2 Тамыз 09:37

Президенттер портреті. Мирзиёев. «Шавкат акя»

Өзбекстан президенті
Фото: Коллаж NEGE

Көңіл-күйі Кремльдің қабағына қарай құбылатын Орталық Азия мемлекеттерінің басшылығындағы орын алмасулардың біз білетін екі-ақ түрі бар. Бірі – етжақындары мен сенімді серіктерінің арасынан мұрагер таңдап, жиған-тергені мен бұқараның алдындағы азды-көпті сүйкімін сәл де болса сақтап қалғысы келеді. Бірақ өзі таңдаған адамға тақты беріп, тыныш жата ма, әлде тасадан тас атып, іштарлық жасай ма, ол енді басқа әңгіме. Екіншісі – таққа жабысқан күйі жан береді. Өзбекстанды отыз жыл уысында ұстаған Ислам Каримов те осылай көз жұмғанда, орнына жаңа буынның өкіліндей болып Шавкат Мирзиёев келген еді.

Қалай келді?

Өзбекстанның екінші президентінің саяси әлемдегі алғашқы қадамдары комсомол кезінен басталды. Бұл – сексенінші жылдардың іші. КСРО күйреуге тақаған 1990 жылы Шавкат Мирзиёев компартияның өкілі ретінде Жоғарғы кеңеске депутат болып сайланды. Дәл осы шақырылымдағы депутаттардың шешімімен Ислам Каримов Өзбекстанның тұңғыш президенті атанғаны белгілі.

Осының да әсері бар ма, әлде өзге де себептері болды ма, әйтеуір Шавкат Мирзиёев тұңғыш президенттің көңіліне жаққан кадрларының бірі атанды. КСРО құлап, Өзбекстан тәуелсіздігін жариялағанда, Шавкат дереу билік партиясына өтті. Алдымен ауданға, сосын екі бірдей облысқа хоким болды. 2003 жылы Каримов марқұм оны мақтап-мақтап, Үкімет басшысы қызметіне тағайындаған. Мирзиёев осы отырғаннан тұңғыш президент көз жұмғанша, яғни, 13 жыл бойы Үкімет басшылығында тапжылмай отырды. Дегенмен оның негізгі бәсекелесі ҰҚК-ні 23 жыл басқарған Рустам Иноятов болатын. Вице-премьер Рустам Азимов те негізгі үміткерлер қатарында аталды.

Міне, осы кісілердің арасындағы талас-тартыстың қалай өткенін біле алмасақ та, көзге көрінбейтін күрестің қанша уақытқа созылғанын нақты айта аламыз. Ислам Каримовтың көз жұмғаны туралы ақпарат 29 тамызда-ақ тарап кеткен. Ал Ташкент қаралы хабарды тек 2 қыркүйек күні ғана ресми жариялады. Ең қызығы, дәл осы күні болашақ президенттің кім екенін саяси сарапшылар тап басып таныды, «Келесі президент – Шавкат Мирзиёев» деді. Қалай білді?

Каримовты жерлеу
Фото: uznews.uz

Қалай білді деріңіз бар ма, Мирзиёевтің есімі тұңғыш президентті Жерлеу комиссиясының төрағасы ретінде аталды. Ал бұл дегеніңіз, Кеңестік кезеңнен келе жатқан үрдіс. Біле білсеңіз, Сталинді – Хрущев, Брежневті – Андропов, Андроповты – Черненко, Черненконы – Горбачев тура осылай жөнелткен. Каримовті мәңгілік мекеніне қондырған Мирзиёев ел тізгінін қолына алды. Сөйтті де, бас-аяғы екі жылда Иноятов пен Азимовтың көздерін көкшитіп, қызметтерінен қуды.

«Бәріміз бір өзбектің баласымыз...»

