6 Тамыз 12:30

Ислам Байрамуков: Бұл Олимпиадада төрешілер бұра тартып жатқан жоқ

Олимпиада
Фото: gurk.kz

Еркін күрестен Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковтың қашан да айтары бар. Бүгінде республикалық спорт колледжінің директоры қызметін атқаратын ол бұқаралық спортты жаппай дамытқанда ғана, чемпиондар көптеп шығатынын баса айтты.

NEGE тілшісі Парижде өтіп жатқан олимпиадада өнер көрсеткен спортшыларға қатысты пікірін де сұраған еді.

– Ислам Ілиясұлы, өзіңіз ашылуын жүргізген олимпиаданы тамашалап жатқан шығарсыз. Дауысыңызды тағы естиміз бе?

– Иә, «Хабар» телеарнасында жүргіземін. Бұйырса, еркін күрестен комментатор ретінде репортаж жасаймын.

– Алдағы күндері еркін күрестен жолдама алған 4 жігітіміз шығады екен. Бұған дейінгі дзюдошы, боксшылардың өнерінен кейін олардан жеңіс күте аламыз ба?

– Жарыс жолын грек-рим күресі бастады. Еркін күрестегі жігіттер 8 тамызда шығады. Грек-римде де, еркін күресте де төрт-төрттен 8 жолдама бар. Әрине, үміт бар. Азамат Дәулетбеков (86 келі), Әлішер Ерғали (97келі), Мейрамбек Қартбай (57 келі), Юсуф Батырмұрзаевтың (125 келі) қай-қайсысында да мүмкіндік жетеді. Мұның ішінде Әлішер Ерғалидың салмағы ауырлау болғандықтан олимпиада, әлем чемпионымен бақ сынасады. Іріктеуден өткен ең үздік 16 спортшы келеді. Бәрі де мықты, дайындығы сақадай-сай. Бәрінің де арманы – Олимпиада чемпионы болу. Өз басым еркін күрестен де, грек-рим күресінен де балуандардан жеңіс күтемін.

Бәрібір бұл олимпиададағы нәтиже Токиодан асып түсті. Неге десеңіз, Токиода 7 қола ғана алдық. Тіпті, «Қола дәуірге айналып кеттік» деген әзіл-шыны аралас әңгімелер айтылды. Дегенмен, алтынымыз, күмісіміз, қоламыз да бар. Бокстан Нұрбек Оралбай мен Назым Қызайбайдан алтын күтеміз.

– 2000 жылы өткен Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері ретінде айтыңызшы, одан бергі уақытта елімізде еркін күрес қалай дамып жатыр?

– Еркін күрес спорты өз қалпымен, өз ретімен келе жатыр. Дегенмен, бізде дарынды балалар көп. Әттеген-айы, кейінгі кезде сәттілік болмай жүр. Бірақ әлем біріншіліктерінде жүлделі орындарға ие болуда. Былтыр Ризабек Айтмұхан топ жарып, еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанды. Осы үрдіс әрі қарай да дәстүрлі түрде жалғаса береді деп сенемін.

Дзюдадан да Елдос Сметов тұңғыш чемпион болды. Кеше әуежайдан қарсы алдық. Бұдан жастардың рухы көтеріледі. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген жақсы сөз бар ғой. Сол жастар жеңісті жалғайды әлі.

Чемпион
Е.Сметов. Фото: ғаламтордан

– Елдос Сметов олимп шыңын бағындыру үшін талай жылдан бері тер төкті. Нәтижесін енді көрді. Алайда, соның өзінде «Жасы келді, жастарға орын берсін» деген пікір айтушылар кездесті. Сіз не дейсіз?

– Елдос дәл сол сияқтыларды тыңдаса, бүгінгі алтын медальдан айырылатын еді. Экономикасы қарыштаған дамыған елдерде 40 жасқа дейін күреседі. Оларға тек жеңсе болды. Ешкім «жасың келді, демала ғой» деп айтпайды. Оларда дәл осылай пікір білдірсе, заңды түрде сотқа беруге болады. Сондықтан әр пікірді ойланып айтқан дұрыс. Әуелі жастар бозкілемге шығып, оның жолын тартып алсын. Егер жастарды жеңіп жатса, олимпиадаға барып алтын медаль әкелсе, бұлай айтуға қалай дәті барады?

Қазірдің өзінде «келесі олимпиадаға дайындалам» десе де, ешкім ештеңе айта алмайды. Әуелі олай айтуға құқығы жоқ.

