11 Қыркүйек 14:30
...

Berekeлі Бәйтерек. Үкімет бір жыл бойы НЕГЕ Bereke банкті сата алмай отыр?

Фото:

«Бәйтерек» холдингі өзінің жартыжылдық қаржылық есебін шығарды. Bereke банк қосылғалы бері холдингтің таза пайдасы едәуір артқан. Осы орайда, «пайда әкеліп тұрған активті үкіметтік холдинг сатқысы келмей қалуы мүмкін» деген пікірлер айтыла бастады.

«Бәйтерек» холдингі санкцияға ұшыраған Қазақстандағы «Сбербанкты»  2022 жылдың қыркүйегінде сатып алған еді. Сол айда «Сбербанк» атауы «Bereke» болып ауысты. Bereke bank 2022 жылы 124 миллиард теңге шығын көрсеткенімен, биылғы жылдың қортындысы бойынша таза пайда әкеле бастамақ. Банк жариялаған биылғы 3 айдың қаржылық есебіне сай, оның таза кірісі 9 миллиард теңгеден асқан.

«Бәйтерек» холдингінің де мұрты майланып отыр. Биылдың алғашқы жартыжылдығында холдингтің таза кірісі 233 миллиард теңгеге жеткен. Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 70 пайызға артық. Портфельді компаниялар құрамында Bereke bank-тің болуы да жағымды әсер еткені анық.   

Былтыр Үкімет «Сбербанкті» сатып алғанда, оны санкциядан шығарып, тез арада сатамыз деген уәде берген болатын. Биыл көктемде тілшілермен фойеде кездесіп қалған ҚНРДА төрайымы Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА бұл банкті сатып алатын инвестор қарастырылып жатқанын мәлімдеген. Содан бері аталған тақырып бойынша еш хабар жоқ.

NEGE дереккөзі Біріккен Араб Әмірліктерінен шыққан Mubadala инвестициялық қорымен біршама келіссөз өткенін айтады. Ниеті бар, қызығып отырған сатып алушылардың барлығы 2023 жылдың қорытындысын күтіп отыр.

Инвесторлар банктің қаржылық жағдайының қалай болатынын, еркін ақша ағыны мен кірісін бағалағысы келеді. Bereke Bank-тің қазіргі өтімділігі мен кредит беру мүмкіндігі оның депозиттерінде «Бәйтерек» холдингі арқылы біраз қаржының жатуымен тікелей байланысты. Сарапшыларда ертең ол сатылса, осы қаржыны холдингке кіретін компаниялар шешіп алады деген күдік басым.

Бұл ретте, егер сатылғаннан кейін инвестор қосымша капитал құймаса, банк өтімділік дефицитіне тап келуі мүмкін. Сол себепті де Bereke bank-ті дәл қазір сатып алуға дайын тараптар жоқ. Әзірге ол холдинг құрамында кіріс әкеліп тұра береді. Бірақ бұл жағдай мемлекеттің барлық салаға дендей еніп, жеке капиталдардың адал бәсекесіне еш мүмкіндік бермей отырғанын тағы бір көрсетті.  

Тегтер: