5 Тамыз 09:37
...

Президенттер портреті. Тоқаев. «Геосаяси гроссмейстер»

Президент
Фото: Коллаж: NEGE

2019 жылдың 19 наурызы күні сағат 19:00-де Қазақстанның саяси өмірінде бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген тарихи оқиға болды: елді отыз жыл бойы үздіксіз басқарған 79 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Сайлауға дейін мемлекет басшысының міндетін атқару Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелді.

Одан берідегі саяси оқиғалар көз алдымызда: 2019 жылы 9 маусымда әдеттегідей кезектен тыс президенттік сайлау өтіп, 70,96% дауыс жинаған Қ.Тоқаев президент болып сайланды. Үш күннен соң ресми түрде ант қабылдап, Мемлекет басшысы қызметіне кірісті.

Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін күрт өзгерткен 2022 жылдың қаңтарындағы «Қаңтар дүрбелеңі» немесе «Қаңтар оқиғасына» дейінгі екі жарым жыл жаңадан сайланған президент Қ.Тоқаев үшін оңай болмағаны анық. Оңай болмаған себебі, қос билік мемлекеттік органдарды да, халықты да әуре-сарсаңға салды. «Биліктен кеттім» деп мәлімдеп, бірақ ешқайда кетпеген Нұрсұлтан Назарбаев ел басқару ісіне араласуын тоқтатқан жоқ. Қауіпсіздік кеңесі арқылы баяғыша билеп-төстей берді, кадр тағайындау мәселесіне жөн-жосықсыз кірісті, ал оның «үштағаны» жаңадан сайланған президентке әдейі саботаж жасады. Тек 2022 жылдың қаңтарынан кейін ғана Қасым-Жомарт Тоқаевтың нағыз президенттік дәуірі басталды...

«Жазушының баласы»

Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда дүниеге келген. Әкесі Кемел Тоқаев – детектив жанрының іргесін қалаған жазушы-журналист.

Қасым-Жомарт Кемелұлының балалық шағы туралы көп дерек жоқ. Оның Алматыдағы №25 француз тілін тереңдетіп оқытатын гимназияда оқығанын ғана білеміз. Бұл мектепте атышулы даукес Владимир Жириновский де оқыған. Кейбір деректерге қарағанда, бала күнінде Қасым-Жомарт әдебиетке қызығыпты. Әрине, бұған жазушы әкесі Кемел Тоқаев септескені анық. Ал енді шетел тілдерін меңгеруге анасы Тұрар Шабарбаева баулыған.

Өткен жылы президент 70 жасқа толғанда Ақорданың баспасөз қызметі Қ.Тоқаевтың бұрын көзіміз шалмаған бірнеше суретін жариялады. Осылардың арасында президенттің бала күнгі бір фотосы бар. Осы фотоға қарап, мынадай ой түюге болады: бала Қасым-Жомарт үлгілі пионер болған, сабағын жақсы оқыған, тұрмыста ешқандай таршылық көрмеген. Бұдан өзге дерек там-тұм ғана. Егер бір сөзбен түйіндейтін болсақ, ол – жазушының баласы...

Президент
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Айтпақшы, президенттің Қасым-Жомарт деген қосарланған есімінің мәнін білетін бе едіңіз? Қасым – Кемел Тоқаевтың соғыстан қайтпай қалған бауырының есімі екен. Әкесі Қасым деп сол бауырының құрметіне қойған, ал Жомарт деген есімді шешесі қосыпты.

«МГИМОвец»

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев туралы айтқанда МГИМО-ны, яғни Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын айналып өту мүмкін емес. Сондықтан даңқты институттың тарихына аз-кем тоқталайық.

1944 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар факультеті бөлініп шығып, бөлек институт болып құрылды. Ең алғаш МГИМО-ға түскен студенттердің саны 200 екен. Бұлардың арасында Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік жасаған бес Совет одағының батыры бар.

1946 жылдан бастап институт шетелдік студенттерді қабылдай бастаған. Ресейлік ЖОО арасында үздік үштікке кіретін МГИМО-да бұл күнде Ресейден және шетелден он мыңға жуық студент оқиды. 13 факультеті, лицейі, колледжі және екі филиалы бар. 2010 жылы институт шетел тілінде ең көп оқытатын (53 тілде) жоғарғы оқу орны ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірген, ал қазір 55 тілде сабақ өтеді. Бұлардың арасында түркімен, тәжік, өзбек тілдері бар. Ал қазақ тілі әзірге көзімізге түсе қоймады.

Университет
Фото: ғаламтордан

2007 жылы МГИМО-ның эндаумент-қоры құрылған. Қорды осы оқу орнының түлектері әрі әйгілі миллиардерлер Әлішер Усманов, Владимир Потанин және Фаттах Шодиев құрған, қаржыландыратын да осылар. Қордың биылғы эндаументтік капиталы 1 млрд 800 млн рубльден асты.

Міне, осы атақты институтты 1975 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев та тәмамдаған.

Сыртқы саясаттың ішкі иірімдері

Қ.Тоқаев 1975 жылы МГИМО-дағы оқуын тауысқан соң КСРО Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұрады. Көп ұзамай жас дипломатты Сингапурдегі елшілікке жібереді. 1979 жылы Сыртқы істер министрлігі аппаратына қайта оралған Тоқаев 1980 жылдан бастап Кеңес одағының Қытайдағы елшілігінде әр жылдары екінші хатшы, бірінші хатшы, кеңесші болып қызмет атқарды. Осы аралықта Пекиннің лингвистикалық институтында тәжірибеден өткен.

Қытайдағы елшілікте қызмет етіп жүргенде Қасым-Жомарт Кемелұлы АҚШ-тың болашақ президенттері үлкен Джордж Бушпен және кіші Джорд Бушпен танысқаны туралы дерек бар. Үлкен Буш ол кезде ҚХР-мен байланыс жөніндегі америкалық бюроны басқаратын. Буш ұлымен бірге анда-санда Кеңес одағының Қытайдағы елшілігіне келіп, теннис ойнап тұратын. Міне, осы кезде әкелі-балалы Буштармен кездесудің сәті түсіпті.

Президент
Теннис кортындағы Тоқаев. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Сексенінші жылдардың соңындағы тарихи оқиғалардың куәгерлері Тоқаевпен байланысты тағы бір сәтті былай суреттейді: «1989 жылы Кеңес одағының бас хатшысы Михаил Горбачев Қытайға мемлекеттік сапармен барды. Бұл – Одақ басшыларының соңғы отыз жылдағы Қытайға алғашқы сапары болатын. Кеңес одағының басшылары ҚХР-мен қарым-қатынасты дұрыстап, ширек ғасырдан астам уақытқа созылған идеологиялық қайшылықтарды реттегісі келді. Сапар аясында Михаил Горбачев Пекинде Дэн Сяопинмен кездесті. Осы тарихи кездесуде елшілік қызметкері Қ.Тоқаев М.Горбачевтің аудармашыларының бірі болды...»

Құламайтындай көрінген Кеңес одағы «тырапай асқан» соң Қ.Тоқаев елге оралып, Сыртқы істер министрінің орынбасарлығына тағайындалды. 1992 жылы ҚР Сыртқы істер вице-министрі дәрежесінде Мәскеуде бұрынғы одақтас республикалардың ядролық мәртебесі жөнінде келіссөз жүргізген. Бұл тарихи оқиға туралы саясаткердің өзі «Свет и тень» кітабында жазды. Автордың жазуына қарағанда, Киев пен Минскідегі әріптестерін «Мәскеудің ығына жығылмауға» көндіру оңай болмаған. Ақырында Қазақстан, Украина және Беларусь «ядролық қаруды уақытша иеленуші» мәртебесін алды. Осы жетістік туралы Тоқаев кітабында былай деп жазады: «Бұл қазақ дипломатиясының халықаралық аренадағы алғашқы қадамы ретінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі еді. Бұдан әрі ықпалды мемлекеттермен келіссөз жүргізуге жол ашылды...»

1993 жылы Қ.Тоқаев Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Министр ретінде ядролық қаруды таратпау мәселесіне нүкте қоюға атсалысты, ядролық сынақты тоқтату жөніндегі түрлі келісімдерге қол қойды.

«Киндер сюрприз»

1999 жылы қара күзде Қ.Тоқаев Премьер-министр болып тағайындалды. Бұл Қазақстанға саяси дағдарыс төніп тұрған алмағайып кезең еді. 2001 жылы күзде саяси дағдарыс шегіне жетіп, билікте және бизнесте жүрген бір топ азамат «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын құратынын мәлімдеді.

2001 жылы 20 қарашада осы оқиғаға байланысты Премьер-министр Қ.Тоқаев мәлімдеме жасап, былай деді: «...Мен бүгін Қазақстан халқына, президентке және еліміздің парламентіне үндеу жолдауға мәжбүрмін. Өйткені ел ішіндегі және сыртындағы кейбіреулерден қауіп төніп тұр деп есептеймін. Бизнес элитадағылар, тіпті мемлекеттік қызметшілер тәуелсіздіктің он жылында бай адамдарға айналып, өз мемлекетіне ақпараттық соғыс жариялады. Үкімет пен парламентке тіл тигізіп, арандату жасай бастады. Мен мұны Үкімет пен заң шығарушы органға, мүмкін президенттің өзіне қысым жасау деп есептеймін.

Демократия саясаттағы киндер сюрприздердің қолындағы ойыншық емес. Мен бүгін Премьер-министрдің орынбасары Жандосовты, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бәйменовті, Павлодар облысының әкімі Жақияновты, Қорғаныс вице-министрі Ертілесованы қызметінен босату жөнінде мемлекет басшысына ұсыныс айттым. Саяси қозғалыстың басқа мүшелеріне қатысты шешімді өзім қабылдаймын. Егер кадр мәселесі жөніндегі ұсынысымды мемлекет басшысы қабылдамаса, өзім отставкаға кетемін. Бұл көңіл-күйдің бір сәттік көрнісі емес, жан-жақты ойластырылған мәлімдеме. Халықаралық мәселелер маманы әрі өзге елдердің мемелкеттік құрылымын білетін маман ретінде айтамын, хаос пен бассыздық елімізге ешқандай жақсылық әкелмейді...»

Премьер-министрдің бұл мәлімдемесін қоғам әртүрлі қабылдады. Қолдағандар да, қарсы шыққандар да болды. Ал билік өкілдері арасынан Қ.Тоқаевтың бұл атышулы мәлімдемесін дәл сол кезде сынаған бір-ақ адамды білеміз. Ол – Қауіпсіздік кеңесінің сол тұстағы хатшысы Алтынбек Сәрсенбайұлы.

«Бұл – қоғамның дағдарысы емес, үкіметтің дағдарысы. Премьер-министрдің мәлімдемесіне теріс көзқараста екенімді мәлімдеймін. Жаңа саяси қозғалыстың құрылуы қорқынышты нәрсе емес. Мұны сабырмен қабылдау керек», – деген сонда А.Сәрсенбайұлы.

Одан бері де ширек ғасыр уақыт өтті. Талай су ақты, түрлі жағдайды бастан өткердік. А.Сәрсенбайұлының өзі де ескі жүйенің құрбаны болды. Ал қазір саяси реформалар туралы сөз болған кезде «2001 жылғы саяси оқиғаға қатысты Қасым-Жомарт Кемелұлының көзқарасы өзгерді ме?» деген сұрақ су бетіне қалқып шыға береді...