– Байқайсыз ба, спортқа келгенде жұрттың пікірі бір жерден шыға бермейді. Әсіресе, әлеуметтік желіде кешегі бокстан кейін де қаралау көп. «Қазақ боксының күні батты, Олимпиада ойындарынан боксты алып тастау керек» деушілердің қатары басым.

– Бір нәрсені түсіну керек. Баяғыда бокс қандай еді? Қазір қандай жағдайға ұшырады? Бүгінде Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Халықаралық бокс федерациясын шеттетіп тастап, өздері өткізіп жатыр. Оған федерация мүшелерін жібермейді. Сондықтан Токионы да, енді Париж олимпиадасын да өздері қолына алды. Ешқандай дау-дамай, өрескел дүниелерді естіп те, көріп те жатқам жоқ. Өйткені, жеке көзқарасым бойынша бәрін таза өткізіп жатқан сияқты.

Әрине, кемшіліктер жоқ емес. Дегенмен, ХОК ұйымдастырған екінші олимпиададан асып бара жатқан қателік көрмедім. Төрешілер жұмысын шынайы, әділ атқарып отыр. Жанкүйерлер де боксшылардың көбі олимпиада чемпионы болып оралғанға үйреніп қалған. Шын мәнінде, осы олимпиададан кейін бокс саласының мамандарынан кәдімгі зерттелген талдау күту керек.

Қазір бүкіл әлем дамып жатыр. Бәлкім, боксшылардың дайындық жұмысын, жаттығу тактикасын, федерацияның реттеу жарысын басқаша қарастыру керек шығар. Келесі олимпиадада осындай қателіктер болмас үшін қазірден бастап комиссия құрып, бәрін зерттеп, ауыстыратын адамдарды ауыстырып, қоятын адамды қойып, жаңаша бағдарлама жасап, дұрыс бағытта жұмыс істеу керек. Тәуелсіз мамандардың да пікірін тыңдап, соңынан шешім қабылдау қажет.

– Сіз әділ деген төрешілердің бұра тартқанын спорт мамандары да айтып қалды. Тіпті, Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурули арасындағы жекпе-жек қорытындысына күмән келтіріп, бокс төрешілеріне қатысты шағым түсірді ғой.

– Олай емес-ау. Мен де бокс мамандарымен, төрешілермен пікірлесіп отырмын ғой. Ешқандай да бұра тарту жоқ. Бірақ Мұхамедсабырдың жекпе-жегінде шамалы көрінді. Бокстың маманы емеспін ғой. Осы спорттың мамандарынан сұрасам, «теңбе-тең болды, төрешілер солай шешті» дейді. Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті шағым түсіргенмен «Төрешілер кемшілік жіберіпті» деп, әрі кетсе төрешілерін жазалайды, бірақ жекпе-жектің нәтижесін өзгертпейді. Бұл айдан анық қой.

Олимпиада
Фото: ғаламтордан

– Дегенмен, біздің жігіттердің көзінде от, тұла бойында қайсар рухты мінез жетіспеген сияқты ма? 

– От деген көзде лапылдап жану емес, іште тұнып тұр ғой. Бәрі де олимпиадаға не үшін барғанын біледі. Мақсат анық, жоспар бар. Бар болғаны сәті түспеді. Бұйырмаған дүние деп қана қабылдау керек. Олимпиадада жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді.

– Бір пікіріңізде «Бюджет ақшасын футболға емес, басқа спорт түріне бөлу керек. Бюджеттен ақша алады, ал футбол жоқ» деген екенсіз. Бізде футболдан басқа қай спорт түрі кенжелеп қалды?

– Былай алып қарағанда, футбол да, хоккей де, баскетбол да – басқа деңгейдегі, дәрежедегі спорт түрі. Қаржы жағынан қамтамасыз етілуі де басқа. Әрине, бізге «Анау жарамайды, мынау болмайды» деуге келмес. Мәселен, Кеңес одағы кезінде бүкіл спорт түрі дамыды. Бұқаралық спорт ілгерілеген кезде көпшілік арасынан чемпиондар да көптеп шығады. Ал чемпиондар көп болса, бұқаралық спорт та дамиды.

Халық арасында жүремін, әңгімелесемін ғой, спорт түрінің көбін ата-ананың мойнына іліп тастаған. Жарысқа барса, бүкіл жол шығынын, ас-ауқатын өздері көтереді. Сосын біз олардан қандай чемпион күтеміз? Сондықтан кез келген спорт түрі барлық жерде тегін болу керек. Жаппай бұқаралыққа айналып, жастар мен жасөспірімдер спортпен неғұрлым көп шұғылданған сайын, солардың арасынан чемпиондар өзі-ақ суырылып шығады.

Тағы да қайталап айтамын, ең бастысы, ауыл аймақтарда бұқаралық спортты дамытып, бәрі қолжетімді болуы керек. Чемпиондар ауылдан шығады. Өсіп келе жатқан қарадомалақтарға спортпен айналысуға толықтай мүмкіндік беру қажет.

ҚР Құрметті спорт шебері ретінде тәрбиелеген шәкірттеріңіз бар ма?

– Сидней олимпиадасынан жүлдегер болып оралған соң Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылынан мектеп аштым. Бұл мектеп күні бүгінге дейін күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Шәкірттеріміз Азия, әлем біріншілігінде бақ сынап, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бүгінде ағаларыммен бірігіп, отбасымның қолдауымен Алматы қаласынан «Аманат» деген жекеменшік спорт кешенін аштық. Менің атыммен атайық деп еді, қарсы болдым. Өз балаларым да, былайғы балалар да сол жерде жаттығады.

Мектеп
Фото: ғаламтордан

– Кәсіби спорт кадрларын даярлау жөніндегі республикалық спорт колледжінің директоры қызметіне тағайындалғаныңызға көп болған жоқ. Жиі ши шығып тұратын мекемені ретке келтіру қиынға соғып жатқан жоқ па?

– Маған ұсыныс жасаған соң, қабылдадым. 8 сәуір күні директор болып тағайындалдым. Үш айдан асып кетті. Біраз жұмыс атқарылды. Амалбек Тшанов ағамыздан кейін екі-үш басшы ауысты. Бұған дейін бір шу шығып, мектепті уақытша жауып тастаған еді. 10 ай бойы күресудің нәтижесінде министрліктің тікелей қолдауымен қалпына келтірдік.

Бұл спорт колледжінің тарихы тереңде. Елу жылдан астам уақыт бұрын спортқа бейімделген балаларға арналған олимпиада резервтерін даярлайтын республикалық мектеп-интернет болып ашылды. Ішіне, қабырғасына дейін жеңімпаздардың рухы сіңіп қалған. Өткенде санап қарасам, 20 шақты олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері шығыпты. Оның ішінде КСРО, Еуропа, Азия чемпиондары, бүкіл еліміздің майталман спортшыларының 70-80 пайызы осы мектеп-колледждің түлектері екен. Бізге тек әрі қарай жұмысты жандандырып, жалғастыру керек.

– Сіздің Ұлттық құрылтай мүшесі екеніңізді де білеміз. Жалпы, спортшының саясатқа араласуын құптайсыз ба?

– Спорт, өнер, мәдениет саласының өкілі болса да, ол – Қазақстанның азаматы. Егер қолыңнан келсе, қабілетің жетсе, айтар пікірің болса, неге араласпасқа? Өзім бірінші Ұлттық құрылтай өткенде ә дегеннен лудомания мәселесін көтердім, барынша түсінікті жеткіздім. «Ұлтқа қауіп төндіріп тұрған дертті қазір емдемесек, ертең кеш. Сондықтан оның түбіне бүгін балта шабу керек. Қаншама отбасы ойран болып, берекесі кетуде. Айналып келіп, ұрлыққа, қылмысқа барады. Оның түбі жақсылыққа әкелмейді», – дедім.

Бұл ақша елімізге де, спортқа да ешқашан береке бермейді. Бәріне рух жағынан қараймын. Спортшылар да солардың жарнамасын жасап, ақшасын алады. Олардың ақшасына мүлдем жақындамау керек. Біреу жылап-еңіреп баспанасынан, көлігінен, тіпті отбасынан айрылып жатса, оның жарнамасын жасап, ақшасын қалай аласың? Кейбіреулер «Мен адамдарға құмар ойынын ойна деп жатырмын ба?» деуі мүмкін. Бірақ сен соның көзі, құлағы болып тұрсың ғой, дұрыс па? Әр нәрсеге терең қарау керек. Президент те бұл түйткілге тоқталып, оған қарсы іс-шараларды қолға алды. Қазір лудоманияның жолын кесуге байланысты жүйелі жұмыс жасалып жатыр.

Сұқбатыңызға рақмет.