19 Қазан 09:10
...

Принтер қосылды ма? Үкімет 828 миллиард теңгені қайдан алады?

Фото:

Үкімет 2020 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа болжамын бекітті. Оған сарапшылар тарапынан бірнеше сұрақ бар.

Nege.kz есебінше, бұл болжам оның алдындағы Ұлттық экономика министрлігінің сәуегейлік танытқан құжаттарына қарағанда шындыққа көбірек жанасады. Әсіресе, бюджет шығындары бойынша көптеген олқылықтар жойылды. Нәтижесінде нақты қанша шығын шығатынын байқаймыз, мемлекеттік органдардың қажетсіз шығындарды қысқартып жатқанын көре аламыз. Бірақ жалпы шығыс көлемі көбейген. Ол әлеуметтік қолдаудың және дағдарысқа қарсы бағдарламалардың көбейгеніне байланысты болып отыр.

Фото: Ұлттық Экономика министрлігінің слайдынан

«Осыған қарамастан, қазан айындағы болжамға қатысты сұрақ бар», – деп жазады экономист Мұрат Темірханов. «Үкімет сәуір айындағы болжамында қателесіп, нәтижесінде бюджетке келуі тиіс салық түсімдері тағы 701 миллиард теңгеге азаяды. Мұндай тесікті жабатын екі жер ғана бар – бұл Ұлттық қор немесе сырттан қарыз алу.

«Осы жерде үкімет фокус жасап, кенеттен жаңа табыс көзін тапты. Нәтижесінде салықтан тыс түсімдер 828 миллиард теңгеге (2 миллиард долларға) өседі деп жоспарлап отыр»

«Әңгіме үкіметтің ақшаны қайдан алатындығында», – дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорпының сарапшылары. «Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер заң бойынша бекітілген. Ол бюджеттік классификацияда басқа салықтан тыс түсімдерге жатпайды. Мұндай көлемде сыртқы қарыз алатынымыз бойынша ақпарат жоқ. Сондықтан, бұл не бізге белгісіз қорларда жиналған қаржы немесе Ұлттық банк ақша станогын іске қосатын болады».

«Осының алдындағы болжамда «басқа салықтық емес түсімдерден» 30 миллиард теңге түседі деп жазылған еді. Ендігі болжамда осы пункт күрт көтеріліп, 743 миллиардқа дейін өскен. Жалпы мұндай үлкен ауытқулар болатын кезде, оны үкіметтің түсіндіріп отырғаны дұрыс болар еді»

Ұлттық экономика министрінің фокустары аз емес сияқты. Мұрат Темірхановтың жазуынша, дағдарысқа дейінгі жағдаймен салыстырғанда қазан айында бюджетке түсетін мемлекеттік компаниялардың дивидендтері 7,3 есеге өсіп, 139 миллиард теңгеге жеткен. «Дағдарыс жағдайында дивидендтер төлеу, керісінше, бизнестің онсыз да қиын қаржылық жағдайын нашарлатпау үшін азаяды».

Бұл жерде дивидендтер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өсіп отырғанын айта кету керек. Ол өз кезегінде бюджетке үлкен қолдау болды.

Жаңа болжам бойынша жалпы ішкі өнім жыл қортындысы бойынша 2,1 пайызға төмендемек. Ал бюджеттің салық жинау көрсеткіші 18,7%-ға құлайтын болады.

Тегтер: