23 Мамыр 11:50
...

Пайда мен шығын. Мемлекеттің Bereke банкті сатуы НЕГЕ екіұдай пікір туғызды?

Bereke
Фото: Фото: Nege.kz

Ресейге салынған санкциялардың нәтижесінде Қазақстан үкіметі өзі бұрын-соңды істемеген бірегей тәжірибені басынан өткерді. Ол санкция салынғандықтан аяғы тұсалған шетелдік (ресейлік) банкті сатып алды да, оны санкциядан шығарып, тазартып, басқа шетелдік инвесторға сатып жіберді. Тек осыдан бізге пайда болды ма, болмады ма деген сұраққа жауап жоқ. НЕГЕ?

Осы аптада Катардың Lesha Bank инвестициялық конгломераты Қазақстан мемлекетінен, дәлірек айтсақ, Үкіметтің қаржылық агенті саналатын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінен Bereke банкті сатып алғаны туралы ресми мәлімдеме жасады. Мәміле сомасы 65 миллиард теңге немесе шамамен 146 миллион АҚШ долларын құраған.

Леша банк
Фото: Lesha Bank хабарламасы

Бұдан бізге пайда келді ме, әлде зиян шектік пе? Бұл сұраққа жауап іздеу үшін бірнеше сценарийді қарастырып көру керек.

«Мемлекет мүлде араласпағанда не болар еді?» деген сценарийді алып қарасақ, санкцияға ұшыраған «Сбербанк» ВТБ сияқты таза рубльдік модельге ауысып жұмысын жалғастыра берер еді, немесе пруденциалды нормаларды орындай алмай жатқандықтан лицензиясынан айрылып, банкрот болар еді. Банк банкрот болған кезде, салымшыларға депозиттерді сақтандыру механизмі іске қосылады да, ол мемлекеттік Депозиттерге кепілдік беру қорының біраз шығындалуына алып келеді.

Яғни, мемлекет ештеңе істемесе де, өзінің ірі жүйеқұраушы банкі банкрот болып жатқандықтан біршама шығындалуға тура келер еді.

Екінші жағынан алсақ, мемлекет өз қалтасынан қаржы жұмсамады. Ол банк акционері, ресейлік «Сбербанкке» өзінің Қазақстандағы банкінен 130 миллиард теңге дивиденд алып кетуге рұқсат берді. Яғни, осы сома – «Сбербанк» пен «Байтерек» холдингі арасындағы сату сомасы деп есептеледі. Ресейліктер ол дивидендті алып кеткендіктен, біздегі «Сбербанктен» аты ауысқан «Берекенің» капиталы тесік қалта сияқты үңірейіп қалды. Яғни, «Бәйтерек» холдингі оған уақытша капитал құю, өзінің және өзіне қарасты еншілес компаниялардың басы артық ақшасын депозит ретінде орналастыруға мәжбүр болды. Холдингтің дәл осы көмегі Bereke банктің АҚШ санкциясынан шығып, өзінің операциялық жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берді.

Байтерек
Фото: Nege.kz

Қатарлықтар Bereke банкті 65 миллиард теңгеге сатып алды. Мәміленің басқа анық-қанығы ашылып көрсетілмеген. Басты сұрақ – Қатар инвесторларына банкке қосымша капитал құю міндеттелді ме, жоқ па? Егер ондай міндет болмаса, Lesha Bank үшін бұл өте тиімді келісім болмақ. Себебі, Bereke банк 2024 жылы тапқан табысын өз капиталын толықтыруға жұмсаса, 2025 жылғы таза кірістен инвесторға оп-оңай 65 миллиард теңге қайтарып бере алады.

Мұнда сарапшылар тарапынан туындап отырған тағы бір сұрақ бар: «Бәйтерек» НЕГЕ Bereke банк 2023 жылы тапқан 28,96 миллиард теңгені өзіне дивиденд ретінде алып алмады? Сол кезде мемлекет бұл операциядан өзіне жақсы пайда түсірер еді. Оны істемегеніне қарағанда, Қатар инвесторлары «банкті қаржылық проблемасыз сатыңдар» деген талап қойғанға ұқсайды. Егер «Бәйтерек» холдингі дивидендтерді алып алғанда, банк капиталының пруденциалды нормаларға жеткіліксіздігі туындап, банк қадағалаушы бекіткен нормаларға сай емес болып шығар еді.

Тимченко
Фото: "Bereke Bank" АҚ Басқарма төрағасы Андрей Тимченко. Фото: the-tenge.kz

Тағы бір мәселе бар. Жаңа инвестор Bereke банкке трансформациялық уақытта келген отандық менеджментті сақтап қала ма? Бір сөзбен айтқанда, банктің қазіргі төрағасы Андрей Тимченко өз жұмысын жалғастыра бере ме? Банкті Қатар инвесторлары сатып алады деген сыбыс шыққалы бері Андрей Тимченконың жеке бизнесі, «N1Broker» брокерлік компаниясы өз жарнамасын үдете бастады.

Ол Андрей Тимченконың «егер Bereke банктен кетіп жатсам, запастағы аэродром дайын тұрсын» деген адами, заңды ниетін аңғартады. Андрей Тимченко – өзімідіз қазақстандық, мықты банкирлердің бірі. Оның жеке бизнесте де, жалдамалы менеджер ретінде де жолда қалмайтыны анық.