Жасыратыны жоқ, ширек ғасыр бойы бір адамның жеке-дара билеп-төстеуінде болған өзбек халқы үшін билік басына өзге адамның келуі – үлкен жаңалық еді. Шавкат Мирзиёев осы «жаңалықты» жарқыратып көрсете білді. Билік басына келген алғашқы жылдары Өзбекстан халқының ғана емес, халықаралық қауымдастықтың да назарын өзіне аударды. Түрменің түбінде шіруге айналған саяси тұтқындарға бостандық берді. Көрші мемлекеттермен байланысты нығайтуға күш салды. Шетелге шығу үшін биліктің рұқсатын қажет ететін құжаттың күшін жойды. Валюталық саясатта өзгерістер жасады. Осыдан кейін Каримовтың кезінде «тасбүркеніп», оқшау өмір сүрген Өзбекстанның айы оңынан, жұлдызы солынан туғандай көрінді. Мирзиёев сырттан қаржы кіргізіп, инвестор тарту үшін Еуропа, Азия, Солтүстік Америка, Таяу Шығыс елдеріне шенеуніктерін жиі-жиі жөнелтті. Жөнелтіп қана қоймай, АҚШ-тағы өзбек диаспорасының алдына өзі барды деген бір әңгіме бар.

NEGE-нің тұрақты оқырманының айтуынша, Мирзиёев Нью-Йоркте өзбек бизнесмендерімен кездескенде, сол ортада біздің оқырманымыз да болған. Өзбекстан басшысы «президентпін» деп шалқақтамай, өзін барынша байыпты әрі өзгелермен тең ұстапты. Қазан-қазан палау пісіртіп, қонақтарын төріне оздырып, арқа-жарқа отырған бәр сәтте былай депті: «Өзбекстан енді мүлде басқа жолға түсті. Ашық саясат ұстанамыз, бизнеске жол ашамыз. Қаржыларыңды елге салыңдар, қандай кәсіп ашқыларың келеді, қолдарыңды ешкім қақпайды. Оған мен кепіл. Бәріміз бір өзбектің баласымыз, мемлекетті көтеруге күш салайық!».

Жалпы, Өзбекстан экономикасындағы ілгерілеуді Шавкат Мирзиёевтың осындай әрекеттерімен байланыстыратындар көп. Сырттан инвестицияның ағылып келгені де, Каримовтың тұсында қаңғырып кеткен қалталы байлардың қайта оралғаны да, бизнестің тамырына қан жүгіргені де, шетелмен байланыстың артқаны да рас. Алайда сырттан келгендердің бәрі разы деуге ерте.

АҚШ
Фото: AFP

Күні кеше Каримовтың кезінде шетелге кетіп, Мирзиёевтың уәдесімен елге келген Саидикром Ахроров деген кәсіпкер шал шу көтерді. Оның сөзіне сенсек, жемқорлық жайлаған қазіргі Өзбекстан Каримовтың тұсындағы былық-шылықты далада қалдырған. Ал енді осы Саидикром Ахроров деген кім? Ол – тұңғыш президенттің кіші қызы Лоланың қайын атасы, яғни Ислам Каримовтың бұрынғы құдасы. Кейін екі бала ажырасқан соң, Ахроровтың адымы кесіліп, шетелге кетуге мәжбүр болған. Бірақ оның медициналық шприц өндіретін зауытының негізі Каримовтың тұсында қаланған еді. Демек Мирзиёев отанына оралған кәсіпкерді қысып жатыр ма, әлде Каримовтың тұсында қалтаға кетіп қалған қаржыны кері қайтаруға күш салып жатыр ма? Мұның анығын енді Мирзиёев пен Ахроров қана біледі.

«Екі сиыр» мен «жүз тауық»

Бір жағынан түсінуге де болатын шығар, авторитарлық жүйенің астауына тұмсық тыққан ел басшылары аузы аңқайған халықты алдарқату үшін не айтпайды? Қандай уәде бермейді? Шавкат Мирзиёев те таққа жаңа мінгенде, тау қопарардай екпіндетіп сөйлеп, ел-жұртты сендіріп, айтқанына елітіп отыратын. Мектеп оқушыларын тегін тамақтандыру мен махалла біткенге қыруар қаржы бөлуге қатысты айтқан уәделері далада қалды. Әлеуметтік мәселені көтеріп, жұрттың жағдайын жайнатамын деген сөздері де көмескіленіп барады.

Бірақ одан қысылып-қымтырылатын кісіңіз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевтың «екі сиыры» секілді, Шавкат Мирзиёевтың да «жүз тауығы» дайын. Оны Нұрекеңнің қазақы мақамымен «Екі сиыр сатып ал да, жаныңды бақ!» деп қақбастан тартып жібергендей етіп қатқыл айтпайды. Өзбекше жұмсақтап жеткізеді. Мұны айтардың алдында жергілікті шенеуніктерді бір шықпыртып алады. Сосын бүй дейді: «Әрбір махалла тұрғындарында жүз тауық болса, кедейшілік болмайды. Өйткені жүз тауық әр күн сайын кемінде елу жұмыртқа табады. Оның онын өзінде қалдырып, қырығын саудаласа, жұрттың әлеуметтік жағдайы жақсарады».

