16 Маусым 12:30
...

СБЕР енді «Jana bank»? «Байтерек» НЕГЕ тәуекелге бел буып отыр?

Фото:

Шілденің ортасына дейін Ресейлік Сбер Қазақстандағы банкін сатуы тиіс. Оны «Бәйтерек» холдингі алатыны да белгілі. Холдингке бұдан енді құпия жасаудың қажеті жоқ сияқты, себебі ол туралы ЕББР де, Сбер де айтып отыр.

«Бәйтерек» біздегі Сбербанкпен не істейді? Nege осы сұрақ төңірегінде сарапшылармен сөйлесіп көрді.

Сбербанк үшін OFAC лицензиясының мерзімі 12 шілде күні бітеді. Оған дейін банк тағдыры түбегейлі шешілуі керек болды. Негізі Сбер Альфа сияқты тез сатыла алатын еді. Тек «Байтеректегі» бюрократия оны тым ұзаққа созып жіберген. Жалпы, холдингтегі бюрократияның масштабы аңызға айналғанын жасыра алмаймыз.

«Егер Бәйтерек Сбербанкті өзіне тиімді бағамен сатып алса, оған ЕБРР қосымша капитал құятын болады. Қазір осындай келісім бар. Тек тараптар банктің қазақстандық атанғанын күтіп отыр», – дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов Nege шолушысына берген түсініктемесінде.

«Одан кейін банкті кім басқара алады? Сбердің өзінде өте мықты менеджерлер бар. Олар өз орнында қалуы да мүмкін. Жалпы, мемлекет қаржы нарығындағы бәсекелестік рухын сақтап қалу үшін осындай қадамға барып отыр»

Сбербанк сынды ірі ойыншының бір демде кетіп қалуы елдегі қаржы секторы үшін де, бизнес пен азаматтар үшін де ауыр болатынын біз бұған дейін жазғанбыз. Себебі, ол алғашқы үштікке кіретін жүйеқұраушы банк болды. Ал активтерінің көлемі 4,2 триллион теңгеге жетті.

"Сбербанк" ЕБ АҚ Алматыдағы бас кеңсесі. Фото: tadviser.ru

Сбербанк былтырғы жылдың қортындысы бойынша біздің нарықтан 130 миллиард теңге таза пайда тақан болатын. Сол кірісті сатардың алдында ресейлік қожайындары толық өздеріне алып алды.

«Мемлекет «Бәйтерек» холдингі арқылы мұндай өтімді активті жайдан-жай алып отырған жоқ», – дейді сарапшы Андрей Чеботарев.

«Артынан тиімді бағамен сатады деген ойдамыз. Мұндай банк біздің экономикамызға қажет, сондықтан оны жоғалтпай сақтап қалу қажет болды»

Тараптар мәміле толық аяқталмағанша, Сбербанктің қаншаға сатылатынын айтпай отыр. Және онысы түсінікті. Сбербанк атауының келмеске кететіні де анық. Банкке жаңа ат беріледі. Бұл бойынша, Nege.kz дереккөзі бірнеше атаудың қарастырылып жатқанын хабарлады. Оның ішінде, үкімет мүшелеріне «Jana bank» деген атау ерекше ұнаған. Егер осы ұсыныс қолдау табатын болса, онда «Жаңа Қазақстанда» «Jana bank» жұмыс істемек.

Тағы бір мәселе – банктің қазіргі басқарма төрағасы Елдар Теңізбаевқа қатысты. Ол әлемдік деңгейдегі өте мықты банкир болғандықтан, оны Қазақстаннан шығармай ұстап қалу қарастырылуда. Оған шетелден көптеген ұсыныс түскен.

Егер Теңізбаев қалатын болса, онда жаңа банктың бұрынғы топ-менеджменті жұмысын жалғастыра беретін болады.

Тегтер: