Президенттер портреті. Жапаров. «Бүлікшіден» Президентке дейін
Қырғыз Президенті Садыр Жапаров «қатал әрі турашыл басшы» ретінде соңғы кездері ел назарына жиі ілігіп жүр. Өйткені, шалыс басқан туыстарын аяп жатқан жоқ. Дереу абақтығы тоғытып жатыр. Жақында немере інісі Ұлан Жапаровқа «алаяқ» деген айып тағылып, қамауға алынды. Ол бұған дейін де кедендегі жемқорлық схемасы үшін жазасын алып, үй қамақта отырып шыққан-ды. Болашақ күйеубаласы Афтандил Сабырбеков те қазір түрмеде. Одан ірі көлемде есірткі табылды. Қырғыз заңы бойынша, ол 12-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Құрыш қалай шынықты?
Жапаров жақындарының жаман аты шыққаны үшін қырғыз халқынан иіліп кешірім сұрауға мәжбүр болды. Азаматтық қоғамы күшті Қырғызстанда басқаша болуы мүмкін де емес. Жалғанды жалпағынан басамын дейтін билеуші Алатаудың күнгейіндегі елде ұзақ тұрақтамайды. Айыр қалпақты ағайын бұған жол бермейтіні анық. Оған қырғыздың соңғы отыз жылдық тарихы дәлел. Бәрі Жапаровтың көз алдында өтті. Ертең судың да сұрауы боларын ол көңілге мықтап түйген.
Садыр Жапаров саясатқа кеше келген адам емес. Қилы замандарды артқа қалдырды. Сан мәрте қудаланды. Шетелге қашуға мәжбүр болды. Оған тағылмаған айып та аз емес. «Адамды – билік өкілін кепілге алды», «мемлекеттік төңкеріс жасауға оқталды», «елдің оңтүстігіндегі қанды қырғында – Оштағы этникалық жанжал кезінде от көседі», «Бакиевтің сыбайласы», «жемқор», «алаяқ» және тағысын тағылар. Он бір жылға сотталғанымен, көп ұзамай түрмеден шыға салып, премьер-министр болған адамдар тарихта некен-саяқ болар.
Бір сөзбен айтқанда, Садыр Жапаровтың өмірі негізінде көрерменді экранға таңып қоятын шытырман оқиғалы фильм түсіруге де болады. Оқ пен оттан үрікпейтін адам болмаса, «әу» дегеннен ат айылын тартатын қырғыз елін басқару да оңай шаруа емес.
Бакиев тұсында
Садыр Жапаров 2005 жылдан бастап саяси өмірге араласты. «Келечек» оппозициялық фракциясының жетекшісі ретінде Жогорку Кенештің депутаты болып сайланды. Көп ұзамай Қырғызстанда жаппай наразылық шерулері басталып, оның соңы «Қызғалдақ» төңкерісіне ұласты.
Жапаров Құрманбек Бакиев бастаған «Қырғызстанның халықтық қозғалысының» жақтаушысы болды. Бакиев билікке келгенде оның тасы өрге домалай бастады. Бірқатар маңызды лауазымды қызмет атқарды. Тіпті, Президенттің кеңесшісі де болды.
- Оқи отырыңыз: Президенттер портреті. Лукашенко. «Бесаспап» президент
2010 жылы Бакиевтің өзі тақтан тайды. Төңкеріспен билікке келіп, төңкеріспен кетті де, шетелде бас сауғалауға мәжбүр болды. Жапаровты Ош және Жалал-Абадта өзбектер мен қырғыздар арасында ұлтаралық қақтығыс кезінде қырғыз ұлтшылдарын қолдады деп айыптаушылар бар. Бірақ оның өзі мұнымен келіспейді. Қақтығысқа жол бермеуге ұмтылғанын алға тартады.
Алғашқы айып
Сол жылы қараша айында Жапаров Жогорку Кенешке қайтадан депутат болып сайланды. Бұл жолы Қамшыбек Тәшиев басқаратын «Ата-Жұрт» партиясының тізімі арқылы өтті. Парламенттің сот-құқық мәселелері бойынша комитет төрағасы болды. Тәшиевпен достығы Жапаровтың тағдырына, мәнсабына көп әсер еткені анық. Бұған әлі тоқтала жатамыз.
Жапаров 2012 жылы «Құмтөр» алтын кенішін мемлекет меншігіне қайтару туралы бастама көтереді. Оны игерген компанияның экологиялық талаптарды бұзып жатқанын, жемқорлыққа жол бергенін айтып, айыптайды. Бұл қырғыздардың арасында беделінің артуына сеп болды. Бірақ сол кездегі билік өкілдеріне ұнамағаны байқалды. Артынша Жапаровтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бішкектегі «бір ғимаратты заңсыз жекешелендірді», «алаяқтық жасады» деп айып тағылады. Десе де, оның кінәсі дәлелденбеді.
Билік өкілін кепілдікке алу оқиғасы
2012 жылдың қазан айында Садыр Жапаров пен Қамшыбек Тәшиев «Құмтөрді» мемлекет меншігіне алуды қолдаған митинг өткізді. Бірақ оның арты лаңға айналды. Шерушілер президент және парламент жұмыс істейтін Ақ үйге басып кіріп, полиция, омон және мемлекеттік күзет сарбаздарымен қақтығысты. Митинг ұйымдастырған екеу – Жапаров пен Қамшыбек Ташиев ұсталып, «билікті күшпен басып алмақ» болды деген айып тағылады. Бішкектің аудандық соты Жапаровты бір жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады. Ол өзін «саяси тұтқын» деп жариялайды. Халықаралық ұйымдар, бірқатар саясаткерлер, бұқаралық ақпарат құралдары да оны «саяси тұтқын» деп таниды. Көп ұзамай Бішкек қалалық соты оларды ақтап, сот залынан бостандыққа жібереді.
2013 жылы Құмтөрге қатысты митинг пен шерулер легі күшейді. Шерушілер Құмтөрдің электр сымдарын кесіп тастады. Тіпті, толқу кезінде үкіметтің өкілі Емілбек Қаптағаевты кепілге алып, көлігін өртеп жібереді. Билік бұл оқиғаның артында Садыр Жапаров пен Куанышбек Қадыров тұрғанын айтып, кінәлілерді қамауға алмаққа әрекеттенді. Жапаров өзінің бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеп, шетелге бас сауғалауға мәжбүр болды. Ол Польшада төрт жыл тұрды. Десе де, 2017 жылы еліне оралуға оқталады. Қазақ-қырғыз шекарасында тұтқындалып, «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғаны, билік өкілін кепілге алғаны» үшін айыпталып, қырғыздың арнайы қызметінің абақтысына жеткізілді. Ақырында сот оны 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарады.
Түрмеден – президенттікке
2020 жылы бесінші қазанда Қырғызстанда парламент сайлауының нәтижесіне қарсы наразылық акциялары басталды. Алтыншы қазанда Қамшыбек Тәшиев бастаған шерулер Садыр Жапаровты түрмеден босатып алып, Бішкектің орталық алаңына әкелді. Кешкісін «Достық» қонақ үйінде Жапаровты премьер-министр етіп тағайындады. Бұл қадамдардың заңдылығы жөнінде қырғыз елінде біраз сауал туды.
2020 жылдың қазан айынан бастап Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ал 2021 жылы қаңтар айында оның үзеңгілесі Жапаров президент сайлауына қатысып, 79,2 % дауыспен жеңіске жетті. Жаңа президенттің тұсында Қамшыбек Тәшиевтің ықпалы, салмағы артқаны байқалады.
Президент сүрлеуі
Жапаровтың тұсында Қырғызстан «Орталық Азиядағы демократия аралы» деген атаудан алшақтай түсті. Алтыншы президент «автократия сүрленуіне түсті, басқаша ойлайтындарға қысым күшейді» деген айыптау жиі айтылып жүр. Ол да негізсіз емес. Жапаров конституциялық референдум арқылы президент құзырын барынша кеңейтті. Парламенттің ықпалын бәсеңдетті. Ол құрған Халықтық құрылтай елдегі демократияның кері кетуіне әкелді. Оппозициялық саясаткерлер мен белсенділер тұтқындалып, тәуелсіз БАҚ-тар жабыла бастады.
Батыс елдерінің сынына Жапаров «елдің ішкі ісіне араласу» деп баға берді. Рас, Жапаровтың жақсы қырлары да бар. Ел ішіндегі наразылыққа қарамастан Өзбекстанмен шекара мәселесін реттеді. Тәжік-қырғыз шекара дауын, одан туған қақтығыстарды салқынқандылықпен шешуге ұмтылды.
Қазақстанмен арадағы салқындықты реттеуге күш жұмсады. Қазақ елі қарғын судан зардап шеккенде алғашқылардың бірі болып, көмек қолын созды. Қырғызстанда ірі мемлекеттік жобалар қолға алына бастады. Десе де, оған бөлінген қаржы Жапаровқа тиесілі компаниялардың есеп-шотына түсіп жатқаны жиі сөз болады.
Қырғыз халқы аумалы-төкпелі кезеңнің мехнатын аз тартпады. Саяси тұрақсыздық елді қажытқаны да рас. Бұдан біраз жыл бұрын жаппай наразылық шеруі кезінде Қырғызстанға жолымыз түскен. Оппозиция жақтастары «Бакиев кетсин!» деп ұран көтерсе, биліктің жақтастары «Бакиев елменен!» деп шеруге шыққанын көзіміз көрді.
Бішкек тұрғындарының бірін әңгімеге тартқанымызда: «Біз бұл президентті жақсы көргеннен көшеге шығып жатқанымыз жоқ. Біз төңкерістерден, тұрақсыздықтан шаршадық», – деп ашығын айтқаны бар. Осы шаршау Садыр Жапаров секілді тұлғаны билікке әкелген сыңайлы.