Бұл сөзін Шавкат Мирзиёев 2017 жылы Қарақалпақстанға барған сапарында айтқан. Жұрт ұмыта бастаған «жүз тауықтың» жыры бес жылдан соң қайта жаңғырды. Жаңғыртқан – президенттің өзі. Ол Көкдала ауданындағы халықпен кездесуінде халықтың әл-ауқатын көтеру жолдары мен жұрттың болашаққа деген сенімін нығайтуға қатысты ойларын айта келіп, хокимдерге былайша зекіді: «Егер өздеріңнен ештеңе шықпаса, онда жүз тауықтан беріңдер... сосын жұртпен алты айдан соң сөйлес. Олардың дүниетанымы қалай өзгергенін көресіңдер!».

Өзбекстан
Мирзиеевтің фермерлермен кездесуі. Фото: Өзбек президентінің баспасөз қызметі.

Далада жатқан жүз тауық жоқ қой, хокимдер оны қайдан алады? Жүз мыңдаған, тіпті миллондаған махалла халқына жүз тауықтан тарқату үшін қанша миллиард қаржы керек? Оны кім береді? Шавекең бұл жағын айтпайды. «Бұ қалай?» деп хокимдер де сұрай алмайтыны белгілі. Демек, Өзбекстан президенті «жүз тауықты» әлі талай тіліне тиек қылуы мүмкін. Бір анығы, президент тағынан кеткеннен кейін де Назарбаевтың «екі сиыры» секілді, Мирзиёевтың «жүз тауығы» да құйрығында қоңырау болып, ілініп жүруі мүмкін.

«Жыныс мүшемізге тиісті...»

Біз бүгін жаппай айтып жүрген «Жаңа Қазақстан» сөзінің өмірге келуіне «Жаңа Өзбекстанның» ықпалы болды ма деген күдігіміз бар. Әлде «Қазақтар жаңарып жатқанда, біз неге жаңармаймыз?» деп ала шапанды ағайын алдымызды орап кетті ме?

2021 жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ташкент облысында «Янги Узбекистан» деген саябақ ашылды. Аумағы 104 гектар жерге созылып жатқан алып саябақтың сәнін келтіріп, мәнін ашу үшін 2000 жұмысшы мен 200 техниканың іске кіріскенін білеміз. Ортасында төбесі көкке шаншылған Тәуелсіздік монументі тұр. Мемлекеттік мерекелердің көбі қазір осында өтеді. Былай қарасаң, жаңа дүние, жаңарған Өзбекстан! Мағынасы да белгілі, біз бұрынғыдан өзгеміз, жаңарған елміз деген айшықты белгі.

Өкінішке қарай, Өзбекстанның саяси реформалары саябағы сияқты жайқалып тұрған жоқ. Әсіресе сайлаулары баяғы Каримовтың салған сүрлеуімен кетіп барады. Мәселен, Шавкат Мирзиёев 2021 жылы екінші мәрте сайлауға түсіп, қарсыластарын қалпақпен қағып алған. Ал ел Конституциясы бойынша, бір президент екі мерзімнен артық мемлекет басқара алмайды. Мирзиёев не істеді? Не істеуші еді, Каримов пен Назарбаевтың істегенін істеді. 2023 жылы президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп, орынын сақтап қалды. Оған дейін референдум жасап, Конституцияны қалауына қарай қисайтты. Енді президент бес жылға емес, жеті жылға сайланады. Ал Мирзиёевтың әлі екі мерзімге сайлануға құқы бар. Қысқасы, қазіргі президент 2040 жылға дейін жатпай-тұрмай ел басқара берем десе де, өзі біледі, әрі бұл Ата заңға да қайшы емес.

Өзбек оппозиционері
Қыдырназар Аллақұлов. Фото: Youtube

Дегенмен, кімге күлетіндей жөніміз бар, өзіміздің де басымыздан өткен кеп. Бірақ мына бір мәселе сәл езу тартқызғаны рас. 2023 жылы өткен сайлау қарсаңында Қыдырназар Аллақұлов деген белсенді атойлап алаңға шықпаса да, билікті өлтіріп сынаған екен. Бұрынғы ректордың «32 жыл бойы саяси алаңда шынайы бәсеке болған емес» деген сөзі кімдерге ұнамайтыны белгілі ғой. Оның бірде-бір партиясын Әділет министрлігі тіркемей қояды. Ақырында «Шындық, прогресс, бірлік» деген партиясына қол жинау үшін ел аралап жүрген Аллақұлов пен оның жақтастарына белгісіз адамдар шабуыл жасаған. Кейін төбелес полиция бөлімшесінде жалғасқан. Белсендінің баласы мен немересіне де күш қолданылған.

Бұл туралы Аллақұлов «Азаттыққа» былай депті: «Мәрмәр еденге жатқызып, аяғымызды қайырып, жанды жерлерімізден ұрды. Тұншықтырып, жыныс мүшелерімізге тиісті...»

Бұл да енді біз таңданатын нәрсе емес. Биліктің барлық тармағы бір адамның қолына өткен мемлекетте осылай болады. Ұрып-соқпақ түгілі, ақиқат үшін алысқандарды оққа байлаған құдайсыздың сұрқия қиянатын да көрген елміз. Демократияның демі жетпеген жерде тұншықтырып ұстаудың барлық тәсілі қолданылады. Сабайды, ұрып-соғады, тепкінің астына алады. Бастысы, сен мынаған дайын болуың керек: олар сенің қай мүшең екеніне де қарамайды...

Әулетімен басқарады...

Мұндай сөз Шавкат Мирзиёевтың соңынан баяғыдан еріп келеді. Өйткені, өзбек басшысы инаугурациядан кейін-ақ айналасына ет-жақындарын жинай бастады. Үлкен қызы – Саида Мирзиеева Президент Әкімшілігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі директорының орынбасары болып тағайындалған. Ал оның күйеуі – Ойбек Тұрсынов Президент әкімшілігінің басшылығына келді. Қазір Саида – президенттің көмекшісі. Сіңлісі – Шахноза президент жанындағы Халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі ұлттық агенттік директорының бірінші орынбасары. Мирзиёев құдасы Батыр Тұрсыновқа 2019 жылы ҰҚК тізгінін ұстатқан. Жалғыз ұлы – Миралишер Мирзиёев қана әзірге қызметте жоқ. Өйткені оның жасы 15-те ғана.

«Озодлик» радиосының зерттеулеріне қарасаңыз, Өзбекстан президентінің туыс-тумалары мен құда-жегжаттарының осалы жоқ. Бәрі бір-бір майлы жіліктің басын ұстап отыр. Алайда оның бәрін айта беру шарт емес. Дегенмен, қайынжұрты туралы бірер сөз айтпай кету – тарих алдында қате болар еді. Өйткені Шавкаттың Шавкат болғанына қайынжұртының ықпалы болды дейтіндер көп. Қалайша? Қарап отырсаңыз, қарапайым диқандар әулетінен шыққан президенттің әкесі ғана дәрігер-фтизиатор болған екен. Миромон Мирзиёев тубдиспансерде қызмет етсе, әйелі сол жерде медбике болып жүріп сырқат жұқтырып, көз жұмған.

Өзбекстан
Зироатхон Хошимова. Фото: ғаламтордан

Ал Өзбекстанның бірінші ханымы Зироатхон Хошимова ше? Бұл кісі туралы қалай айтсаңыз да, жарасады. Әкесі Махмуджон Хошимов кезінде бүкіл Ферғана аумағына аты шыққан бай болған деседі. Президенттің болашақ қайынатасы Орталық Азия темір жолының жабдықтау бөлімін басқарса керек. Жылжымалы вагондарда жарқыратып ресторандар ашқан. Оны аз десеңіз, Кеңестік кезеңнің өзінде 10 рефрижераторы, қазіргі тілмен айтқанда, 10 фурасы болған. Осы техникалармен КСРО-ның түкпір-түкпіріне Ташкеннің қауын-қарбызын жөнелтіп, кері қарай қат дүниелерді тасымалдап отырған. Үйінен мәртебелі меймандар үзілмеген, қазақша айтқанда, желісінен құлын, сабасынан қымыз арылмаған.

