20 Ақпан 18:46

«Сараптама жоқ» – Теріскейге көш НЕГЕ қайраңдады?

Саясат
Фото: Коллаж NEGE

Халқы күн санап азайып бара жатқан Қазақстанның солтүстік өлкелерін игеру бүгінде алынбас қамал болып тұр. Мемлекет бас болып, қолға алған оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының еш нәтиже бермегенін биліктің өзі де мойындады. 

Сенатта демографиялық өсу тақырыбына арналған Үкімет сағатында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев осындай мәлімдеме жасады.

– Оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындауымыз керек. Осы орайда қазір Сенатта қаралып жатқан Көші-қон туралы жаңа заң еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру үшін жаңа ынталандыру шараларын қарастырады деп сенеміз. Сонымен қатар осы бағытта басқа да іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет, – деді Сенат төрағасы.

Сенат төрағасы
М.Әшімбаев. Фото: ғаламтордан

Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, демографиялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік, транспорттық және инженерлік инфрақұрылымның да тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз ету керек. Мұнымен қоса, азаматтарымыздың жан-жақты дамуы үшін сапалы, экологиялық орта қалыптастыру да маңызды іс. Қазіргі кезде еліміздің демографиялық дамуына байланысты осындай мәселелер бойынша тиімді ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажет.

Бүгінде оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал, солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалған. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында халық саны едеуір азайған.

Теріскейдің төскейін жанға, жазирасын малға толтырады деп күткен бағдарламаның неге қайраңдап қалғаны жөнінде NEGE тілшісі маманның пікірін білді.

Айман ЖҮСІПОВА, әлеуметтанушы:

Сараптама болмай, бағдарлама жүзеге аспайды

Әлеуметтанушы
А.Жүсіпова. Фото: ғаламтордан

– Мемлекет бір бағдарламаны іске қосқан соң, біраз уақыттан соң зерттеу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Ненің дұрыс болмағанын түсініп, бақылау жүргізіп, өзгеріс енгізіп, қателіктерді түзету үшін. Өкінішке қарай, бұлай болмады. Адамдар кете бастаған соң, көп ақша бере бастады. Яғни, қандай қателік болғанына сараптама жүргізбестен қаржыландыруды арттыра түсті.

Іс жүзінде қандай олқылық болды? Үйлердің сапасы адамдардың көңілінен шықпады. Бұған қарамастан, оңтүстік жастарының солтүстікте оқуына, содан кейін ол жақта қалып жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін «Серпін» бағдарламасын жасады. Ал ол жақта жалақы қандай? Айлық көлемі 80-90 мың теңге көлемінде ғана. Бұдан бөлек, жастар пәтер жалдап тұруы керек. Бағдарламаның кемшіліктері бастапқыда-ақ анық көрінді. Кез келген бағдарламаны жасап, қолға алғандар ол адамның орнына өзін қойып көруі керек еді.

Солтүстікке көшкен адамдар аяғынан тік тұрғандар емес, бәрін басынан бастауы тиіс жастар еді. Солтүстікке барған адамдарға ең алдымен жұмыс табуға көмектесу керек. Шынтуайтында, ол жақта жергілікті тұрғындардың өзінде жұмыс жоқ. Өздері де әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды бастан кешіп жатыр. Сондай аймаққа адамдарды көшіруде. Оларға өмір сүрулеріне жетпейтін жалақы ұсынады. Осы жайттардың бәрі жіті есепке алынбаған. Инфрақұрылым мәселесіне қатысты да сауал көп.

Мемлекет адамдарды жалдау үшін жұмыс орындарына субсидия бөле бастады. Мұның қаншалықты тиімді болғаны түсініксіз. Бұл шешімдердің қаншалық дұрыс немесе бұрыс болғаны талданып, сараптама жасалды ма, жоқ па? әйтеуір, дұрыс немесе бұрыс болды деген мәліметтер мүлде жоқ.

Біз солтүстікте оқыған оңтүстіктің қазақ жастарының арасында сауалнама жүргіздік. Олар сол жақта қалғысы келеді. Ұнайтынын айтты. Бірақ тұрақтап қалуға экономикалық жағдай жоқ.

Солтүстік
Коллаж: azattyq-ruhy.kz

Жергілікті тұрғындармен интеграция мәселесі де қылаң береді. Әлеуметтік-мәдени мәселе де проблема туғызады. Өйткені, жергілікті халық қазақша білмейді. Ең ақылды деген жастарды орыс тілінде оқытса, олардың үлгерімі қандай болады? Бұл мәселелерді де алдын ала қарастыру керек еді. Екі тілді жақсы білетін оқытушыларды тарту керек еді. Демек, бағдарламаны алдын ала сараптама жасамастан бастап жіберген. Қателіктерді анықтап, ескерместен, көп ақша жұмсай берді. Бір ұлттық бағдарламаға қомақты қаржы бөлгенімен, артынша құрдымға кеткені туралы бір мақаланы көзім шалып қалды. Неге құрдымға кеткені мүлде түсініксіз.

Менің пікірімше, Қазақстан үшін бұл бағдарлама өте маңызды. Оңтүстіктің халқын солтүстікке көшіру ауадай қажет. Өйткені, оңтүстікте жер жетпей жатыр. Үй салуға да, мал өсіруге де. Оның үстіне, оңтүстікте туу деңгейі өте жоғары. Бұл бағдарлама Қазақстанның мүддесіне сәйкес келеді. Бірақ жүрдім-бардым іске асырылып жатыр. Бұл бағдарламаның іске асқанын жүз пайыз қолдаймын. Десе де, терең сараптама жүргізілуі тиіс.

Ең алдымен солтүстікке қандай мамандар керек екенін анықтаған жөн. Оңтүстіктің кез келген адамын көшіріп әкелмей, алдымен ол адамның жұмыспен қамтамасыз етілетініне баса назар аударған жөн. Егер сізге бір жақтан екінші жаққа көш деп айту үшін баратын жағыңыз сіз үшін тартымды болуы тиіс. Адамдар көшіп баруы үшін жағдай жасалуы шарт. Өздері көшіп баруды қалайтындай болуы керек. Жұмысқа тұру, тұрғын үй мәселесі шешілуі тиіс. Баспаналарды қабылдайтын қандай да бір комиссия болуы қажет.

Мәселен, «Серпін» бағдарламасы бойынша үш жыл сол жақта тұру талабы енгізілді. Жастар үш жыл сонда жұмыс істеуі үшін, тым құрыса, тұрғын үй мәселесін шешіп берсін. Біздегі тұрғын үйді жалдау бағасы қанша екені бәрімізге белгілі. 80 мың теңге айлықпен жастар қалай пәтер жалдап, киім киіп, тамағын ішпек? Бұл мәселелер де шешілсін. Жүйелі түрде қарастыру қажет.

Петропавл
Абылай ханның Петропавл қаласындағы резиденциясы. Фото: massaget.kz

Ең бастысы, әлеуметтік-мәдени мәселелерді де қарастыру керек. Мәселен, жанжал шықпасы үшін көшіп келгендерге қандай жағдай жасалса, ондай игілікке жергілікті тұрғындардың да қолы жетуі тиіс. Солтүстіктегі әлеуметтік-экономикалық жағдай мәз емес. Мәселен, көшіп келгендерге жақсы үй салып берсе, нашар үйде тұрып жатқан жергілікті тұрғындар оларға қалай оң көзбен қарайды? Сондықтан жергілікті халық үшін де, көшіп келушілер үшін де бірдей жағдай жасалуы қажет.

Адамдар бірлесіп, бір қауымдастыққа айналуы үшін интеграциялық шаралар керек. Мысалы, қандай да бір мәдени шаралар өткізілуі керек. «Серпін» арқылы білім алуы үшін көздері бақырайып, ештеңе ұқпай отырмайтындай екі тілге жетік оқытушыларды тарту қажет. Тек қана қазақша сөйлейтін жастарға орыс тілінде білім беруге әсте болмайды. Бұл – адамшылыққа жат. Сондықтан істі бастап, ақша салмас бұрын сараптама жасау аса маңызды.