Президенттер портреті: Әлиев. Гейдар – Ильхам – Гейдар?..
Гейдар – Ильхам – Гейдар... Әзірбайжан президенттерінің реттік тізбегі бұлай жалғаса ма, жалғаспай ма, белгісіз. Бірақ күні кешеге дейін Ильхам Әлиев бүкіл Кеңестік кеңістіктегі әкесінің орнын басқан жалғыз президент болғаны даусыз. Екі жыл бұрын Түркімен басшысы Гурбангулы Бердымухамедов те баласын таққа мінгізіп, әлиевтер ашқан әлемнің ауасымен тыныстап көрді. Ертең бұл қатарды толықтырғысы келгендер әр-әр жерден бой көрсетуі де мүмкін. Алайда Әлиевтердің ат ауыстыру дағдысына ұмтылғандар бәрібір далада қалатын сияқты. Неге?
Әлиевтерге дейін...
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Орталық Азия респбуликаларының бәріне бір-бірден басшы сайланғаны белгілі. Олардың барлығына ортақ бір қасиет – орнын босатқысы келмей, омалып ұзақ отырды. Тек қоғамы сергек Қырғызстанның ғана президенттері жиі ауысып тұрды. Былайғы жұрт Гейдар Әлиевті де сол аласапыран күндерде билікке келді деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Біле білсеңіз, Гейдар Әлиев – Әзірбайжанның үшінші, таққа жамбас тигізгендер санымен есептесек, бесінші президенті. Енді тізбелеп көрейік: 1991 жылғы 8 қыркүйектегі президенттік сайлауда 98,5 пайыз дауыспен Аяз Муталибов жеңіске жетті. Бірақ оппозицияның қысымынан кейін амалсыз биліктен кетіп, Ресейге қашты. Одан соң Якуб Мамедов, артынан Иса Гамбар, оның соңын ала Абульфаз Эльчибей таққа отырды. Бір қызығы, осы төрт президенттің ел басқарған кезеңі екі жылдың ар жақ, бер жағы ғана. Якуб Мамедов, екі ай билікте отырса, Иса Гамбардың тізгін ұстаған уақыты бір айдан аспайды.
Оқи отырыңыз: Президенттер портреті. Мирзиёев. «Шавкат акя»
Әзірбайжан билігіне неге басшы тұрақтамады? Соңғы екеуі президенттік міндетті уақытша атқарғанымен, Аяз Муталибовтің – тұңғыш президент, Абульфаз Эльчибейдің – бүкілхалықтық демократиялық сайлауда жеңіске жеткен президент дейтін ресми мәртебесі бар. Бірақ олардың барлығын да халықтық толқу, оппозициялық қарсылық жаңқа құрлы көрмей жағаға шығарып тастады. Бірі әскери төңкерістен жеңілсе, енді бірі азаматтық соғыстың басталып кету қаупінен жасқанды, тағы бірі аш құлақтан тыныш құлақ деп билікті өз қолымен өткізіп бергенді жөн көрді. Бұл кезде Әлиевтердің таңын атырып, жұлдызын жаққан 1993 жылғы президент сайлауы жақындап келе жатқан еді.
Гейдар Әлиев – 101
Әлиевтер көшбасшысының өмірге келгеніне биыл – 101 жыл. Бұл кісі туралы айтатын әңгіме де, көтеретін тарихи деректер де көп. Бірақ оның бәрін мейлінше сығымдап, ең негізгі дегендеріне тоқталайық.
Гейдар Әлиев – құпия қызметтің өкілі. 1941 жылдан НКВД-да еңбек еткен ол 1944 жылдан бастап КГБ-ға қызмет жасады. Осы мекеменің біліктілікті арттыру, қайта даярлау сынды түрлі курстарынан өтті. Кейбір деректер бойынша Әлиев Ауғанстан мен Пәкістанда Қарсы барлау қызметінде болған. Нақтысы, 1967 жылы Әзірбайжанның КГБ басшылығына келді. 13 жыл бойы (1969-1982) Әзірбайжан Кеңестік Социалистік Республикасын басқарды.
Осы жылдары президент әзірбайжан халқына не істеп берді? «Оған дейін республикада жылына 8 мектеп салынса, Әлиев осыны он есе көтеріп, 80 мектепке жеткізді. Барлық салада ілгерілеу болды, өндіріс дамыды. Әлиев 15 одақтас республиканың ең соңында тұрған Әзірбайжанды 6-7 орынға көтерді», – дейді Әзірбайжан парламентінің депутаты Айдын Мирзазаде.
Депутаттың мұнысы рас та болуы мүмкін. Өйткені Гейдар Әлиевтің тұсында шенеунік біткен үкіметтің соқыр тиынын жеуге қорықты. Жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес ашқан президент министрлердің жетпіс пайызын жұмыстан қуды. 45 аудандық комитет басшысының 37-сі ауыстырылды. Сауда министрлігінің басшылары толық құрамымен (24 адам) түрмеге қамалды. Ірі көлемде қаржы жымқырған колхоз және фабрика (5 адам) басшылары өлім жазасына кесілді.
Дегенмен Гейдар Әлиевтің қызмет шеңбері бір республикамен шектелмейді. Л.Брежнев қайтыс болғаннан кейін Ю.Андропов оны КСРО Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасарлығына шақырды. Бұл қызметте ол машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, білім, транспорт салаларына жауапты болды.
Бір қызығы, Л.Брежневтің кезінде политбюроға өтіп, Ю.Андроповтың тұсында Министрлер кеңесінің басшылығына барған, Черненкомен де тіл табысқан ол М.Горбачевпен жұғыса алмады. Мұның себебіне қатысты әртүрлі пікір бар. Соның бірінде Әзірбайжан басшысының іскерлігі, оның қай тұрғыдан да М.Горбачевтен астып тұрғандығы, сондықтан Кремль қожайыны оны сырттатуға тырысқаны айтылады. Мұндай ойды айтатындар негізінен әзірбайжан саясаткерлері. Олар тіпті Қазақстан басшылығына Г.Колбинді жіберуге қатысты М.Горбачевтің ұсынысына саяси бюрода тек Гейдар Әлиев қана қарсы шыққан дейді.
Оқи отырыңыз: Президенттер портреті. Жапаров. «Бүлікшіден» Президентке дейін
Әйтеуір Әзірбайжан басшысының 1988 жылы «зейнетке» шығарылғаны белгілі. Ал 1990 жылы КСРО-ны дүр сілкіндірген «Қара қаңтар» оқиғасы болды. Қарабақ жанжалын шеше алмаған билікке наразы жұрт демократияны талап етіп көшеге шықты. «Жағдайды тыныштандыру» желеуімен Бакуге Кеңестің бірнеше танк бөлімшелері кіріп, шерушілерге оқ атты. Ресми дерек бойынша осы қырғында 133 адам көз жұмып, 611 адам жараланған. Міне, осы кезде Гейдар Әлиев Кремльді айыптап, М.Горбачевті ашық сынады.
Ал 1993 жылғы президент сайлауында оны халықтың басым бөлігі қолдады. Бұл шын мәніндегі ашық сайлау болды десек, артық емес. Себебі әзірбайжан халқына Қарабақ дауында кез-келген күшке қарсы тұратын ірі тұлға қажет еді. Ал Әзірбайжанда Әлиевпен теңдесер ешкім болған жоқ. Сөйткен президент 10 жылдан кейін билікті баласына өткізіп беріп, АҚШ-та көз жұмды.
Артында ұлы қалса...
«Артында қызы қалса – ізі қалды де, ұлы қалса – өзі қалды де» дейтін қазақ мақалын Гейдар марқұм тура мағынасында түсінген сияқты. Түсінгені сол, Ильхамның дәл «өзі» секілді болуы үшін бәрін жасады. 2002 жыл Конституцияға өзгерістер енгізіп, ұлын ізбасар жасаудың алғышартын түзді. Бұдан кейінгінің бәрі тым жылдам өтті. 2003 жылдың сәуір айында мәжіліс мінберінде сөз сөйлеп тұрған жерінде құлап қалған Г.Әлиев ауруханадан аурухана жағалады. Бірақ төсек тартып жатып-ақ, тамыз айында Ильхам Әлиевті Әзірбайжан премьер-министрі етіп тағайындады. Осыдан кейін президент арғы дүниеге өтіп кетсе де, Конституция бойынша ұлы өз орнын басар еді. Дегенмен үлкен Әлиевтің маңдайының бағы бес елі екен. 2003 жылдың қазан айында өткен президеттік сайлаудың қарсаңында ол АҚШ ауруханасында жатып, Әзірбайжан халқына үндеу жасады, Ильхамды қолдауға шақырды. Кіші Әлиев 84,6 пайыздық дауыспен әкесінің орнына отырды. Ұлының «өзі» болғанын көріп, көңілі жайланған Гейдар Әлиев желтоқсан айында дүние салды.
Кіші Әлиев сол отырғаннан – әлі отыр. 2008, 2013, 2018 жылдары өткен президент сайлауларында дара келді. Қазақстандағы секілді қалауынша қидаланған Конституция оған қанша отырам десе де, ерік береді. «Бір адам екі реттен артық сайлана алмайды», «үш мерзімнен артық отыра алмайды» деген секілді «кәкір-шүкір» баптар баяғыда алынып тасталған.
Дегенмен ендігі президент сайлауы 2025 жылы өтуі тиіс еді. Әлиев оны біздің Назарбаев құсап, мерзімінен бұрын 2024 жылдың ақпанында өткізіп жіберді. Бұл сайлаудан Әзірбайжандағы оппозициялық партиялар – «Мусават» және «Әзірбайжанның халық майданы» партиялары қалыс қалды. Бойкот жариялап, «мұндай ойыншық сайлауға қатыспаймыз» деді. Оған кіші Әлиевтің қылшығы да қисайған жоқ, Қарабақ қайтарылып, халықтың көңіл-қошы түзу кезде кезектен тыс сайлау өткізді де, президенттік мерзімін тағы бір жеті жылға ұзартып алды.
Генерал болғысы келген бала
Ильхам Әлиев – қарны ашып, қатқан нан жеп көрмеген бала. 1961 жылы Бакуде өмірге келді. Бұл кезде әкесі – КГБ-ның басшысы болса, шешесі – офтальмолог-дәрігер еді. Ал нағашы атасы – Азиз Мамед Керим оғлы Әзірбайжан Жоғары кеңесінің хатшысы, жоғары кеңестің депутаты болған адам. Бір қызығы, бұл кісінің де тегі – Әлиев. Қысқасы, Гейдар Әлиев пен Зарифа Әлиеваның шаңырағында өмірге келген Ильхамның ішкені алдында, ішпегені артында еді.
Президенттің балалық шағына қатысты деректерде кіші Әлиевтің алымды да, шалымды бала болғаны айтылады. Алымды болатыны, сабағын жақсы оқыған. Шалымды болатыны, өзге балалармен жиі төбелескен. Бірақ ешқашан өзін ренжіткендер жайлы шағым айтпаған дейді.
Бұл жағын кім білген, бірақ Ильхамның спортқа бейімділігі рас екен. Ол волейбол, футбол ойнап, суда жүзуге құмар болған. 1974 жылы ГДР-да өткен жасөспірімдер арасындағы сайыста жүзуден жүлде алса керек. Осы кезеңдерде ол әкесі секілді генерал болуды армандаған көрінеді. Бірақ тағдыр оның маңдайына генерал болуды жазбаса да, әкесі секілді президент болуды жазды.
Әзірбайжан президентінің әзілге жақындығы, анекдот айтқанды ұнататыны, әсіресе, Л.Брежневке қатысты анекдот айтқанда, езу жидырмайтыны туралы ақпараттар кездеседі. Интернет иірімінен «Ильхам айтыпты» деген әзіл әңгімелердің арасынан мына бір анекдотты тауып алдық. Бірақ оны Әзірбайжан президентінің айтқан-айтпағаны белгісіз. Белгілісі, қайтарылған Қарабақтан кейінгі жеңген жақтың желдірме қағытпасы болса керек: Бір армян Пушкин ескерткішінің алдына барып жылап тұр дейді.
– Менің әйгілі отандасым! Сен бізді кімге тастап кеттің, неге кеттің, бізден?
– Қайдағы отандас? Бұл орыстың ұлы ақыны А.Пушкин емес пе? – деп сұрапты қасына келген жігіт.
– Орысы несі? Көрмейсің бе, ескерткіште «Газон Засеян» деп жазылып тұр ғой.., – депті сонда әлгі армян.
Ел басшыларының президент болмай тұрғандағы кейбір ерсілеу әрекеттерін былайғы жұрт жиі жаңғыртып отыруға құмар. Мұндай әңгіме кіші Әлиевке де қатысты айтылады. Мектепті бітірген Ильхам сол кездегі ең беделді Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтын тәмамдап, сол жерде ұстаздық еткені белгілі. Ал әкесін Кремль қыспаққа алып, «зейнеткерлікке» шығарғанда, Ильхам Әлиев Түркияға кетіп, сол жақта бизнеспен шұғылданған деседі. Әкесі билікке келген 1993 жылдан кейін елге оралады.
Ал 1995 жылы президенттің ұлына қатысты мынадай ақпарат тараған. Uznayvse.ru порталының жазуынша, жас кәсіпкер құмар ойынға қызығып, казинода өте ірі көлемдегі қаржыға жығылған-мыс. Қаржы сомасының үлкендігі сондай, оны қолма-қол төлеу қиынға түскен. Сол кезде жария болған сыбысқа қарағанда, түрік кәсіпкері Омар Топалмен арадағы мәселені шешу үшін үлкен Әлиев оған «Еуропа» қонақ үйін беруге мәжбүр болған-мыс.
Мұның қаншалықты ақиқаттығын тап басу қиын. Бірақ bbc.com сайтында 2011 жаряланған мақала назар аудартады. Ондағы мәліметтеге қарасақ, 90-жылдардың соңында Гейдар Әлиевтің жарлығымен бүкіл казинолар жабылып, құмар ойындардың барлық түріне қатысты күрес күшейген...
Одақтасы – әйелі
Кеңес одағының құрамында болған ел басшыларының ішінде әйелін әйел екен деп қасына ертіп жүретін осы Ильхам Әлиев қана шығар. Байқасаңыз, ТМД құрамындағы мемлекет басшыларының әйелі жоғары билікке жақындамақ түгілі, күйеуімен бірге жұрт көзіне түскен емес. Ал енді ұл-қызын ізбасар жасағысы келіп, әртүрлі қызметке қойып, есек дәмеге ергендер – иттің басынан көп екенін білесіз.
Әзірбайжан басшысының өзгешелігі сол, Мехрибанын қасынан тастамайды. Тіпті 2017 жылы оны өзінің орынбасары, яғни, вице-президент етіп тағайындады. Бұған дейін Әзербайжанның бірінші ханымы Милли Мәжілістің білдей депутаты болған еді. Мехрибанның таққа таяқ тастам жерге келуі – «Әлиев билікті әйеліне бергелі жүр ме» дейтін күдікті күшейтті.
Ал шындығында мұндай қауесет Мехрибан бұл қызметке келмей тұрып-ақ айтылған. Сонау 2013 жылы ол депутат кезінде қайырымдылық шараларымен айналысып, мәдени елші қызметін қатар атқарған болатын. Алайда оның «Жаңа Әзірбайжан» партиясы төрағасының орынбасары болып сайлануы елді елең еткізді. Өйткені «Жаңа Әзірбайжан» – кешегі «Нұр-Отан» мен бүгінгі «Аманат» секілді биліктің партиясы.
Міне, осы кезде бірқатар саяси сарапшылар «Мехрибан ел басшылығына келеді» деп болжады. Мұның себебі сол – президенттік сайлау жақындап келе жатқан еді. Егер президент сайлауға түспесе, міндетті түрде додаға әйелін қосып, Медведев-Путин әдісін пайдаланады дегендер көп болды. Өйткені Д.Медведев осыдан бір жыл бұрын ғана В.Путинге билікті қайтадан өткізіп берген болатын. Алайда саяси жауырыншылар жаңылды. Ильхам Әлиев әкесінен алған креслосын әйеліне бере тұруды қажет деп таппады.
Бір адам билеген елде сол ғой, Мехрибан Әлиеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған мақалалар БАҚ бетінде жиі жарияланады. Мысалы АЗЕРТАДЖ басқармасының төрағасы Аслан Аслановтың мына сөзіне қараңызшы: «Мехрибан ханым – Президенттің жақын одақтасы. Өзіне бірінші ханым ретінде жүктелген миссияның жауапкершілігін терең сезіне отырып, ол мемлекет басшысына ел үшін маңызды мәселелерді шешуде үлкен қолдау көрсетеді».
Үйде одақтас болған соң, түзде де одақтас болу – таңданатын нәрсе емес. Мәселе – білдей бір елдің басшысы саяси одақтасын алыстан іздемей, үйден-ақ тауып ала қоюында жатса керек. Бірақ мұны кіші Әлиев ашып айтпайды. Ашық айтылмайтын одақтасудың астарында бір ғана ықтимал мақсат бар. Конституция бойынша президент қызметін жалғастыра алмайтын жағдайға душар болса, орнын уақытша орынбасары баса тұрады. Түсінген шығарсыз, әкесі мінберде құлаған президенттің түсіне әрнәрсе кіруі мүмкін. Сондықтан мұны кіші Әлиевтің әсіре сақтығы деп болжауға болатын сияқты.
Тасадағы Гейдар
Ильхам Әлиевтің Лейла, Арзу деген екі қызы, Гейдар атты бір ұлы бар. Лейла әйгілі әнші Эмин Агаларовқа тұрмысқа шыққан. Бірақ екеуінің некесі баянсыз болды. Әншіге егіз ұл тауып берсе де, ажырасып тынды.
Лейла – қалам ұстайтын қыз. «Баку» журналының редакторы болған. Сапасын қайдам, өндіртіп өлең жазады. Атасы Гейдар Әлиевке арнаған «Элегия» өлеңі 5-сыныптың оқулығына кірген. 2008 жылы «Прогресс» медалін әкесі И.Әлиевтің өзі тапсырса, 2015 жылы Пушкин медалін В.Путиннің қолынан алды. Қалай айтсаңыз да, президенттің қызы деген атқа әбден лайық.
Арзу Әлиева – кинопродюсер әрі режиссер. Әпкесімен бірге Швейцария мен Ұлыбританияда білім алған. Президенттің қызы кино түсірем десе, кім қой десін, деректі фильмдер жасайды. Арзу ресейлік кәсіпкер Самед Курбановпен тағдыр қосты. Самедтің әкесі – Айдын Курбанов Бүкілресейлік әзербайжан конгресін ұйымдастырушылардың бірі болған. Яғни, барған жері жаман емес.