Шавкат Мирзиёев қайынжұртының арқасында адам болды дегендер міне, осыны көлденең тартады. Онысы рас та секілді. Тәуелсіз журналистердің там-тұмдап таратқан ақпараттарына қарағанда, дәл осы Хошимова үкіметтегі маңызды тағайындауларға араласып, Денсаулық сақтау саласы мен дәрі-дәрмек нарығына ықпал ететін көрінеді.

Әр нәрсенің қайтарымы болуы қажет екенін ескерсеңіз, бұдан бәлендей «өрескелдік байқау» қиындау. Бір қызығы, Өзбекстанның екінші президенті қайынжұртының арқасында Ресейде туған әйгілі өзбек олигархы Әлішер Усмановпен де құда болды. Хошимованың немере сіңлісі Диора 2009 жылы Әлішер Усмановтың немере інісі Бобур Усмановқа күйеуге шықты. «Бай – байға, сай – сайға құяды» деген осы болуы керек. Дегенмен олигархтың өзбек экономикасына кесек-кесек қаржы тастауы Мирзиёевтың кезеңінен басталғаны рас. Мұны біреулер президенттің дипломатиялық шеберлігіне телісе, енді біреулер «Ресейге салынған санкциялардан кейін Усмановтың бизнесі Өзбекстанға қарай ауды» дейді. Ақиқатын президент пен оның қайынжұрты біледі.

Қарақалпақ көтерілісі

Бұл енді Шавкат Мирзиёевтің ел басқару кезеңіндегі қара таңба болып қалары анық. Каримовтың Әндіжан қырғыны, Назарбаевтың Жаңаөзен көтерілісі, Тоқаевтың тұсындағы Қаңтар оқиғасы секілді қарақалпақ наразылығы да тарих бетіне қанмен жазылды. Өзім білем, айтқаным болады дейтін астамсу – қарақалпақ халқының жаппай шеруге шығуына ұласты. 18 адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды.

Көтеріліс
Фото: ғаламтордан

Бір қызығы, саяси сарапшылар Өзбекстан Конституциясының жаңа редакциясының жобасын түзуге, яғни, Ата заңды түзетуге Қарақалпақ мәселесі негізгі түрткі болған жоқ деп есептейді. Олардың ойынша, 2023 жылы сайлауға түсу үшін және президенттік мерзімін өз қалауынша созу үшін Шавкат Мирзиёевке Конституцияның өзге баптарына өзгерістер енгізу өзектірек болған. Ендеше қарақалпақ мәселесі қайдан пайда болды? Қарақалпақстан Республикасының мәртебесін сипаттаудағы «егемен» сөзін алып тастау және Республиканың Өзбекстаннан бөліну құқығы туралы ескертуді алып тастау кімге қажет болды?

Мұның жауабы өте қарапайым. Өзгертулер мен толықтырулар жобасын Өзбекстанның либералды-демократиялық партиясы ұсынды дегеннің өзінде, мұндай аса маңызды дүниелер президенттің мақұлдауынсыз талқыға түспейді. Нүкіс халқы тік көтерілгенде, бір емес, екі рет шауып барған президент қанша жерден ақталып, депутаттарды айыптаса да, қарапайым жұрт бар бәленің қай үстелдің басында шешілгенін сезді. Сондықтан аянбады, оқ пен отқа қарсы жүрді. Билік тіксінді, Ташкент аяғын тартты. Бірақ осы мәселе Мирзиёевтың жетесіне жетем дегенше халық толқып, жазықсыз адамдар көз жұмды.

Түйін

Бір қарағанда, өзбек билігіне кеше ғана келгендей көрінеді, алайда Мирзиёевтің да таққа мінгеніне сегіз жылдың жүзі болыпты. Халықтың қалауымен санасатын, билігі халқына бағынатын мемлекеттерде болса, Ташкенттің төрінде қазір басқа адам отырар еді. Ал екінші президенттің алдына қойып тастаған мақсат-мұраты Конституцияға енгізілген өзгерістер мен сол өзгерістер арқылы ашылған алдындағы даңғыл жолдан байқалады.

Төтеннен бірдеңе кеп қалмаса, «Шавкат акя» жеті жылдан енді екі мерзім отыруға бар. Ал оған дейін Миралишер Мирзиёев те ат жалын тартып мінетін жасқа жетеді...

Сансызбай НҰРБАБА.