24 Қараша 18:00
...

Мемлекет те, инвесторлар да дәм татты. Құлыбаев НЕГЕ ойлануда?

АЛМЭКС
Фото: Nege.kz

Nege.kz дереккөзі Тимур Құлыбаевтың үш жыл бойы қордаланған дивидендтерді жинап, 2026 жылы молынан алу мүмкіндігін айтады. Биыл сот Халық банкінің АЛМЭКС-ке аударылатын дивидендтеріне қойылған шектеудің күшін жойды. Ол үшін Тимур Құлыбаев мемлекетке түрлі бағдарламалар арқылы 140 миллиард теңге беруге мәжбүр болған.

Шектеу алынып тасталғаннан кейін, «АЛМЭКС» холдингі біртіндеп Халық банк акцияларын сатуға көшті. Өткен аптаның соңында холдинг банктің 7,6% акциясын сыртқы және ішкі биржаларда сату арқылы 475,41 миллион доллар табыс тапты. Бұл теңгемен есептегенде 246 миллиардтан асады.

АЛМЭКС
Фото: "АЛМЭКС" Холдингтік тобы" АҚ 2024 жылғы аудиттелген қаржылық есебінен. Аудитор: Deloitte

Мемлекет Тимур Құлыбаевтан өндіріп алынған 140 миллиард теңгені қайда жұмсағаны жөнінде ашып айтпады. Олигархтың өзі де бұл сұраққа қызығушылық танытпады. АЛМЭКС-тің иелігінде қалған Халық банкінің 62%  акциясы оның алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік береді. Алайда Nege.kz тілдескен кейбір сарапшылар Құлыбаевтың келесі жылы банк акцияларын тағы да сататынына сенімді. Тимур Асқарұлы үшін ең ыңғайлы үлес шамамен 51% болуы мүмкін.

Жартысы Тимур Құлыбаевқа, ал қалған 50 пайызы Динара Құлыбаеваға тиесілі «АЛМЭКС» холдингі 2024 жылы 786,5 миллиард теңге таза кіріс тапты. Осымен, холдинг капиталындағы үлестірілмеген кіріс 2,5 триллион теңгеге жетіп отыр. 2025 жылдың аралық есептері жоқ, бірақ Халық банк акциясын сатудан түскен қаржының биылғы таза пайданы одан әрі көбейтері сөзсіз. Биыл АЛМЭКС-тің таза пайдасы 900 миллиард теңгеге жетуі мүмкін.

АЛМЭКС
Фото: Nege.kz

Құлыбаевтар «АЛМЭКС» холдингінен соңғы рет дивидендті 2022 жылдың кірісінен алған еді. 2022 жылы компания 562 миллиард теңге таза пайда көрсеткен. Акционерлер оның 89 миллиард теңгесін дивиденд қылып танып, өздеріне аударды.

Құлыбаевтардың НЕГЕ 2023, 2024 жылғы кірістен дивиденд алмағандары да белгілі болды. Алғысы келмегеннен емес, сот дивидендтерді бұғаттап тастағаннан кейін мәжбүрлі түрде күтті. Енді дивиденд алуға ешқандай шек жоқ. Сондықтан 2025 жылдың қаржылық нәтижесі шыққан кезде, келесі жылдың жазында үлестірілмеген кірістен молынан дивиденд алуға болады.

Әрине, Тимур Асқарұлы керек болса өзіне 2 триллион теңгені оңай аудара алады. Бірақ ол АЛМЭКС капиталына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан біз келесі дивиденд сомасы шамамен 400-600 миллиард теңге болады деп болжаймыз.