4 Қазан 12:25
...

Президенттер портреті. Путин. «Отбасы» тағайындаған тақсыр

Ресей президенті
Фото: Коллаж: NEGE

2017 жылы кезекті баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин Татарстанның журналист қызы ұстап тұрған плакаттағы «Путин – бабай» деген жазуды «Путин, бай-бай» деп қате оқыды. Татар қызы өз тілінде «бабай» – ата деген сөз екенін түсіндірді. Путин қателігін әзілге бұрып, «қартайған сайын көру қабілеті төмендеп бара жатқанын» айтып ақталды. Содан бері Путиннің бір аты «Бабай» болды...

Үшінші ұлдан сақтан

Владимир Владимирович Путин 1952 жылы 7 қазанда Ленинград қаласында дүниеге келген. Володя – әулеттегі үшінші ұл. Үлкен ағасы Альберт Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін, ал екінші ағасы Виктор соғыс кезінде өлген.

1960-1965 жылдары Путин Ленинградтағы №193 сегіз жылдық мектепте оқыған. Одан кейін №281 мектепке ауысты. Бұл – химияға басымдық беретін, Технологиялық институттың базасындағы мектеп. Кейбір деректерге көз салсақ, В.Путин мектепте әлжуаз, жұқа бала болғанға ұқсайды. Қатарластарынан көп қағажу көрген деседі. Алайда бастауыштағы мұғалімі Вера Гуревич оған «Володя пионер болған жоқ, сотқар болды» депті. Бірақ бұл – Путин президент болған соң берілген «баға» болса керек...

Путин оқушы
Путиннің оқушы кезі. Фото: ғаламтордан

Мектеп бітірген соң 17 жастағы В.Путиннің КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ленинград және Ленинград облысы бойынша Басқармасына баруына да бала күндегі алған психологиялық жарақаты себеп болған деген әңгіме бар. Алайда атышулы «КГБ-ның» сақа чекистері оған «алдымен гуманитарлық білім ал» деп жөн сілтеп жіберген. Содан В.Путин 1970-1975 жылдары Ленинград мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқыды. Студент кезінде-ақ Коммунистік партия қатарына өтіп, белсенділік танытқан. Дәл осы кезде саясаттағы тәлімгері, кейін қызметтегі бастығы Анатолий Собчакпен танысқан екен. Собчак ол кезде Ленинград университетінің доценті еді.

КГБ-ның шекпені мен шенеуніктің кәстөмі

1975 жылы ЛМУ-дің заң факультетін бітірген В.Путинді оқу орны Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жолдама бойынша жібереді де, ол жедел құрам сапында Охтада дайындық курсынан өтіп, лейтенант шешінде КСРО МҚК-ның аймақтық органына жұмысқа тұрады. Міне, осы кезден бастап Путин «КГБ шекпенін» үстінен тастаған жоқ. Жедел құрамды қайта дайындайтын түрлі курстардан өткен Путин сыртқы барлау жүйесі бойынша 1985 жылы ГДР-ден бір-ақ шығады.

В.Путиннің Германияның Дрезден қаласында қызмет еткен кезіне қатысты түрлі әңгімелер айтылып жүр. Кейбірі тіпті аңызға бергісіз. Оны даңқты Штирлецпен қатар қойғандар да болған. Бірақ сарапшылар мұның көпшілігі қауесет екенін, 2000-жылдардың басында «пиарщиктердің» немесе Путиннің достарының ойлап тапқан аңызы екенін айтады.

Бес жыл Германияда жұмыс істеген В.Путин 1990 жылы подполковник шенімен және «бөлім бастығының аға көмекшісі» деген лауазыммен Ленинградқа қайта оралады. Арнайы органда қызмет етіп келгендерді көмекші немесе кеңесші лауазымына тағайындайтын ескі дәстүр бойынша Путин де Ленинградқа келе сала өзі оқыған университеттің ректоры Станислав Меркурьевтің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалады. Путиннің саясатқа келуіне алғаш себеп болған, саясаткер Анатолий Собчакпен таныстырған да осы – Меркурьев. 1990 жылы Собчак Ленинград қаласының халық депутаттары кеңесінің төрағасы болып сайланады да, Путинді өзіне кеңесші етіп тағайындады. Осылайша Путин КГБ-ның шекпенін шенеуніктің кәстөміне ауыстырды. Бірақ бұл да уақытша еді, ол туралы кейінірек сөз етеміз.

Дрездендегі кезі
Фото: ғаламтордан

В.Путиннің Ленинград, кейін Санкт-Петербор қалалық мэриясында қызмет еткен кезеңіне қатысты сұрақтар аз емес. Мәселен, 1992 жылы Ленинград қалалық кеңесінің депутаттары Марина Салье мен Юрий Гладков бастаған жұмыс тобы сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің төрағасы В.Путинді «шикізатты азық-түлікке айырбастау арқылы Санк-Петербургті қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша жемқорлық жасады» деп айыптады. Кейін Путин президенттің міндетін атқарып жүргенде осыған қатысты былай деп ақталғаны бар: «Азық-түлік толық көлемде жеткізілген жоқ, бірақ бұл қылмыстық жауапкершілікке тартуға себеп емес еді. Сальенің комиссиясы зерттеу жүргізген жоқ. Шын мәнінде, бұл – мені қызметтен алуға Собчакты мәжбүрлеу әрекеті болатын...»

1991-1996 жылдары А.Собчактың жетелеуімен В.Путин Санкт-Петербор үкіметі төрағасының бірінші орынбасары лауазымына дейін өсті. 1993 жылдан бастап Собчак шетелге іссапарға кеткенде орнына Путинді қалдырып кететін. Алайда 1996 жылы Собчак сайлауда жеңіліп қалды да, соның салдарынан Путин жұмыссыз қалып, Санк-Петербордағы қызметі аяқталды.

Жұмыссыз қалған кезінде Путин таксист болып нан-тұзын айырғысы келгенін айтады. 2018 жылы шыққан «Путин» деректі фильмінде бұл туралы былай дейді: «Не істеу керек? Жұмыс жоқ. Шынымды айтсам, сол кезде таксист болып ақша табуды ойладым. Қалжың емес, шын айтам. Басқа не істейсің? Павел Павлович Бородин Мәскеуге, Президенттің іс басқаруына қызметке шақырғанда, әрине, келістім де, келдім».

Ельцин, «Отбасы», Путин

1997 жылы қарашада Путиннің бұрынғы бастығы А.Собчак Францияға қашты. Сол кезде оған «Санкт-Петербор мэрі кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылған-ды. Кейбір дереккөздер «Собчакты Францияға қашырған – Путин» деген әңгіме таратты. Ол кезде Путин Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары еді. Сол кездегі әкімшілік жетекшісі әрі Ельциннің күйеубаласы Валентин Юмашев: «Путиннің бұл әрекетін Кремль жоғары бағалады, кейін бұл эпизод Борис Ельциннің Путинді ізбасары етуіне себеп болды», – депті. Дегенмен бұған кереғар пікір де бар. «Егер сол кезде Собчак ұсталса, Путин де жазасыз қалмайтын еді» дейтіндердің де бір білгені болса керек.

1999 жылы көктемде Ресейдегі саяси дағдарыс шегіне жетті. Бас прокурор Юрий Скуратов Ельциннің төңірегіндегі шенділердің қылмысын әшкерелеп, әне-міне президенттің өзінің жағасынан алуға жақындап қалған. Өйткені бұл дауға президенттің екі қызы да шатылған еді.

Экс-бас прокурор
Ю.Скуратов. Фото: ғаламтордан

1999 жылы 18 наурызда мемлекеттік телеарнадан және кейбір шетелдік арналардан «Төсектегі үшеу» деп аталатын деректі фильм көрсетілді. Онда бас прокурор Юрий Скуратовқа ұқсайтын адам екі бірдей жезөкшемен жыныстық қатынасқа түсіп жатқаны көрінеді. Осы оқиғадан кейін Скуратов бірден қызметінен алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал енді осының бәрін ұйымдастырған кім деп ойлайсыз? Әрине, Путин! Бұл Путиннің Федералдық қауіпсіздік қызметі басшысынан РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне көтерілген кезі болатын. Осы оқиғадан кейін Ельцин мен «Отбасы» сол кездегі басты жауы Скуратовтың «желкесін үзген» Путинді түпкілікті мұрагер деп таныған деседі.

Ал енді «Отбасы» деген кімдер? Оның құрамына кімдер кірді? Жағдайға байланысты әр жылдары «Отбасы» мүшелері ауысып тұрды. Негізінен олар – Б.Ельциннің өзі, екі қызы Елена мен Татьяна, Татьянаның күйеуі Валентин Юмашев, олигархтар Борис Березовский мен Роман Абрамович. Бұлардан бөлек, әр жылдары «Отбасы» құрамында Ельциннің оққағары Александр Коржаков, премьер-министр Виктор Черномырдин, қорғаныс министрі Павел Грачев, қауіпсіздік қызметінің бастығы Михаил Барсуков, Мәскеу мэрі Юрий Лужков және Елциннің теннистен жаттықтырушысы Шамиль Тарпищев болғаны жайлы дерек бар.

Кремль
Фото: ғаламтордан

Президент Борис Ельцин «Отбасымен» ақылдаса келе, 1999 жылы 31 желтоқсан күні, Жаңа жылға санаулы минуттар қалғанда биліктен кететінін және орнына аз уақытта премьер-министр болып үлгерген Владимир Путинді президенттің міндетін атқарушы етіп қалдыратынын айтып, оны «мұрагерім» деп мәлімдеді.

Ал кейін уақыт өте келе Путинді президент жасауға ықпал еткен «Отбасы» мүшелерінің кейбірі жұмбақ жағдайда өлді, енді бірі саясат сахнасынан мүлдем кетті, тағы бірқатарының тағдыры не болғаны мүлдем белгісіз. Олай болатын себебі Путиннің оларды ешқашан ұмытпайтыны және жақтырмайтыны екібастан белгілі еді.

Президент Путин және күмәнді терактілер

2000 жылы наурызда өткен президент сайлауында Путин 52,94% дауыс жинап, президент болып сайланды. Путин сайланған жылы жазда Басаев пен Хаттаб Дағыстанға басып кірді. Сол жылы күзде (4-16 қыркүйек аралығында) Дағыстанның Буйнакскі қаласында, Мәскеуде және Волгодонскі қаласында бірнеше жарылыс болды. Теракті салдарынан 307 адам қаза тауып, 1700-ден астамы жараланды. Бұл Шешенстанға екінші соғысты жариялауға таптырмас сылтау еді.

Бірқатар зерттеушілер мен журналистер осы терактілерді шешеннің дала командирлері ұйымдастырғанына сенбейді. Олардың пайымдауынша, бұл – Путинді билікке әкелу үшін Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) немесе осы тектес басқа актор ұйымдастырған іс. Сондай-ақ бұл пайымды құптайтындар биыл Красногорскі қаласындағы «Крокус Сити Холл» отралығында болған терактіні де мысал етеді...

2000-2008 жылдардағы президенттік мерзімінде Владимир Путин халық алдындағы беделін көтеруге қатты күш салды. Терактілердің жиілегені де осы жылдармен тұспа-тұс келетіні қайран қалдырады. Терактілердің ең ірілері 2002 және 2004 жылдары болды. 2002 жылы Мәскеудің орталығындағы Дубровкада террористер театр ғимаратын басып алды. Кепілдерді босату кезінде арнайы улы газ қолданылды. Газдан және атыстан 117 бейбіт тұрғын қаза тапты.

Терроризм
Путиннің террористерге қарата айтқан атақты сөзі. Фото: ғаламтордан

2004 жылы 1 қыркүйекте Бесланда (Солтүстік Осетия) отыздан астам лаңкес мектепті басып алып, 1300-ге жуық адамды кепілге алды. Бұлардың көпшілігі балалар еді. Кепілге алынғандар екі тәулік бойы миналанған мектепте нәр татпай отырды. Үшінші күні кепілдерді босату операциясы басталғанда кепілдерді ұстап отырған спортзалда екі бомба жарылды. Оқиға салдарынан 330 адам қаза тапты, оның 172-сі – балалар.

Ұзын-ырғасы 24 жылда В.Путин президенттікке бес мәрте қайта сайланды. Бесінші инаугурация биыл 7 мамырда өтті. Ал соның алдында ғана – 22 наурызда Красногорскідегі «Крокус Сити Холлда» теракт болып, 145 адам қаза тапты, 551 адам жараланды. Қаза тапқандардың алтауы – бала...

Саяси қарсыластардың жұмбақ қазасы

Кез келген авторитарлық-диктаторлық режим саяси қарсыластарға шыдамайды, оларды не қастандықпен өлтіреді, не ұзақ мерзімге түрмеге жабады. Ресейде қалыптасқан жүйе де бұдан алшақ емес.

2006 жылы қарашада КГБ-ның бұрынғы офицері Александр Литвиненко Лондон ауруханасында көз жұмды. Оны «Полоний-210» деп аталатын аса сирек умен улаған. Британ соты «Литвиненко ФСБ-ның арнайы операциясынан өлді» деген тоқтамға келді.

2013 жылы 23 наурызда олигарх Борис Березовский Лондондағы өз үйінде жұмбақ жағдайда өлді. Ресми тергеу «суицид жасады» деді. Бірақ бұл версияға ешкім сенген жоқ.

2015 жылы 27 ақпан күні Кремльдің дәл іргесінде саясаткер, Путиннің бітіспес саяси қарсыласы Борис Немцовты ашықтан-ашық атып өлтірді. Немцовтың жақтастары бұл қылмысты Путин жасатты деп есептейді.

Саясаткер
Б.Немцовты атып өлтірген сәт. Фото: Георгий Малец

Биыл 16 ақпанда Путиннің тағы бір қарсыласы, оппозиционер Алексей Навальный «Полярный волк» ерекше режимдегі колониясында белгісіз жағдайда көз жұмды.

Бұл – бертінде болған, қоғамға белгілі жағдайлар ғана. Бұдан басқа да жұмбақ өлімдер мен қастандықтар аз емес.

«Арнайы әскери операция» деп аталатын соғыс

Ресей мен Украина арасындағы 2014 жылдан басталған қырғи-қабақ қақтығыстар 2022 жылдың басында шегіне жетіп, 2022 жылы 24 ақпанда Ресей әскері Украина жеріне басып кірді. БҰҰ-ның есебіне қарасақ, 2024 жылдың 6 қыркүйегіне дейін соғыс салдарынан 11 743 бейбіт тұрғын қаза тауып, 24 614 адам жараланған. Ал қиян-кескі ұрыста Ресей мен Украина жағынан оққа ұшқан әскерлердің санында есеп жоқ. The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Ресей мен Украина арасында соғыс басталғалы бергі екі жарым жылда қаза тапқандар мен жараланғандардың саны миллионнан асыпты.

WSJ дерегіне қарағанда, бұл соғыста Ресей тарапынан 200 мың жауынгер өліп, 400 мыңға жуығы жараланған, ал Украинаның 80 мың әскері шейіт болып, 400 мыңға жуығы жарақат алған.

«Міне, бұл соғыстың құны осындай: қаза тапқандар мен жараланғандардың саны миллионнан асты», – деп жазды басылым.

Қираған қала
Фото: ЮНИСЕФ/ А.Скиба

Соғыс әлі тоқтаған жоқ, тоқтайтын түрі де көрінбейді. 2024 жылы Ресейдің әскери бюджеті рекордтық сома – 112 млрд долларға жеткен, ал келесі 2025 жылға Путин әскері үшін 145 млрд доллар бөлмек. Бұл Совет одағы құлағалы бері Ресейдің қорғаныс саласына жұмсаған қаржысынан көп. Салыстыру үшін айта кетейік, Украинаның 2025 жылғы әскери бюджеті – 54 млрд доллар. Ендеше, «бүгін-ертең соғыс тоқтайды» деп күту бекер. Сарапшылардың болжамынша, соғыс 2025 жылы да тоқтамайды. Өйткені Путин дегенін жеткен жоқ және орыстардың соғыстағы өлермендігін де ескерген жөн.

Диктаторлардың ұқсас тағдыры

Ерте ме, кеш пе, соғыс бәрібір тоқтайтыны анық. Кімнің жеңгеніне, кімнің жеңілгеніне қарамастан. Тарихта талай-талай соғысқұмар диктаторлар өткен, солардың бәрінің да тағдыры бір болды. Өткен ғасырдағы Сталин, Гитлер, Муссолини, берідегі Пол Пот, Аугусто Пиночет, Саддам Хуссейн, тағы да басқа билеп-төстеушілердің тағдыры қалай аяқталғаны бәрімізге белгілі.

Тағдырдың жазуынан ешқандай әскер, ешқандай жерасты бункері құтқара алмайтынын бүгінгі диктаторлар да түсінбейтін сыңайлы. Түсінетін де шығар, бәлкім, бірақ мойындағысы келмейді...