Орыс келіннің қалыңмалы. «Бәйтерек» НЕГЕ Сбербанкті сатып алуды сағызша созып отыр?
«Бәйтерек» холдингі Сбербанк бойынша келіссөздерге әлі нүкте қоймады. Себебі, бағасын тағы да түсіруді ойластырып отыр. Бұл туралы Nege.kz сенімді дереккөзі хабарлады.
Холдинг үшін уақыттың барынша созылғаны тиімді сияқты. Сол арқылы тағы да дисконт алуға болады. «Бәйтерек OFAC лицензиясының Сбербанк үшін қазан айына дейін созылғанын біліп отыр. Мәмілені сол уақытқа дейін аяқтаса болғаны. Онымен бірге, ҚНРДА тарапынан Холдингке «тездетіп рұқсат дайындап береміз» деген сигнал келді. Сондықтан «Бәйтерек» барынша уақыт созуға мүдделі», - дейді дереккөз.
-
Тақырыпқа орай: СБЕР енді «Jana bank»? «Байтерек» НЕГЕ тәуекелге бел буып отыр?
Осы маусымның қортындысы бойынша Сбербанктің капиталы 279 миллиард теңге жоғалтып, теріс балансқа кіріп кеткен болатын. Бірақ тамыз айында оң балансқа қайта оралды. Жұртшылық түсінбей қалғандықтан, есептіліктің осындай құпияларын Сбербанк арнайы түсіндіруге мәжбүр болды.
Банктің түсініктемесіне сай, капиталдың төмендеуі «валютаның теріс қайта бағалауы» бабы бойынша қалыптасқан.
«Банктер балансындағы бұл есепке алу бабы айырбас бағамының динамикасын – біздің жағдайда рубль-теңге бағамының динамикасын көрсетеді. Ауқымды санкциялар кезеңінде нарықтар дүрбелеңге түсіп, бізді акционеріміз ресейлік Сбербанк наурыз айында рубльмен 2 миллиард долларға пара-пар қаржы құйды»
1 тамыздағы жағдай бойынша банктің капиталы 156 миллиард теңгені құрады. Банкте клиенттердің тек 250 миллиард теңгесі қалған. Бірақ Сбербанк 1,3 триллион теңге несие портфелін ұстап отыр.
Фото: TAdviser
Банк қадағалаушы бекіткен пруденциалды нормативтерді орындамай отырғандықтан, оған арнайы жоспар бекітілген. Осы жоспар бойынша Сбербанк оңалуы тиіс.
«Менің ойымша, «Бәйтеректің» Сбербанкті қаншаға, қандай шарттармен алатыны анықталған жоқ. Бағасына саудаласу әлі жүріп жатыр», - дейді NEGE шолушысына түсініктеме берген қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.
«Холдинг жұртты шулатпай, Сбербанкті сатып алуға қажет қаржыны қайдан алатынын ойластырып жатыр. Өздерінде ондай басы бос ақша жоқ»
Осы орайда Үкімет пен ҚНРДА келісімге келгені көрініп тұр. Пруденциалды нормативтерді сақтамағандықтан Сбербанкті банктік лицензиядан айыруға болар еді.
Бірақ ҚНРДА «Бәйтеректі» күтіп отырғанға ұқсайды. Себебі, Холдингке Сбербанк лицензиясымен бірге керек.