13 Қазан 16:20

НЕГЕ оныкі тұрмайды? Kaspi.kz-тің өзін 6,5 миллиард долларға бағалауы сарапшылардың таласын тудырды

Фото:

Қазақстандық финтех алпауыт Kaspi.kz екі күннен кейін Лондандағы IPO аясындағы алдын-ала акциялар саудасын бастайды. Сауда басталмай тұрып, Nege.kz нарық сарапшыларымен тілдесіп шықты.

Kaspi.kz акциясының 11,8 пайызы сатылымға шығады және ол қазақстандық компанияның листингін жүргізетін букраннер сөзіне сенсек 879 миллион доллар жинамақ деп жазады, Reuters. Демек компанияның алдын-ала өзі болжап отырған капитализациясы шамамен 6,5 миллиард доллар.

«Бұл әбден мүмкін. Себебі, мұндай бағалау төбеден алынбайды. Ол көптеген параметрлер мен бизнес-модель негізінде есептеледі», - дейді, Nege.kz хабарласқан «Tickmill» халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев. «Kaspi.kz қазірдің өзінде жай банк емес және ол өзінің бизнес-моделі бойынша Қазақстан нарығында жетекші орынға ие. Оның үстіне, компанияның сыртқы нарықтарда айтарлықтай сәтті бәсекеге түсуге мүмкіндігі бар, мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ нарығының едәуір үлесін ала алады».

«Бұл бағалаудың қаншалықты әділ екендігі туралы айта алмаймын. Менің ойымша, бұл жерде тек ағымдағы капиталдандыруды ғана емес, сонымен бірге компанияның әлеуетін, болашақ ақша ағынының күтуін, кірістілігін, ауқымын қарау керек»

«Kaspi.kz өзінің бағасын тым жоғары қойып отыр», - дейді, Nege.kz түсініктеме сұраған қаржы сарапшысы Владислав Туркин. «Нәтижесінде оның нарықтық құнының капитал балансына қатынасы шамамен 8,4 болады. Ал жалпы классикалық банктер үшін бұл мән 1,2 болуы тиіс».

Туркиннің айтуынша, Kaspi.kz LSE-ге финтех компания ретінде шықса да, оның негізгі бизнесі - классикалық банк. Ол жеке тұлғалардың депозиттерін тарту және тұтынушылық несие беру. Ал екінші маңызды кіріс көзі - төлемдер, комиссиялық төлемдер және басқа да операциялық кірістер. Қазір дәл осы кірістер бойынша Kaspi.kz басқа бәсекелестерінен озып кеткен.

«Банктің инвесторлар тарапынан жоғары бағалануына меншікті капитал үстінен кірістіліктің артуы әсер етеді. Бұл өте маңызды. Алайда, егер Kaspi.kz кірістерін жіктеп қарайтын болсақ, онда кірістіліктің ішінде Kaspi Red бойынша жарналар мен Kaspi Gold картасы бойынша комиссиялардың да бар екенін байқаймыз»

«Тауар компанияларында көптеген шектеулер бар, ал Kaspi.kz өзін оңай масштабтай алады», - деп жалғастырады Арман Бейсембаев. Оның айтуынша, компания классикалық мағынадағы банк қана емес, тұтас экожүйе болып табылатын жоғары технологиялық инфрақұрылым. Сондықтан, өсу әлеуеті де айтарлықтай.

Фото: Kaspi.kz баспасөз-қызметінің архивінен

«Алайда, кезінде Kaspi.kz-ті көшбасшыға айналдырған тұтынушылық несиелеудің белсенді өсуі жүйелік тәуекелдің күрт артып, осы нарықтың қызып кетуіне әкеліп соқтырды», - деп, Бейсембаевпен келіспегенін білдіреді, Владислав Туркин. «Мәселені коронакризис салдарынан нашарлап бара жатқан экономикалық жағдай шиеленістіреді. Мұндай жағдайда пайданың тұрақты өсуін күту әрі Kaspi.kz өзінің ультра жоғары табыстылығын сақтап қалады деу қиын».

«Тиісінше, егер жалпы экономикалық тәуекелдер, тұтынушылық несиелеу нарығының салқындауы мен консервативті резервтік саясат ескерілсе, онда Kaspi.kz-тің ақырғы бағасы 6,5 миллиард доллардан едәуір аз болады»

Владислав Туркиннің болжауы бойынша Kaspi.kz-тің базалық бағасы 2,8 миллиард долларды құрауы тиіс, ал тұтынушылық несие нарығындағы қауыпті ескерсек, ол баға 2,1 миллиардқа түсіп қалуы мүмкін.

Nege.kz Kaspi.kz-тің өз деңгейіне бағалануын күтеді және қортынды бағаны 5 – 5,4 млрд доллар коридорында көріп отыр. Бұл жерде басқа мәселе қызық. НЕГЕ дәл қазір, коронакризис аяқталмаған, пандемия биржалық котировкаларға салқынын тигізіп жатқан уақытта Kaspi.kz Лондон биржасына шыға бастады? Не Kaspi.kz акционерлерінің Қазақстандағы саяси статустың өзгеріп кетуінен қорыққан себептері бар, не компанияға қазір дереу ақша керек.   

Десек те, Kaspi.kz Лондон биржасына шығып отырған шикізатқа қатысы жоқ тұңғыш қазақстандық компания. Себебі бұған дейін Тұманды Альбионға тек мұнай мен металл өндіретін ҚазМұнайГаз, Қазақмыс сынды компаниялар баратын. Демек, отандық финтех компанияның бағалану деңгейі халықаралық инвесторлардың жалпы Қазақстанға деген сенімін байқататын болады.

Тегтер: