14 Ақпан 12:31

«Назарбаев туралы мұндай кітап жазу қауіпті» – дипломат жаңа кітабы туралы айтты

Кітап
Фото: Фото: ғаламтордан

«Бүгін Қазбек Бейсебаевпен кездесіп, кітабын сатып алдым. Үйге жеткенше, жартысын оқып үлгердім. Кейбір жерлері өте күлкілі екен. Кітап мазмұнынын киносценарий жасаса, тәп-тәуір комедия шығатын еді еді».

Бұл – Анатолий Иванов-Вайскопф деген журналистің «Сұлтанның өрлеуі мен құлауы» атты кітабынан алған әсері. Расында, бұл комедиядан гөрі трагикомедияға көбірек келеді. Өйткені, елдің отыз жыл өмірі солай өтті.

NEGE тілшісі кітаптың жай-жапсары жөнінде авторы Қазбек БЕЙСЕБАЕВПЕН сұхбаттасты.

– Менің мамандығым – дипломат. Шет мемлекеттердің ішкі саясатын зерттейді. Саясаткерлермен кездесіп, мейрамханаларда әңгімелеседі, ақпарат жинайды. Жинаған мәліметтерін орталыққа жібереді. Мен өз мемлекетімді зерттеуге мәжбүр болдым. Кітабымды шығаруға осы жайт түрткі болды.

Бейсебаев
Фото: Қ.Бейсебаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

«Тарихты жеңімпаздар жазады» деген ұғым бар. Кім өткен оқиғаларды зерттеп, қорытынды жасаса, келер ұрпақ соған сенеді. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев елді отыз жыл басқарды. Осы уақытқа дейін «Бізде бәрі керемет, мәңгілік ел боламыз, рухани жаңғырамыз, отыз озық мемлекеттің қатарына кіреміз» деп 2050 жылға дейін жоспар құрып тастадық. Енді қарасақ, бізде түйткілдер толып жатыр екен. ЖЭС-тер жұмыс істемей, апатқа ұшырады. Біздің басты байлығымыз – мұнайымыз шетелдің қолында. Анау жетпейді, мынау жетпейді. Қысқасы, проблемадан аяқ алып жүре алмаймыз.

Өткенде тұңғыш президент «Менің өмірім» деген кітабын жазды. Оқып шықсаңыз, ол «қолынан келгеннің бәрін» жасапты. Байыппен қарасақ, нәтижесі аздау. Менің кітабым бұған жауап ретінде жазылды. Осы елде өмір сүріп жүрміз, жағдайдың шын мәнісінде қандай екенін жақсы білеміз. Ол кісі туралы мұндай кітап жазып қауіпті.

Сондықтан кейіпкерлердің аттарын өзгертіп жіберуге тура келді. «Бұл – автордың ойы ғана. Егер сәйкестік болса, ол жай ғана қиялдан туған» деп көрсеттім. Десе де, кітапты қолына алып, оқып шықсаңыз, кейіпкерлердің нақты адамдар, нақты тұлғалар екенін байқайсыз.

Яғни, отыз жылдық тарихымызды мен өз ойыммен зерделеп, көрсетіп бердім.

Бейсебаев
Фото: Қ.Бейсебаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

– Кейіпкерлердің атын неге өзгерттіңіз?

– Аты-жөнін көрсетсем, ертең олар мені сотқа береді. Сондықтан, әдейі солай көрсетуге мәжбүрмін. Бірақ адамдардың аты-жөндерін қаламсапты алып, түзеп шықса, бәрі шындық болып шығады.

– Сонда, бұл кітапты қандай жанрға жатқызуға болады?

– Жанрына келсек, «Эзоп тіліне» жатқызуға болатын шығар. Қазақтар тұспалдап сөйлегенді ұнатады. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген тәмсіл бар. Мен де қазақпын. Тікелей айтпадым. Десе де, оқыған адам бәрін түсінеді. Кейіпкерлерді оңай таниды. Мәселен, мен бір журналисті «Михаил Двойнов» деп атадым. Бірақ оның шын есімі – Михаил Полторанин.

– Мақсатыңыз осы жылдық тарихымыздағы шындықтың бетін ашу болды ма, сонда?

– Мен бұл кітапты жазбас бұрын екі-үш ел аралап, зерттеп жұмыстарын жасадым. Қазақ тілді, орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарынан дерек жинадым. Мысалы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты тергеушілердің, басқа да қатысушылардың сұхбаттарын оқыдым. Ресей және Украина журналистерінің материалдарын да пайдаландым. Өзім көрген дүниелерді жаздым. Куәгерлердің әңгімелерін енгіздім. Кітабымда айтылған жайттардың бәрінің негізі бар.

– Қазақша шығару ойыңызда бар ма?

– Менің кітапты басып шығаруға мүмкіндігім жоқ екенін бірден жария еттім. Сондықтан қараша айында бөлімдерге бөліп, үзінділерін фейсбукке жариялай бастадым. Фейсбуктегі менің бір досым оны аударып, парақшасында жариялап жүрді. «Алаш» сайты аударып, жариялады. «Дат» газеті де қазақша аударып, басып жатыр. Интернетке, әлеуметтік желілерге шығарылды. Кітап етіп шығаруға қаражатым жоқ. Орысша нұсқасын шығару үшін шығынның жартысын өз қалтамнан көтерсем, жартысына халық көмектесті. Фейбуктегі достарым – танымайтын адамдар жәрдем берді. Соның арқасында ғана шығардым.

Негізгі мақсатым – көп адам оқып, білсін деген ой. Кітап сатып, қаражат табу емес. Балама ұстанымды көрсетіп жатырмын. Келесі аптада Астанаға жол жүргелі отырмын. Тағы да тарату ниетім бар. Алматыда да таратамын.

Бейсебаев
Фото: Қ.Бейсебаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

– Кітаптың атын неге «Сұлтанның өрлеуі мен құлауы» деп атадыңыз?

– Өйткені, оның көтерілуі мен құлауы көрсетілген. Негізі, бұл – қызық тарих. Оққа ұшқан Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы да мәліметтер бар. Меніңше, бұл кітапты тек қана қазақстандықтар ғана түсінеді. Шетелдіктер, ресейліктер түсінбеуі әбден мүмкін. Жастар да түсінбейтін шығар. Хабары бар адам ғана түсінеді. Қызық кітап деп білемін. Әсіресе, журналистерге, тарихшыларға өте керек.

Типографиялар да басып шығарудан қорқады. Оқырмандардың да арасында қорқыныш бар.

– Саясаттың төңірегінде жүргендер, мәселен, саясаткерлер мен саясаттанушылар қалай бағалады?

– Кейбіреулер бәрі белгілі жайттар дейді. Бірақ дені қолдап жатыр. Өйткені, кейіпкерлер өте танымал адамдар. Оқыған сәтте-ақ әңгіменің кім жайында айтылып жатқанын екенін бірден түсінеді. Меніңше, бұл – тарих.

Бұрынғы биліктің өкілдері әлі билікте отыр. Бұрын «бәрі жақсы» деп бас шұлғып келгендер енді ол кезең жайлы еске алғысы келмейді. Мүлдем болмағандай. Біздегі бар проблемаларды жасаған да – солар. Сондықтан жауапқа тартылуы керек.

Мен қазақпын, осы елдің азаматымын. Азамат ретінде әрекет етіп жатырмын. «Отыз жыл елді тонапты, сен не бітірдің?» деп сұраса: «Қолымнан келгені осы, әшкереледім» деп айта аламын.