«Рэкеттердің қыспағынан қалай өткеніміз суреттеледі» – Қыдырәлі Болманов кино түсірмек
Қыдырәлі Болмановты білмейтін қазақ жоқ шығар. Қазақ эстарадасын орыс пен батыстың экспансиясы жаулай бастағанда ол құрған «АБК», Еуропа төрінде «Адайды» асқақтатып, қазақ музыкасын танытқан «Ұлытау» этно-рок тобы – продюсердің пәрменді жобалары.
Бұдан кейінгі «Бангор» тобы мен қазақ музыкасында алғаш рок стилімен танылған Әсем Көпбаева да шоу-бизнестің көшін бастаған ерекше жобаларды болды. Қала берді Қарақат феноменін қалыптастырып, жетіген арқалайтын ұрпақ тәрбиелеуде тер төгіп жүрген білікті продюсермен тілшіміз сөйлескен еді.
– Алдымен туған күніңізбен құттықтап қояйық.
– Рақмет! Баяғыда Шәмші атамызға біреу тойда кәстөм-шалбар кигізіпті. Түнде қайтып келе жатқанда әлгі сыйлығын көшедегі бұзақылар шешіп алса керек. Сөйтсе, халқына деген көңілі дария композитор: «Ештеңе етпейді, халық шапанды өзі жауып, өзі шешеді», – деген екен. Сол айтқандай, менің мерейтойым биыл емес, алдағы жылы. Бірақ баспасөздің дені «Қыдырәлі алпысқа толды» деп жазған екен.
– Сыртқы сымбатыңызға қарасақ, алпысты алқымдап қалды деуге келмейді. Күтіміңіз күшті сияқты...
– Әскер кезінен бастап дене шынықтыру жаттығуларын жасауды, үнемі жылы су ішіп жүруді әдетке айналдырдым. Негізі көбінесе өзім де, балаларға да үйге жақын маңдағы бұлақтың табиғи суын ішкізуге тырысушы едім. Кейін көзі жабылып қалған соң оған қол жеткізе алмай қалдым. Қолым қалт еткенде жаттығу залына барып тұрамын. Сосын көктат пен көкөністі көп тұтынуға тырысамын. Бар болғаны – осы. Әйтпесе кейбіреулер айтып жүргендей бет терімді тартқызып, ер азаматқа ерсі әрекет жасаған емеспін.
– Желідегі бейнежазбаларға қарағанда той тосынсый ретінде жасалған көрінеді. Солай ма?
– Әрине, Қарақаттың керемет тартуы болды. Алматыға жол жүргелі отырғанымда, сапарды кейінге қалдыруымды өтінді. Сөйтіп, туған күніме бір күн қалғанда, түнгі сағат он екіде балаларым құттықтады. Содан ертесі кешкісін Қарақат «Сені алыстан тілеулес жандар құттықтауға келген екен. Барып, алғысымызды айтып шығайықшы» деді. Ойымда түк жоқ, асықпай-аптықпай киініп, үйден шығып айтқан жеріне кіріп барсақ, лық толы залдың ду қол шапалақпен қарсы алмасы бар ма?!
– Бұл жолы ел презиентінің атынан құттықау хат алған екенсіз. Бұл да тосынсый болған шығар?
– Аида Ғалымқызы – жасаған еңбегімді ескеріп, президенттің құттықтауын әкеліп тұрған тұңғыш министр. Бұл ол кісінің өнер мен мәдениетке деген құрметі деп білем. Әйтпесе, маған «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағын былтыр бергенін де көзі қырағы жұрт жақсы біледі. Осыдан он жыл бұрын министрліктен хабарласып, «атақты Қарақат ханым екеуіңіздің біреуіңіз ғана алуға тиіссіз» дегенде: «Халықтың құрметінен артық не бар, Қарақат алсын» деп қайырған едім. Еңбектің еленгені жақсы ғой. Бірақ мен үшін нағыз құрмет халықтың сүйіспеншілігімен өлшенеді.
– Өткен жылдарға «әттеген-ай» дейтін өкінішіңіз бар ма?
– Менің о бастағы арманым – ұлтымның кәдесіне жарайтын қарекет қылу арқылы оның құндылығын сақтап қалу болды. Осы жолда түрлі жобалар жасауға тырыстым. Оның дені коммерцияға емес, ұлттық идеологияға негізделген. Егер қандайда бір бизнесті қолға алсам, осы күні миллиардерлердің қатарынан табылған болар едім. Оған менің қабілет-қарымым жетеді. Бірақ, бүгінгідей жүрегім тыныш болмайды ғой. Себебі, өз басым ұлтының қажетіне жарамаған жанды жарты адамға балаймын. Осы ретте өткенге өкінішім жоқ деп ойлаймын.