Оқи отырыңыз: Президенттер портреті. Лукашенко. «Бесаспап» президент
Ал Гейдар... Гейдарға қатысты қуанышын президент көпке жариялай бергісі келмейтін сияқты. Әйтпесе, Лейла күйеуге шыққанда нағыз ақ түйенің қарыны жарылды дейтіндей той болған. Раушан гүлдері Голландиядан алдырылып, әртістер шетелден шақыртылған. Арзудың тойын да әзірбайжан элитасы талайға дейін айтып жүрді. Ал Гейдардың үйленгенін ешкім білмей қалуы да мүмкін еді. Ильхам Әлиевтің «Президенттің әйелі болса да, әйелдің аты – әйел» деген қанатты сөзі расқа шықты. Қанша жерден «одақтасы» болса да, Мехрибан Әлиева сыр ашып қойды. Ол Instagram-дағы парақшасына былай деп жазды: «Кеше біз шағын құрамда ұлымыз Гейдардың үйлену тойын атап өттік. Енді біздің үшінші қызымыз пайда болғанына бақыттымын! Барлық ата-ана сияқты, біз де ұлымызға бақытты отбасылық өмір тілейміз!...».
Гейдар Әлиевтің үйленгеніне қатысты бұдан басқа дерек жоқ. Ал неге жоқ? Қызын ұзатқанда қуанған президент келін алғанда тарылып қалмайтыны белгілі ғой. Сірә, әзірбайжан басшысы «жалғыз ұлды жылтыңдатып көрсете бергеннен не пайда, көрсететін кезде көрсетеміз» дейтін сияқты. Орайы солай келді ме, әлде көрсететін уақыты туды ма, биыл қаңтар айында Ильхам Әлиев Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Мухаммад ибн Заид Әл Нахайянмен кездескен. Кездесуге екі тараптың да жоғары лауазымды тұлғалары қатысты. Міне, осы ортада ешбір ресми қызмет атқармайтын Гейдар Әлиев те жүрді. Ең бастысы, осы кездесудегі тарихи суреттер президент әкімшілігінен тарағанын ескерсеңіз, ұлды көрсетудің астарында не бар екенін шамалау қиын болмаса керек.
Сосын президенттің 27 жастағы ұлы өткен жылы Шуша қаласы Әзірбайжанға қайтарылғанда, соғыстың оты сөнбеген жерге әйелімен бірге бірге барып, БАҚ назарына ілікті. Мұның да тегін емес екенін оқырман өзі шамалайды деп ойлаймыз.
Қазына-қаржы кімде жоқ...
Жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізді деп әспеттелетін Гейдар Әлиев марқұмның үрім-бұтағы да жемқорлық күдігіне жиі ілігіп жүр. 2010 жылы жарияланған АҚШ мемлекеттік департаментінің зерттеуінде Әзірбайжан экономикасы түгелдей президент Ильхам Әлиевпен байланысы бар адамдардың бақылауында екені айтылған-ды. Әйелімен «одақтас» болған адам өз балаларымен «байланыспайды» деп ешкім де айта алмаса керек. Бұл – кіші Әлиевтің билік тізгінін қолына алғанына жеті жыл жаңа толған кездегі зерттеу екенін ескеріп қойыңыз. Дәл осы жылы Washington Post газеті Ильхам Әлиевтің үш баласының атына Дубайда құны 75 миллион АҚШ долларына тең жылжымайтын мүлік түрлері тіркелгенін жазды. Ал 2011 жылы тәуелсіз БАҚ президенттің қыздары ұялы байланыс бизнесін жаулап алғанын жариялады.
Баяғы ТМД кеңістігін дүрліктірген «Панама құжаттары» естеріңізде шығар, офшордағы құпия есепшоттардың иелері тізімінде Дариға Назарбаева, Нұрәли Әлиев, Ерлан Сағадиев сынды бірталай қазақстандықтың есімдері аталған. Міне, осы кезде Әзірбайжан президенті отбасының иелігіндегі офшорлық компаниялар да әшкере болды. Тіпті Ильхам Әлиевтің отбасы басқаратын Redgold Estates Azerbaijan Ltd компаниясы 2012 жылы жүзеге аспай қалған қырғыз алтын кен орындарын сату аукционына қатысқаны белгілі болды.
Ал 2018 жылы Ұлыбритания соты Ильхам Әлиевтің қыздарының ақша жымқыруға қатысы бар болуы мүмкін екенін ресми мәлімдеді. Бұл ақапаратты сол тұста The Guardian басылымы таратқан. Ондағы мәліметтерге сүйенсек, Лейла мен Арзу Әлиевалар Лондоннан құны 60 миллион фунтқа тең жылжымайтын мүлік сатып алған.
Бірақ бұған қарап, Әлиевтің қыздарының ғана аты шығып жатыр деуге болмайды. Әрбірден соң Әлиевтер әулеті ең құнды деген дүниелерін ұлдың атына тіркейтін сияқты. Мәселен «Проект» басылымы Ресейдегі ең қымбат және жабық аудандардың бірінде Гейдар Әлиевтің зәулім сарайы бар екенін жазды. Ондағы деректер бойынша кіші Әлиевтің үйі алдымен президенттің қайын атасы Ариф Пашаевтың атында болған секілді. Кейін жиені Гейдар Әлиевке сыйлаған-мыс. Ал енді бұл сарайдың құны қанша дейсіз ғой, 35 миллион АҚШ доллары!
Мұны аз десеңіз, президенттің жалғыз ұлы 11 жасында Дубайдағы тоғыз сарайдың иесі атанған. Яғни, Әлиевтер әулеті осынша мүлікті қарғадай баланың атына тіркеген. Сол кездегі нарық бойынша бұл мүліктердің құны 44 миллион АҚШ доларына бағаланған. Қазір қай баланың атында қанша қаржының тығылып, неше мүліктің буылып жатқаны бір құдайға ғана аян.
Түйін
Бұл сараптауымызда Қарабақ мәселесін айналып өтуіміздің себебі бар. Өйткені талай жылғы даудан кейін таласқа түскен жер Әзірбайжанға қайтарылса, бұл жалғыз – президенттің жеңісі емес. Бұған Илхам Әлиевтің саясаткерлігінен гөрі Арменияның арқасүйерінен әл кетуі көбірек ықпал етті. Украинамен соғысам деп бүкіл әлем алдында қарабет болған Ресейге тағы бір елмен тіресу қажет болмады. Оның үстіне, Әзірбайжанды Түркияның ашық қолдауы Ресейдің еріксіз айылын жидырды. Бірақ соның өзінде Әлиевтің есімі «Қарабақты қайтарған» президент ретінде тарихта қалатыны анық.
Тарих дегеннен шығады, Гейдар Әлиевтің Кеңестік кезеңде Әзірбайжанды 13 жыл билегені мен 10 жылдық президенттік кезеңін қоссаңыз – 23 жыл. Ал ұлы тапжылмай 21 жыл отырды. Ұзын-ырғасы 44 жыл. И.Әлиев биыл тағы 7 жылға сайланып алды – 51 жыл. 7 жылдан кейін президент 71-ге келеді. Әкесінің 80 жасқа дейін ел басқарғанын ескерсеңіз, «қартаятын» жас емес. Әлдеқандай күн туа қалса, орнын басар «одақтасы», ізін басар ізбасары бар...
Бірақ кейде адамның емес, Алланың дегені болатынын ұмытпаған жөн. Басқасын қайдам, ТМД кеңістігіндегі ел билеу дәстүрінің ырғағы Кремльдегі өзгерістен кейін бұзылары хақ. Путин кеткеннен кейін «Бұйырмаған – бұттан кетедінің» кебін киетіндер көбеюі мүмкін. Оның ішінде әрине, Ильхам Әлиевтің арман-мақсаты да тұр.