Санжар Боқаев: Мен НЕГЕ ұялдым?

2020 жылдың қорытындысын шығара бастадым. Өткен жыл үшін төлеуге тиіс салықты есептеп жатырмын. Шамамен 60 млн теңгеге жуықтады. Парламенттің бір депутатын асырауға шамамыз келмегенін ойлап, ұялғаннан қызарып кеттім.
Өйткені бір депутатты асырау үшін мемлекет жылына 92 млн теңге жұмсайды. Ойлап көріңізші, 78 адамнан тұратын біздің команда жыл бойы 5000 шаршы метр өндіріс алаңында жұмыс істеп, мыңнан аса тапсырыс орындады. Жұмысты көп істедік, бірақ бір депутатты асырай алмадық. Осындайда Салтыков-Щедриннің повесіндегі бір еркектің екі генералды асырағаны еске түседі. Ұят-ты, менің тіпті бір депутатты асырауға шамам жетпеді.
Мемлекеттің тиімділігі аз екені осындайда көрінеді. Салыстырмалы түрде алсақ, егер жеке компания жоғары жалақымен көптеген әкімшілік қызметкерді жұмысқа алса, бизнес бір айға да шыдамайды.
Парламент.
Дағдарыс кеңірдектен қысқан сайын қоғамға «белді бекем буыңдар» деп айтумен келеді, бірақ депутаттар мен мемлекеттік аппараттың шығыны азайған жоқ.
Парламент депутаттары S-класты мерседестерден бас тартса дейсің. Осы шешімнің өзі жыл сайын 1 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік берер еді.
Менің ойымша, олар қызметтік көліктен бас тартып өз көліктерімен жүрсе, ештеңесі кетпейді. Вашингтон мен Нью-Йорктің метросынан Ақ үй мен Конгрестің біздің депутаттардан да салмақты шенділерін кездестіргенмін.
Мәжіліс пен Сенаттағы түкке пайдасы жоқ персоналдар мен көптеген көмекшілерден бас тартып, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жағын да батыл оңтайландыруға болар еді.
Осылардың бәрі депутаттардың толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін құрылған. Ал енді депутаттар толыққанды жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па, оны қазақстандықтар айтсын.
Ал мен депутатты асырау үшін өз тарапымнан бұдан да көп әрі жақсы жұмыс істеуге уәде беремін...