– Дейтұрғанмен, жолыңызды кес-кестегендер аз болмаған шығар?
– Баршылық. «Ұлытау» алғаш құрылған жылдары клавишнигімізді өлтіріп кетті. Барабаншыларымыз бен гитаристерімізді арандатып, араға от салғандар болды. Айта берсем, аяқтан шалған жағдайлар жетіп артылады.
Бір ғана мысал келтірейін, мәселен Алматыдағы Республика сарайының қабырғасында жағалай қазақ сахнасындағы өнер иелерінің картинасы ілінген. Соның ішінде не мен, не Қарақат, не «Ұлытаудың» бірде-бір суреті жоқ екен. Кімнің тақиясына тар келіп жүргенімізді білмеймін. Десе де пендешілікке қарамастан мәдени майданда арпалысып жүрген жайым бар. Жалпы біздің елде ұлтты ішінен ыдыратуға тырысатын «жаулар» аз емес. Жастарды хэллоуин тойлауға желіктіріп, қалаберді ЛГБТ-ның сойылын соғып жүрген де солар.
– Қарақат мектеп студиясының санын қаншаға жеткіздіңіз?
– Мектептердің саны Қазақстан бойынша жиырмаға жуықтады. Онда он бес мыңға жуық талантты бала тәлім алып жатыр. Мектеп-студияның ашылғанына да он бес жыл болды. Шүкір, халқымыздың қанша ғасыр бұрын қалыптасқан жетіген аспабы жұтылып кетпеу үшін өнерге таласы бар жастарға үйрету арқылы қайта жаңғыртуға жұмылған едік. Нәтижесін берді, қазір мектепте оқитын балалардың жартысы жетігеннің қыр-сырын меңгеріп жүр.
– «Бал-бала» ойыншықтарын кейінгі кезде дүкен сөрелерінен көрмей кеттік. Неге?
– «Жауға салма жалғызды, қанша батыр болса да» деген жөн айтылған екен. Бұл жобаны жандандыруға екі миллион доллар қаражат салдым. Десе де шетелден келетін экспортты ойыншықтарға жалғыз өзім төтеп беру қиын болды. Сондықтан алда қайта шығаруға қажет болса, бастапқы үлгісі керек болар деп санаулысын ғана сақтап қалдым да, пандемиядан соң дүкендер желісін жаппай жаптым. «Бал-бала» сапалы жадығаттардан жасалғандықтан, сатылымдағы бағасы да арзанға түспейді. Ал базардан арзан ойыншық алатын жұрттың оны сатып алуы екіталай.
«Бал-баланы» кешенді түрде балабақшаға енгізсек деген ниетім де болды. Осы жолда қақпаған есігім қалмады. Мақсатым – ұлттық идеяны коммерциялату еді. Менің бала тәрбиесіне қатысты оқу оқып, диссертация қорғаудағы ниетім атақ алу емес – мектеп жасына дейiнгi балаларды педагогика, этнопедагогика, этнопсихология ғылымдары негiзiнде дамытып, тәрбиелеуге үлес қосу еді. Себебі, балабақшаларда ұлттық негіздегі ойыншықты қойып, сурет салатын боямаққа дейін Ресейдікін пайдаланып келген. Алдындағы кітапшадан қошақанның емес, торайдың суретін көрген бүлдіршін қалай қазақша сөйлейді?!
Осы мәселені шешу жолында «Бал-бала» атауымен кешенді оқу-құралдарын шығарып, этно-педагогиканы бір жолға қойсақ деген ойым болды. Бірақ еш жерден қайыр таппаған соң ойыншықтар легін шығаруды тоқтаттым. Алайда жуырда Білім және ғылым министрі Ғани Бейсембаев арнайы қабылдап, «Бал-баланы» жандандыру жағын айтып, ұсыныс тастады. Мен де осы тұрғыда өз ойымды ортаға салып, «Бал-бала» маркасын кешенді түрде дамытып, методикалық тұрғыда оқу бағдарламасына енгізу керектігін алға тарттым. Ол кісі ойымды құптап, ескеретін кейіп танытты. Енді министр ауысып кетпесе, бала тәрбиесіне қатысты бұл идеям жемісін табады деген сенімдемін. Мемлекеттің тамыры – ұлт, сондықтан президенттен бастап ұлттың кәдесіне жарайтын қарекет қылсақ, ұтылмасымыз анық.
– «Ұлытауды» жетелеп келе жатқаныңызға 25 жыл толған екен. Бірнеше адамды бір топтың аясына қалай жұмылдырып жүрсіз?
– Білуімше, береке мен бақыт ниеті таза жандар арасына қонақтайды. Біздің топ қазақ пен орыстардан құралса да, бір үйдің баласындай бәрі бір-біріне бауырлас, тілеулес болып отырады. Тазалық болған жерде татулық нық орнайды.
– Қазақ шоу-бизнесі даму үшін қайтпек керек?
– Менің бір қуанатыным, қазір теле-радиода қазақ әндері емін-еркін шырқалып, қазақ әншілеріне деген сұраныс артты. Өйткені сонау 1990-91 жылдары эфирде қазақша әндер мүлде қойылмайтын. Сол кезде атағы жер жарған «Европа Плюс» радиосы «біздің форматымызға сай келмейді» деген желеумен қазақша әндерді эфирге жібермейтін. Өз жерімізде қазақ тілінің өгейдің күйін кешкені сонша, сағат тілі түнгі он екіні көрсеткенде ғана қазақша әндер қатарына кезек берілетін. Бұл менің азаматтық намысымды жаныды.
Содан кезек күттірмей «АБК» тобын құруды қолға алдым. Өздеріңіз білетіндей, алғаш «Тамшылар» әнін жазып, оған бейнебаян түсіріп, эфирге шығарғанша тыншымадым. Нәтижесі сол – қанша жыл қатарынан хид-параттың көшбасынан түспеді. Бұдан соң араға көп уақыт салмай үштіктер құрылып, қазақ эстрадасы қазақша әндер қатарымен толыға түсті. Ал «Ұлытау» этно-рок тобынан соң сахнада домбыра ұстаған этно-топтар, Қарақат екеуміздің дуэтті фарматымыздан соң отбасылық жұптар қатары арта бастады. Менің бұлайша жанталасқан себебім – батыстық шоу-бизнестің елге дендеп еніп, алқымымыздан қысып тастауына жол бермеу болды.
Қазір шүкір етемін, қазақ эстрадасының өзіндік колориті қалыптасқаны сонша, орыстар мен афроамерикандық әншілердің өзі қазақша әнге салатын дәрежеге жеттік. Өткенде Мирас Жүгінісовтың концертіне барғанда лық толы стадиондағы жастардың бірауыздан қазақша ән шырқағанын көріп, көзіме ыстық жас үйірілді. Кезінде он алты жастағы Рахат Тұрлыхановты сахнаға шығарудағы мақсатым да сол – қазақша ән салатын жастар легін қалыптастыру болды. Ендігі мәселе – дәстүрлі музыканы сақтап қалу үшін оны көзден кетірмеуге тырысуымыз керек. Эстрада мен дәстүрлі музыканың арасында алтын көпірге айналатын түрлі жобаларды арттыруға тиіспіз.
– Сіздің кітап жазып жатқаныңызды естіп едік...
– Иә, бірақ оның тұсауын алдағы мерейлі алпыс жасқа толғанда кессем деп жоспарлап отырмын. Шығармашылық жолда өткерген ыстық-суығымызды баяндайтын туынды негізінде арнайы кинофильм түсірсек деген де ойымыз бар. Жобасын Ақан Сатаевқа көрсетіп едім «кассалық туынды болады» дегенді айтты. Онда тоқсаныншы жылдардағы рэкеттердің қыспағынан қалай өткеніміз де боямасыз суреттеледі.
– Бұрынғы «АБК»-ның басын қосып бір концерт беруге пәрменіңіз жетеді ғой. Жоспар бар ма?
– Медеу, Ерлан – үшеуміз әрдайым байланыстамыз. Сондықтан бір кеш беруіміз әбден мүмкін. Бірақ ол уақыттың еншісінде.
– «Қыдырәлінің некесіз балалары бар» деген әңгіме шықты. Осындай қауесеттерді қалай қабылдайсыз?
– Біреудің атынан ғайбат сөз айтатын жандарды ақыретті ойламайтын адамдарға жатқызамын. Егер біреуді алдап-арбап, қараласам, ол адам отыз жылда бір төбе көрсеткен болар еді ғой. Кімнің аузына қақпақ боламын? Бұған тек бір ғана себеп бар, ол – көреалмаушылық. Бәлкім, біреулер қауесет таратудан қандайда бір рахат алатын шығар. Әсілінде, кісіге күйе жағу сонау Абай заманын қалыптасқан. Бір өкініштісі – ондай тобыр қазір де бар.