USD
USD
USD

«Біз мұнда отбасымызбен демаламыз»: Алматы облысында 12 мыңға жуық адам сенбілік өткізді

Алматы облысындағы туристік орындардан 200 тоннадан астам қоқыс жиналды.

.
Фото: Алматы облысы баспасөз қызметі

Бүгін Алматы облысындағы Күрті су қоймасында ауқымды сенбілік өтті. Оған ауыл тұрғындары, жастар, еңбек ұжымдары мен еріктілер қатысты. 800-ге жуық адам Күрті су қоймасының айналасынан 5 тоннаға жуық қоқыс жинады.

Үш күндік демалыс кезінде өңірдегі туристік нысандардың тазалығына ерекше көңіл бөлінді. «Тазалық күні» акциясы «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жалғасып жатыр. Күрті су қоймасы аты аңызға айналған «Қыз Жібек» көркем фильмі арқылы халыққа кеңінен танылған. Тарихи аймақ бүгінде қайта жанданып, туристер жиі келетін демалыс орнына айналған. Бұл жерге күніне 1500–2000-ға жуық саяхатшы келеді. Сондықтан тұмса табиғаттың тазалығын сақтау басты назарда.

.
Алматы облысы баспасөз қызметі

Бүгінгі сенбілікке облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, экологиялық мәдениетті сақтаудың маңызына тоқталды.

«Алматы облысында тамашалауға болатын табиғаты ерекше нысандар көп. Өзен-көлдері мен тау-қыраты, сондай-ақ жазық даласы да жанға жайлылық сыйлайды. Ал Іле ауданына келген қонақ дархан даланың көркемдігіне куә болады. Қазіргі таңда Күрті су қоймасы үлкен танымалдыққа ие болып, туристердің сүйікті мекеніне айналды. Сондықтан аумақтың таза әрі жайлы болуы маңызды», – деді өңір басшысы.

.
Алматы облысы баспасөз қызметі

Айта кетейік, «Тазалық күні» акциясы облыстағы танымал туристік бағыттардың барлығында қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда:

  • Кеген ауданы – Көлсай, Қайыңды көлдері;
  • Ұйғыр ауданы – «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;
  • Еңбекшіқазақ ауданы – Есік көлінің жағалауы;
  • Жамбыл ауданы – Үңгіртас ауылындағы «Жер кіндігі» туристік нысаны;
  • Райымбек ауданы – Шалкөде жайлауы мен Тұзкөл көлінің жағасы;
  • Қонаев қаласы – «Алматы–Өскемен» тасжолы бойы және «Көшпенділер қалашығы» аумағы;
  • Талғар ауданы – Талғар өзенінің бойы;
  • Балқаш ауданы – Жиделі ауылдық округіндегі «Завидово» туристік кешені;
  • Іле ауданы – Первомай тоғандары, «Sokol» спорттық-техникалық кешені, «Рыбацкая усадьба» демалыс орны, «Tortuga» демалыс базасы және «Dubai Resort» аквапаркі;
  • Алатау қаласы – «Еңбек» және «Заречный» шағын аудандары.
.
Алматы облысы баспасөз қызметі

Облыс бойынша бүгінгі тазалық жұмыстарына 12 мыңға жуық адам қатысып, 135 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 205 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигондарға шығарылды.

«Кең байтақ жеріміздің көркін сақтау – әрқайсымыздың міндетіміз. Бүгін сенбілікке қатысып, табиғаттың көркін бұзған қоқыстарды жинадық. Мұнда отбасымызбен жиі келеміз. Көздің жауын алатын табиғат жауһарын қорғау – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз», – деді сенбілікке қатысқан Ақши ауылының тұрғыны Мөлдір Тоғаева.

«Тазалық күні» акциясы ертең, яғни 3 мамырда да жалғасып, үш күн бойы өңірдегі туристік бағыттарда жүргізілген тазалық шаралары қорытындыланады.

Қазір оқып жатыр

Тоқаев Лукашенко мен Путинге қазақстандықты босатуға көмектескені үшін алғыс айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев

Түркістан облысында екі көпірді су шайып кетті

.

Алматыда жаппай төбелес кезінде екі оқушы көз жұмды

жаппай тобелес

Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасына қаржы құйды

Трамп ұлдары