Қос биліктің салдары

2001 жылдан бергі ширек ғасырда Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрліктен бөлек Сенатқа төрт жылдан екі рет төрағалық етті. Оның арасында өзі жақсы білетін БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігін екі жылға жуық басқарып келді. Осы лауазымдардың барлығы Қасым-Жомарт Кемелұлын әбден шыңдап, президенттікке жақындата түсті десек, қателесе қоймаспыз. Қазіргі президенттің жұрт білетін қызметтерін тізбелемей-ақ, Женевадан қалай Астанаға келгенін айтсақ, соның өзі тұлғалық қырын ашуға жеткілікті болар деп ойлаймыз.

Президент болып сайланардан екі жыл бұрын, 2017 жылы МГИМО журналына берген сұхбатында былай деген:

«Палата жетекшісін (Сенат төрағасын – ред.) сайлау күні, анығында түнде Пан Ги Мунға телефон соғып, 45 минуттан соң Сенат төрағасы болып сайланатынымды айттым. Трубканың арғы жағында бір сәтке тыныштық орнады да, одан соң бұрынғы бастығым: «Сенің БҰҰ-да көп отырмайтыныңды сезетін едім, бірақ бұлайша тез кетеді деп ойламаппын. Дегенмен бәрібір Женевадағы жемісті жұмысың үшін саған алғысым шексіз. Жұмысыңды жоғары бағалаймын, сондықтан да осыған байланысты арнайы мәлімдеме жасаймын», – деді. Ол уәдесін орындады».

Токаев
Пан Ги Мун мен Тоқаев. Фото: ғаламтордан

Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты шетелден екі рет елге шақыртып алған. Біріншісі – 90-жылдардың басында. Бұл туралы Тоқаевтың өзі былай дейді: «Мен онымен (Н.Назарбаевпен – ред.) 1992 жылы Мәскеуде кездестім. Ол маған атақты өлең жолдарымен «Бери шинель, пошли домой» деді. Міне, бәріңіз жақсы білетін менің елдегі мансап жолым осылай басталды».

Екіншісі – 2013 жылы БҰҰ төрағасының орынбасары әрі Женева бөлімшесінің жетекшісі лауазымынан шақыртып алуы. Бәлкім, алты жылдан соң президенттік лауазымды Қ.Тоқаевқа тапсыру туралы тарихи шешім осы кезде қабылданған шығар, кім білсін.

Нұрсұлтан Назарбаевтың не себепті қос билік жүйесін енгізуге тырысқанына қатысты болжам аз емес. «Уақыты келгенде ол билікті өзінің жақындарының біріне беріп кетпек болды» деген жұрт арасындағы сөздің жаны бар секілді көрінеді. Өйткені экс-президенттің іс-әрекеттерінің бәрі соған әкеле жатты. Алайда Қаңтар дүрбелеңі мұның жолын түбегейлі кесті.

Биыл қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қос билік туралы былай деген: «Шынында да қос билік үлгісін енгізу әрекеттері болды, олар шоғырландырылған және ұйымдастырылған. «Билік транзитінің» қазіргі саяси жағдайында саяси манипуляторлар биліктің параллель орталығын қалыптастырды. Біздің елімізде Президент пен Жоғарғы Бас қолбасшы, сондай-ақ экс-президент өкілдік ететін Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болды. Бұл, сайып келгенде, билік қақтығысына алып келмеуі мүмкін емес еді. Толығырақ айтайын: бұл жағдай қаңтардағы дағдарыс алғышарттарының біріне айналды.

Тоқаев
Фото: ғаламтордан

Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын ашық айттым.

Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайы­рыл­ма!».

Дүрбелеңге дейін және кейін

Қаңтар дүрбелеңі – Қазақстан тарихының қанды парақтарының бірі. Ресми мәлімет бойынша 238 адам қаза тапқан оқиғаны басқаша суреттеу қиын. Десе де, бұл оқиға тек бұрынғы биліктің әрекетіне тосқауыл қойған жоқ, жаңа билікті де реформалар жасауға мәжбүрлегенін мойындауымыз керек. Бұл реформалардың басында басқа емес, Тоқаевтың өзі тұр. Сондықтан да барша жауапкершілік Мемлекет басшысының мойнында.

Қаңтар дүрбелеңінің құпиясы толық ашылмады. Басты ұйымдастырушы кім? Басы-қасында кім жүрді? Бұрынғы президенттің және оның жақын туыстарының рөлі қандай болды? «Қаңтар бүлігіне қатысы бар» делініп, сотталғандардың ісі неге құпия жүрді? Міне, осы сұрақтар бүгін де, ертең де Қасым-Жомарт Кемелұлының алдынан шыға береді.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихын «Қаңтар дүрбелеңіне дейін және кейін» деп қарастыруға болады. Кешегі биліктің басып-жаныштауынан әбден еңсесі түскен, тұрмыс қажытқан, болашақтан үміті үзіле бастаған қазақтың 2022 жылдың қаңтарында қалай дүр сілкінгенін біз ғана емес, бүкіл әлем көрді. Енді сол жылт еткен үмітке селкеу түсірмеу – бүгінгі биліктің міндеті.

2022 жылдың қаңтарынан кейін президент Тоқаев та күрт өзгерді. Зер салып қараңызшы, 2019 жылы президент Тоқаев қандай еді? Назарбаев туралы жиі айтатын, кез келген жетістікті Назарбаевпен байланыстырып жеткізетін, сөзі мен ісінде өзін екінші орынға қоятын, жиындарда экс-президенттің алдына түспейтін, үнемі жымиып жүретін, президенттен гөрі интеллектуал ғалымға көбірек ұқсайтын, тым жұмсақ болатын...

Президент
Фото: ғаламтордан

Енді 2022 жылы кезектен тыс өткен президенттік сайлаудан кейінгі Тоқаевты көріңіз, 2019 жылғы Тоқаевқа мүлдем ұқсамайды. Ол үш жылда кеткен есенің орнын тез толтырып алды. Астананың атауын кері қайтарды, Назарбаевтың жақындарын биліктен қуды, кейбірін қамады, билік тармақтарын «ескі көздерден» біршама тазалады, кезінде ескі билік өлердей қорыққан саяси реформаларды біртіндеп бастады, Назарбаевтың атын атауды мүлдем доғарды, қабағында қатулық пайда болды, билік пен бизнестегі күні кешеге дейін артына қарап жалтақтап келгендер Тоқаевқа толық мойынсұнды...

Дипломат

2022 жылы 15-18 маусымда Петербор халықаралық экономикалық форумы өтті. Форумға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барды, ҚХР төрағасы Си Циньпин мен Египет басшысы Әбделфаттах Сиси видео байланыс арқылы қатысты. Осы форумда Путин мен Тоқаев қатысқан негізгі жиында модератор болған атышулы Маргарита Симонянның Қазақстан президентіне қойған арандату сұрағы естеріңізде болар. Симонян Қазақстан президентінен ЛНР мен ДНР-ға, Ресейдің жүргізіп жатқан «арнайы операциясына» қатысты не ойлайтынын, Қазақстанда пікірі қандай екенін сұрады. Бірақ Тоқаев тосылған жоқ.

«Бұған қатысты түрлі пікір бар. Бірден айтайын, бізде ашық қоғам қалыптасқан, азаматтық қоғам дамыған, сондықтан түрлі пікір айтылады. Мен бір нәрсені атап өткім келеді. Қазіргі халықаралық құқық – БҰҰ жарғысы. Бірақ жарғыға енгізілген екі негізгі принцип қазір бір-біріне томпақ келіп тұр. Ол – аймақтық тұтастық және ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы. БҰҰ-ның негізін қалаушылар осы мәселені ескермеген сыңайлы, бәлкім, компромис ретінде әдейін енгізген болар. Әрине, көп ұзамай бұлар бір-біріне қарама-қайшы келеді, яғни түрлі түсінік қалыптасады. Біреулер мемлекеттің тұтастығын қасиетті түсінік деп біледі, енді біреулер әлдебір мемлекеттің құрамындағы кез келген ұлт өзін-өзі билеуге құқылы дейді.

Егер ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы іске асатын болса, жер бетінде БҰҰ құрамына кірген 193 мемлекет емес, 500 немесе 600 мемлекет болар еді. Әрине, бұл хаос тудырады. Сол себепті де біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принцип квазимемлекеттік территорияға да қолданылады. Біздің көзқарасымыз бойынша, Луганскі мен Донецкі осындай территорияға жатады. Бұл – ашық сұраққа берілген ашық жауап», – деді Мемлекет басшысы.

Путин Симонян
Фото: kremlin.ru

Жиынға қатысқан куәгердің айтуынша, Тоқаев ойын ашық айта бастағанда-ақ Путин селт еткендей болған және «мұның не» дегендей әріптесіне әнтек жалт қарапты. Әрине, мұндай сәтті эфирге жібермейтіні белгілі.

«Ресейлік әріптестерімізден Симонян модератор болатынын естідік, арандату сұрақтар қойылуы мүмкін екенін де іштей сездік. Осы жайтты Мемлекет басшысына айтқанымызда, «қалаған сұрағын қоя берсін, лайықты жауабын алады» деп жауап берді», – дегенді Президенттің Петербор сапарын ұйымдастырушылардың бірінің өз аузынан естігенбіз.

Симонян қалаған сұрағын қойды, бірақ қаламаған жауабын алды. Мұны не үшін сөз етіп отырмыз? Ресей басшылығы жиі айтатын «арнайы операция» – біз үшін тым нәзік һәм шетін мәселе. Содан да болар Ресейдің әрекетін құптамайтындарға Қазақстан президентінің ұтымды жауабы ұнады, ал ресейшілдер ер-тоқымын бауырына алып тулады. Әрине, бұл батыл мәлімдеменің зияны да тиді, бірақ бұл басқа әңгіме.

Ресейлік журналист Андрей Выползов Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев туралы «Независимая газетаға» былай деп жазды: «Мен үшін Қасым-Жомарт Тоқаев – 2022 жылы әлемге төнген «мінсіз дауыл» сынды жаңа сынақты қорықпай қабылдаған геосаяси гроссмейстер (айтпақшы, Халықаралық шахмат федерациясының экс-президенті Кирсан Илюмжановтың айтуынша, Тоқаев шахматты тәуір ойнайды).

Мұндай ғаламдық апат кезінде көпвекторлы болып қалу, яғни бір-біріне қырғи-қабақ мемлекеттермен тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынас құру – бұл да шахматтағы тәсіл».

2029 жылы президенттік сайлауға түсе ме?

Президент Қ.Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында бұл сұраққа былай деп жауап берген: «Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ.

Конституция
Фото: ғаламтордан

Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген.

Ақыры осы тақырып қозғалған екен, бұған қатысты кейбір жайтқа кеңірек тоқталып, мән-жайын аша кетейін. Мен жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүрдім. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таба қоймады. Өзім Президент болып сайланғаннан кейін, осы бастамамның артықшылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде көп ойладым.

Суперпрезидентке тән өкілет­тік­терді жою үшін 2022 жылы Консти­туцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Мен сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсындым. Бастамама бүкіл халық қолдау білдірді. Осымен бұл әңгіме тәмам».

Түйін

Соңғы үш жылда елде болған түрлі саяси һәм табиғи төтенше жағдайлар Президент Тоқаевты «жұмсақ дипломаттан» «құрыш президент» жасап шығарды. Неміс ойшылы Ницшенің сөзімен айтқанда, «өлтірмейтін нәрсенің бәрі мені мықты етеді»...

Ал енді «Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қандай президент?» деген сұраққа әзірге нақты жауап жоқ. Бұл сұрақтың толымды жауабын бес жылдан кейін білетін боламыз.