10 Ақпан 09:37

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ: Су СОҒЫСҚА себеп болуы мүмкін бе?

Фото:

Blue Peace Central Asia «Орталық Азия елдері су тапшылығының кесірінен қолға қару алуы мүмкін» деген болжам айтып отыр.

Алдағы уақытта Қазақстан Қырғызстан мен Өзбекстанға кінәрат-талап қоя бастауы ықтимал. Осы мәліметтерді еске салып, ауылшаруашылығы сарапшысы Кирилл ПАВЛОВ дабыл қағып отыр. «Голос народа» атты Youtube арнасына берген сұхбатында ол 2028 жылдан бастап Қазақстанда су тапшылығы 50 пайызға дейін өсетінін айтты. Мұның ішінде ауыз су да бар.

К.Павлов. Фото: assembly.kz

«2030 жылға қарай Қазақстанның су үшін қолға қару алу ықтималдылығы өте жоғары. Өзбекстан мен Қырғызстанға кінәрат-талаппен барады. Blue Peace Central Asia ашық мәліметтерін қараңыз. Жұрт «бұл – Орталық барлау басқармасының есебі» деп күледі. Есеп кімдікі болса да, ескеретін нәрсе бар. Швейцария қазірдің өзінде: «Жігіттер, қаруға жармаспай, үстелдің басына жиналып талқылаңдаршы», – деп келіссөз жүргізуге шақырып, жалынып отыр. Бұған қаржы да бөлді», – дейді сарапшы.

Кирилл Павловтың пікірінше, аймақ елдерінің әрқайсысы «көрпені өзіне тартып», суға байланысты түйткілдерді мойындар емес. Сондықтан ортақ шешімге келу қиын болып тұрған сыңайы бар.

«Біз өйте алмаймыз. Себебі, су ресурстары жөніндегі келіссөздер: «Бәрің ақымақсыңдар, өтірік айтасыңдар» деген форматта өтіп жатыр. Қазақстанның да, Өзбекстанның да, Қырғызстан мен Тәжікстанның да айтар сөзі осы. Ешкім түйткіл барын мойындағысы келмейді», – дейді Кирилл Павлов.

Фото: ғаламтордан.

Оның пікірінше, бұл – тек қана Орталық Азияның ғана емес, әлемдік мәселе. Түркістан, Жамбыл аймағындағы мұздықтар еріп, таусылуға шақ тұр. Алматы облысындағы мұздықтар да ери бастады.

«Біздің алдымызда үлкен апат күтіп тұр. Ал министрлер оба кезінде той жасап жатыр», – деп түйіндейді сарапшы.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидулла АЗИДУЛЛИН де әлеуметтік желіде мұндай мәліметтер бар екенін жоққа шығармады.

«Су шаруашылығы құрылыстары мен гидротехникалық құрылыстардың су тасқыны кезеңіне дайындығы» атты баспасөз мәслихатында ол трансшекаралық өзендердің мәселесіне қатысты қазіргі ахуалға біршама тоқталып өтті.

Фото: ОКҚ

«Барлық трансшекаралық су объектілері бойынша келіссөздер жүргіліп жатыр. Бұрыннан жүргізіліп те келеді. Нақты айтатын болсақ, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан бірлесе отырып, 1992 жылы Сырдария өзені бойынша келісімге қол қойылған болатын. Сол келісім сақталуда. Жыл сайын келетін су көлемі, болжамды су көлемі жөнінде нақты мәліметтер алынып, бірге жұмыс істеп жатырмыз.

Шу, Талас өзендеріне тоқталсақ, 2000 жылы бұл өзендер бойынша жүргізілген келіссөздер шеңберінде келісімге келгенбіз. Осы келісім бойынша жұмыстар атқарылуда», – деді Ғалидулла Азидуллин.

Тілшіміздің «Қақтығыс болуы мүмкін бе?» деген сауалына: «Қазақстанның саясаты – көршілес елдермен достық қарым-қатынас орнату», – деп қысқа қайырды.

Қазақстанға да, Қырғызстанға да бір мезетте мәлімет жіберіп отыратын автоматтандырылған Аспара бекетіндегі су өлшейтін жүйе қақтығыстардың алдын алуға қауқарлы ма? Неге екені белгісіз, бұл сұрақты Ғалидулла Азидуллин жауапсыз қалдыруды ұйғарды.

«Істен шығуына байланысты жөндеу жүмыстары жүргізілуде. Алдымыздағы суару уақытына дейін жөндеу жұмыстары аяқталып, қайта іске қосылады деп сенеміз», – деді вице-министр.

Орталық Азиядағы су тапшылығына қарамастан суала бастаған өзендердің өзі ұтымды пайдаланылмай отыр. Суды пайдалануда үнемді, заманауи технологиялар мен әдістер ескерілмей келеді.

Сырдария. Фото: tengrinews.kz

«Сырдария – Қызылордаға дейін толып ағып жатқан керемет өзен. Әрі қарай өзен деп айта алмайсыз. Ағып жатқан жылғаға айналады. Кіші Аралға әрең жетіп құяды. Неге десеңіз, біз күріш өсіріп, шөл даланы суарып жатырмыз. Суды қирап жатқан суару каналдарымен тартамыз. Кішкентай ғана тесіктен жүздеген гектарға жететін су ағып құмға сіңіп жоғалады», – дейді Кирилл Павлов.

Саясаттанушы Қазбек БЕЙСЕБАЕВТЫҢ пікірінше, су тапшылығын ғаламдық жылыну күрделендіріп отыр. Жауын-шашын аз, мұздықтар тез іріп, су қоры түгесіліп жатыр.

Қ.Бейсебаев.

«Аймақта суға қатысты түйткіл бар. Жасыратыны жоқ, бұл – он жылдан бері қозғалып келе жатқан мәселе.

Бізде түйткілдерді ашық айтқысы келмейді. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Бұлай болмауы керек.

Бұдан бөлек, Ертіс пен Іленің де суы азайып жатыр. Орталық Азиядағы су тапшылығы проблемасы дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс. Қазірден бастап іске кірісу керек. Көрші мемлекеттермен бірлесе отырып, талқылау қажет. Бірақ соғыс болады деп айтуға болмас. Дипломатия дегеніміз – той-концертке бірге бару емес, проблемаларды шешу», – дейді саясаттанушы.   

Тегтер: