7 Тамыз 12:00

«Өзімді де кінәлаймын...» – Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов мықты команда жасақтауға уәде берді

Боксшы
Фото: ғаламтордан

Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов бұған дейінгі болжамында кемінде екі боксшыдан алтын медаль күтетінін айтқан еді. Ал бүгін ұлттық құраманың Париж төрінде көрсеткен өнеріне қандай баға береді?

NEGE тілшісі бокс саласының майталманынан сұрап көрді.

– Қазақстан құрамасы бокстан 7 жолдама алып еді, алайда бүкіл қазақ Нұрбек Оралбайдан ғана үміт күтіп отыр. Жалпы, жігіттердің дайындығына көңіліңіз толды ма? Не жетіспеді?

– Ұлттық құрама 7 жолдаманы алғанда бәріміз қуандық. Шын мәнінде, толық командамен Қазақстан мен Өзбекстан ғана барды. Бірақ өзбектердің құрама командасы өте табысты өнер көрсетіп жатыр. Бірден 5 боксшысы жартылай финалға шықты. Әрине, жігіттер жеңіп шықса, көңіл толар еді. Ендігі бар үміт – Нұрбек Оралбайда ғана.

Жалпы, біздің жігіттердің көзінде от жоқ екенін байқадық. Бірінші раундта жеңеді, екінші және үшінші раундта жеңіледі. Физикалық тұрғыдан шаршаңқы сияқты көрінді. Бәлкім, басқаша дайындалу керек пе еді деп ойлаймын. Бұл туралы келгеннен кейін де көп әңгіме болады. Меніңше, дайындық төмен болған сияқты.

Бірақ маған Мұхамедсабыр Базарбайдың ойыны өте жақсы ұнады. Болашағынан үміт күткізетін үш жекпе-жек өткізді. Оның екеуін жеңді, үшіншісінде грузиялық Лаша Гурилиден жеңілді. Төрешілер солай шешті. Ал Сәкен Бибосынов олимпиада және екі дүркін әлем чемпионы Хасанбой Дусматовпен жекпе-жегінде оңбай сүрінді. Болмашы бір соққылар жасады. «Неге ондай соққы жібересің? Одан да қолыңды көтеріп, қорғаныс жасамайсың ба?! Сонда Хасанбойдың соққысы дәл түспей, төрешілердің ойы өзгермес еді ғой!» деп «әттеген-айлап» отырдым. Шын мәнінде, Сәкен осы жолы чемпион болуға мүмкіндігі бар еді.

Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов ту ұстау құрметіне ие болды. Ол осы жауапкершілікті көтере алды ма, жоқ па, ойланып қалдым. Бәлкім, оған туды бекер ұстаттық па? Оған ештеңе жүктемей-ақ өз стилімен бокстасуға мүмкіндік беру керек пе еді, кім білсін?! Бірақ иорданиялық боксшыға есе жібергеніне қатты қапа болдым.

– Кейбіреулер «Бас бапкерді ауыстыру керек...» деп жатыр. Бұл жеңіліске бас бапкердің кінәсі қаншалықты? Жалпы, бас бапкер Мырзағали Айтжановқа деген көзқарасыңыз қалай?

– Кезінде Мырзағали Айтжанов екеуміз бірге бокстастық. Екеуміздің қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бір-бірімізді сыйлаймыз, құрметтейміз. Ауыр сөз айтпауға тырысамыз. Дәл менен қандай да сын естісе, көңілі қатты түсіп қалатынын да білемін. Бәрін дәлелмен айтуға тырысамын. Ол – өте пысық, тиянақты, өз ісіне берілген азамат. Әсіресе, бапкерлік жұмысқа бар жан-тәнін салып жүр. Егер оған «Федерацияның басшысы болыңыз» деп ұсыныс жасаса, беретін жауабы – «Мен бұған дейін де бапкер болдым, әрі қарай да бола беремін». Яғни, бапкерліктен басқаға қызықпайтын адам.

Бас бапкер
Фото: qazsporttv.kz

Қайрат Ералиев, Біржан Жақыпов, Сәкен Бибосынов сияқты мықты шәкірттерді тәрбиеледі. Сондықтан «Жеңіліске бас бапкердің кінәсі қаншалықты?» дегенге айтарым, жігіттер дайындық барысында да, рингте де «әлсіз өнер көрсетейік» демейді ғой. Бап бапкер де жаттығу кезінде барын салады. Бәлкім, бір жерлерде қателік кеткен шығар. Шын мәнінде, ешкімді ақтамаймын. Олимпиада аяқталып, құрама елге оралғаннан кейін барлық сұраққа жауап табатын боласыз.

– Бұған дейін құраманың бас жаттықтырушысы болған Тұрсынғали Еділов «Бәрін төрешілерге жаба салу дұрыс емес. Жігіттердің көзінде от жоқ. Дайындық кезінде асыра сілтеп жіберген сияқты. Рингте жанын берген ешкімді байқамадық. Жігіттер шаршап жүргендей. Токиода да солай болды» деген еді. Сіз не дейсіз?

– Әрине, бұл жерде жеке бапкерімнің пікірімен келісемін. Ол кезінде маған қатты айтатын. «Егер сенің қолыңды көтермесе, сен жеңілдің!» деп қысқа жауап беретін. Ал енді «төрешілер бұрып жіберді, солар кінәлі» дегенге де беретін жауабы осы. Сондықтан бәрін төрешілерге жабуға болмас. Егер боксшы «Берсе қолынан, бермесе жолынан» деп жеңіске жетуге жанын салса, ешбір төреші бұра тартпайды.

Мысалы, Өзбекстан боксшыларының ойынын көрдіңіз бе?! Соншалықты мықты ойнайды. Бір сөзбен айтқанда, еш күмән тудырмайды. Біздің жігіттерге сондай сенімділік жетіспеді. Шаршы алаңға шыққан кезде де аяқ алысы дұрыс болмады. Талай жеңіс қолымыздан сусып кетті. Айталық, Қамшыбек Қоңқабаев, Асланбек Шымбергенов, Махмұд Сабырханның боксына көңілім толмады. Бәленбай жылдық тәжірибесі бар, біраз жасқа келген боксшылардың осындай өнер көрсеткеніне іштей ренжідім.

Адам алдымен басын жұмыс істету керек қой. Бокс деген қарсыласыңның мұрнын бұзу емес. Тактикалық тұрғыда, шахмат ойыны сияқты алдап, жеңілін құрбан етіп, қомақтысын қағып алу керек. Ой-өрісі, алдау тәсілі, қияс қимылдың ешқайсысын көрсете алмады. Ашықтан ашық күш білегіне салып жүрді. Алдыңғы қолмен жойқын соққы бергенін көрмедім. Шынымды айтсам, ішім күйіп, жанып отырды. Бірақ «жігіттер нашар өнер көрсетті» деп қатты сынға да алмаймын. Барын жасады, алайда жиған тәжірибесін қолданып, ақылға салып бокстасу керек еді.

– Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов қазір де балаларды жаттықтырумен айналысады екен. Әлі де болса, бізге ол кісінің көмегі керек деп ойламайсыз ба?

– Иә, ол кісіні өте жақсы білемін. Үйіне жиі барып тұрамын. Отбасымызбен араласамыз. Ол кісі маған бапкер, аға, дос болды. Мен де сүйікті шәкірті атануға тырыстым. Үнемі ақылдасып, пікірлесіп, ойымызды ашық айтып жаттығу жасайтынбыз. Ал қазір жаттығуда тек қана бапкерлер жағынан ғана басымдық болатын сияқты. Шәкірттері ойын ашық айта ала ма, жоқ па, білмеймін. Құдай қаласа, бокс федерациясына, министрлікке олимпиада чемпиондарын бапкерлік штатқа араластыру жөнінде ұсыныс айтамын. Арнайы штат ашып, оларды жаттықтырушы-нұсқаушы немесе жаттықтырушы-кеңесші етіп алған жөн. Себебі, дәл осы қалыппен кете берсек, ештеңе шықпайды. Қазір белгілі боксшылар тарапынан да сын көп айтылуда.

Бапкер
Фото: aqzhelken

Ал енді Тұрсынғали аға «Бас бапкер болып келесіз бе?» деген ұсынысқа, «Кезінде екі алтын, екі күміс алып, Қазақстан боксшыларын аспанға көтердім бе? Көтердім. Енді сол межеден төмен түскім келмейді» деген еді. Маған да «Одан да балаларды жаттықтырып, соларды құрама командаға кіргізейін» деген әңгімесін жиі айтатын. Енді қазір ұсыныс айтсып көрсе, не дейтінін білмедім.

– Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков бір сұхбатында Қамшыбек Қоңқабаевтың бокстағы өнеріне баға беріп: «Қамшыбектің мысы бар. Бірақ оны ұратын «қамшы» жоқ. Қамшыбектің нокаутқа жіберетін соққылары жоқ. Түртіп жүреді. Сенімсіз бокстасады» дей келе, «Осындай кезде біздің заманда бокстасқанда не болар еді деп ойлаймын. Алексис Рубалкабалар келіп қалса не болатын еді, Баходир Жалоловтармен жұдырықтаса алмай жүр. Жалолов керемет боксшы емес. Ауыр салмақта жеңу үшін бір тәсіл қолданасың, біз мысалы, тәжірибемен, нокаутпен емес, жылдамдықпен жеңдік» деген еді. Сіз не дейсіз?

– Шынына келгенде, Мұхтархан Ділдәбековтің қарсыластары Алексис Рубалкаба, Тони Харрисон, Рустам Саидовтардың соққылары мықты болды. Бірақ Мұхтархан бәрінің кілтін тауып, соққылардан қорғана біліп, талайын жеңіп, Олимпиаданың, әлем чемпионатының күміс жүлдесін әкелді. Қазақстанның бокс спортының дамуына өзіндік үлес қосты. Сондықтан оның да айтқан пікірімен келісемін. Әрине, ауыр салмақта болған соң жойқын соққы жұмсап, алдау тактикасы мен техникасын қолданса, жеңеді ғой.

– Алдау дегеннен шығады, өткенде Хасанбой Дусматовтың бапкері соңғы раундта «Актерлікті қос!» деп тапсырма берді. Олар қарсыласты ғана емес, төрешілерді де жіті зерттеп алған сияқты. Жалпы, бокста бұл тактика аса қажет пе?

– «Актер бол» деген себебі, алдыңғы екі раундта жеңген соң, үшіншісінде көбіне алдау әдісін қолданған жөн. Бұл – бапкерінің «Алға қарай босқа шабуылдай берме, керісінше, өзіңе шақырып, қимылға көш» дегені. Мұны боксшылардың бәрі біледі. Негізі біз өзбектердің, олар біздің мектепті жан-жақты зерттеп алған ғой. Әлгінде шахмат сияқты ойнау керек дегенім сол. Өзім шахматты жақсы ойнаймын. Жылдам ойлаудың арқасында чемпион болдым. Біздің боксшыларға жетпей жатқаны осы.

– Тұрсынғали Еділов 2016 жылы Рио олимпиадасындағы қазақ боксшыларының өнеріне сын тағып: «Рингте жанын салған өзбек боксшыларынан әлі талай ұтыламыз», – деген еді. Айтқаны айдай келіп жатқан сияқты. Біздің құраманың басты қарсыласы өзбектер ме?

– Өзбекстан құрама командасы Қазақстан боксшыларына басты қарсылас екені ешкімге жасырын емес. Сәкен Бибосынов қарсыласы Хасанбой Дусматовтан жеңілгенін көрдік. Сол сияқты Махмұд Сабырханның қарсыласы Абдумалик Халоков та, Қамшыбек Қоңқабаевтың салмағындағы Бахадүр Жалолов та, сөз жоқ мықтылар. 7 боксшы бізден, 7 боксшы Өзбекстаннан түсті. Қазір олардан бесеуінің жартылай финалға шыққанының өзі Тұрсынғаи Еділовтің пікірінің нақты дәлелі.

Боксшы
Фото: Olympic.kz/Тұрар Қазанғап

– Сонымен, Нұрбек Оралбайдан алтын күте берейік пе? 

– «Үмітсіз – шайтан» дейді ғой. Нұрбек Оралбайды сонау жасөспірім кезінен алып келе жатырмын. Жастар арасында олимпиада чемпионы атанды, енді ересектер арасында олимп шыңын бағындырса, қандай жарасымды!

– Бокс спорты сіздердің кезге қарағанда қазір қалай? Дамыды ма, кенжеледі ме?

– 2000 жылғы Сиднейге барған құрама команда екі алтын, екі күміс алып қазақты дүниежүзіне паш етті. Спортсүйер қауым мұның даңқын әлі күнге дейін аспандатып жүр. «Сол кезде Ермахан Ыбырайымов, Бекзат Саттарханов, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдәбеков қандай өнер көрсетіп еді. Сол команда қазір жоқ» деп айтатындар бар. Шыны керек, дәл сондай құраманы алдағы уақытта күтеміз. Бапкерлер соған ниеттеніп, жұмыс істеп жатыр.

Кейде осындай мықты команданың шықпай жатқанына өзімді де кінәлаймын. Бокс федерациясының атқарушы комитетінің мүшесі ретінде, Олимпиадалық даярлау орталығының басшысы бола тұра, «Сондай команданы неге жасақтай алмай жүрміз?» деген сұрақ мені де, бас бапкерлерді де мазалайды. Бірақ жанкүйерлерге «Жуық арада мықты команда жасақтап, алдағы уақытта нәтижесін көресіздер» деп, Бокс федерациясы және Туризм және спорт министрлігі тарапынан уәде беремін.