Әділдікті талап ететін әріптестерімді де көрдім. Келе салып, жұмысқа кіріскенімде маған хабарласып: «Мына мәселеге көңіл бөлсеңіз екен» деп кеңес бергендер көп болды. Негізінен көп тәуекелді жоюға мектеп директорлары мен мұғалімдері көмектесті. Білім саласындағы әділдіктің орнауы – қоғам талабы.

– ҰБТ-ның 100 пайыз әділ өтетін уақыты қашан?

 Биыл 100 пайыз әділ өтеді. Өйткені, бейнежазбаға компьютер және біз талдау жасаймыз. Бұл жасанды интеллектке ұқсайды. Біз қолданатын технология жүйесіне 100 мың сағаттық видеоны көрсетіп, бәрін үйреттік. Яғни, «Смартфонның қандай түрлері бар? Оны адамдар қалай пайдаланады? Жауапты қалай көшіреді?» дегенді жақсы деңгейде меңгерді. Ережеге сәйкес, 25 тамызға дейін барлық бейнежазба қайтадан талдаудан өтеді. Былтыр да үлкен аудиториядағы үш-төрт камераны қайта тексерудің нәтижесінде көп заңбұзушылықты анықтадық.

– Бізден індет әлі кете қойған жоқ. Сынақ тапсырушылардың қауіпсіздігі қалай сақталады?

– Ұйымдастыру жағына келсек, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Былтыр ҰБТ кезінде ешқандай індет жұқтыру болған жоқ. Маусым, шілде айларында індет өршіп тұрса да, індетке қарсы шаралар тоқтаған жоқ. Биыл да сол деңгейде өтеді. Әлеуметтік арақашықтық сақталады. Аудиторияны компьютермен жабдықтағанда да мұның бәрі ескерілді. Әр баланың орны бөлек және арнайы пластик қоршаудың ішінде отырады. Бір күнде 12 мың түлек сынап тапсыра алады. Таңертең 6 мың, түстен кейін 6 мың. 4 сағат уақытта тапсырып, бірден жауабын алып, сол мезетте аппеляцияға шағымдануына болады.

– ҰБТ-дағы сұрақтың мазмұнына да қатысты сын көп. Осы жағына қаншалықты мән бересіздер?

 Жұмысқа кіріскен сәтте осы мәселені де қолға алдық. Бұл тұрғыда да жақсы нәтиже бар. Көптеген сұрақты аппеляцияға бердік, кейбірі қанағаттандырылды. Егер 2018 жылы 101 сұрақтың сапасыз екені анықталса, 2019 жылы бұл 58-ге дейін төмендеді. Ал 2020 жылы тек 27 сұрақтың ғана сапасы төмен екені белгілі болды.

– Ал сынақ тапсырушылар «қызық» сұрақтардың да кездесетінін жиі айтады.

 Осы жөнінде көп естимін. Мысалы, «Абылайханның атының неше тісі болған?» деген сұрақ ҰБТ-да ешқашан болған емес. Мұны ресми түрде де айттым. Бұл сауал жеке білім беру орталығы құрастырған сынақ кітапшасында кездескен. Оны мектеп түлегі сатып алып, үй ішіне көрсетеді. Анасы оны «ҰБТ-ның сынақ кітапшасында осындай сұрақ бар екен» деп интернетке жариялап жібереді.

Көпшілікке тағы ескерте кетейін, әр сұрақты жоғары білікті мұғалімдер дайындайды. Содан кейін тәуелсіз сарапшылар сараптама жасайды. Өзіміз де қараймыз. Яғни, төрт баспалдақтан кейін ғана базаға енгізіледі. Сондықтан әлгіндей сұрақтың болуы мүмкін емес. Құдайға шүкір, екі жыл қатарынан сұрақ төңірегінде ешқандай шу шықпады. Демек, сұрақтың сапасы өсті деген сөз. Жыл сайын ҰБТ-да 35-40 мың сұрақ пайдаланылады. Соның 27-сі ғана сапасыз болып шықты.

– Таяуда ғана Фейсбуктегі парақшаңызда біліктілікті арттыру жөніндегі сынақ кезінде мұғалімдердің «шпаргалка» пайдаланғанын жария еттіңіз. Ұстаздың өзі осындай болса, шәкірті қайтпек?

– 5 жылда бір рет немесе кезектен тыс тестілеу өтіп тұрады. Бұл жағдай ұлттық біліктілікті тексеретін тестілеуде болды. Осы жайтты жариялаған кезде кейбір мұғалім маған ренжіді. «Көпшілікке неге айтасыз?» деп жекеме хат жазды.

Мен мұны неге жаздым? Біз осы мәселені былтыр да көтердік. «Құрметті әріптестер, мұндайды қойыңыздар! Сіздерден балалар үлгі алады. Жақсы жағынан өнеге көрсетейік! Егер баладан академиялық адалдықты талап етсек, алдымен өзімізден бастауымыз керек» деп айттық. Өкінішке қарай, ұстаз қауымы ештеңе түсінбеген сияқты. Егер 2020 жылы «шпаргалканы»1200-ден астам мұғалім пайдаланса, ақпан айының 19 күнінде 149 мұғалім ұсталды. Бір айта кетерлігі, олар жай ғана смартфон ғана емес, микроқұлаққап, арнайы микрофон алып кірген. Бұл кез келген дүкенде, базарда сатылмайды. Оны сатып және пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Тіпті, 5-8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады.

–​ Енді олар жазаға кесіле ме?

– Әрине, заң бәріне ортақ. Ұйымдастырушылар өтінішті полицияға жазды. Біз тергеу органдарының нәтижесін күтеміз. Қазақстан бойынша заңды өрескел бұзған 97 мұғалім Шымкент пен Түркістан облысында, екінші орында 39 мұғалім – Жамбыл облысы, үшінші орында Ақтөбе облысы тұр. Осы мәселе жөнінде тағы жазба қалдырдым. Енді түсінбесе, екінші қадам бар, ол – видеоны жариялаймыз. Яғни, мұғалімнің бетін көрсетіп, әшкере етеміз. Біздің бұны  жариялауға құқымыз бар. Тіркеу кезінде мұғалімнен «жеке мәліметтерін және бейнежазбаны интернетке жариялауға қарсы емеспін» деген қолхат алынды. Бірақ біз бұған бармас үшін алдын ала ескерту жасадық.

 – Шетелде мұндай мәселе туралы сөз жоқ па?

– Батыс елдерінде мұндай мәселе жоқ. Менің арманым – мектеп түлектері мен мұғалімдердің сынақты үйде отырып тапсыруы. Бірақ бұл күнге қашан жететінімізді бір Құдай біледі. Өйткені, біздің елде академиялық адалдықтың деңгейі өте төмен.

Д.Смағұлов

2019 жылы халықаралық конференцияға қатысып, баяндама жасап, сынақты компьютер өзі қарайтын жүйе туралы айттым. Сонда басқа елден келген делегаттар: «Мұның не керегі бар?» деп аң-таң болысты. «Бізде әлі күнге жауапты көшіреді ғой» дедім ыңғайсызданып. Сөйтсем, оларда көшіру деген атымен жоқ екен. Егер емтиханда біреу жауапты көшіріп отырса, жанындағы бала айтып береді. Өйткені, бұл әділдікті талап етіп, бәсекелестік орнатады. Бәлкім, әлгі көшіріп отырған бала болашақта білімді маманның орнын иемденуі мүмкін. Сондықтан бұл тәртіп батыс елдерінің мәдениетіне сіңіп кеткен. Ал бізге бұған жету үшін уақыт керек.

2019 жылы 115 мың түлек қатысқан ҰБТ сынағында 128 мың смартфон мен тыйым салынған заттар анықталса, 2020 жылы 120 мың бала қатысып, 2500 тыйым салынған зат тәркіленді. Бұл көрсеткіш те қазір 60 есеге азайды. Демек, әділдік кейбір балалардың санасына кіріп келе жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет! 

#ұбт #шпаргалка #смағұлов #тест #жемқорлық