Қазақстандағы ең ірі жеке компаниялар: көш басында кімдер тұр?
Forbes Kazakhstan 2024 жылға арналған Қазақстандағы 75 ең ірі жеке компанияның рейтингін жариялады.
Астана, NEGE. Рейтингте екінші жыл қатарынан KAZ Minerals компаниясы көш бастап тұр. Компанияның жылдық табысы 1,81 трлн теңгеге, таза пайдасы 604,3 млрд теңгеге жеткен. Кәсіпорынның негізгі тірегі – Ақтоғай мен Бозшакөлдегі ірі кен орындары. Сондай ақ, Шығыс Қазақстандағы жерасты кеніштері және Қырғызстандағы Бозымшақ кен орны.
Екінші орынға «Қазақмыс» корпорациясы жайғасты. Оның кірісі 1,433 трлн теңге, пайдасы 63,6 млрд теңгені құрады. Компанияның негізгі табысы тазартылған мыс пен алтын экспортынан түседі. Өнімі Қытай, Түркия, АҚШ және ішкі нарыққа шығарылады.
Алғашқы үштіктің қатарына Astana Motors компаниясы кірді. Оның жылдық табысы 1,18 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 21% өскен. Компания құрамына автокөлік таратумен қатар, бірнеше зауыт, оның ішінде жылына 120 мың көлік шығаруға қауқарлы жаңа мультибренд зауыты кіреді.
Сәйкесінше, бұл компаниялар табысына қарай елде ең көп салық төлеушілер болып саналады. KAZ Minerals – 461 млрд теңгеден астам, «Қазақмыс» – 205 млрд теңге, Astana Motors – 157 млрд теңге көлемінде мемлекетке кіріс әкелді.
Жалпы табысы жоғары жеке компаниялардың ондығына Qarmet, «Қазхром», BI Group, Magnum Cash & Carry, ССГПО, Orbis Auto және «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» енді.
Жаңартылған тізімде 9 жаңа компания пайда болды. Олардың қатарында Railways Systems KZ, QazTehna, Mercury Properties, Orbis Oilfield Services, «Қайнар-АКБ», «Отау-Строй», AVC Production, «Мелиоратор» және Bapy Mining бар.
Бұл рейтингке байлар қатарына ілікпесе де, бір жылда табысын ең көп арттыра алған кәсіпорындар да тіркелді. Алғашы үштікке Integra Construction KZ (+118%), АгромашХолдинг KZ (+101%) және Qazaq Bitum компаниялары енді.