24 Қараша 08:57

Құдай мен мұнай. ОПЕК+ шешіміне НЕГЕ тәуелдіміз?

Фото:

Мұнай баррелінің бағасы 40 доллардан асса ғана ол біздің Ұлттық қорға пайда әкеледі. Сондықтан 1 желтоқсанда өтетін ОПЕК+ кездесуінің шешімі біз үшін аса маңызды болып отыр.

«Алғаш рет ОПЕК+ келісімі осы жылдың мамыр айында жасалып, оның қортындысы бойынша Қазақстан мұнай өндірісінің көлемін 1,7-ден 1,3 миллион баррельге төмендеткен болатын» деп жазады Oil & Gas Analytics. Қазақ мұнайы үшін шығынсыздық деңгейі барреліне орташа есеппен 40 долларға тең. Демек, Ұлттық қорға кіріс келуі, жаңа жобаларға инвестиция салынуы үшін мұнай бағасы барреліне 40 доллар немесе одан жоғары болуы керек. Ол үшін елімізге ОПЕК елдері аясында қабылданған қазіргі лимиттердің сақталғаны маңызды.

«Осы лимиттердің біз үшін қайта сақталғаны дұрыс», – дейді Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов.

Р.Жақсылықов

«Оның үш себебі бар. Біріншісі – Ұлыбритания рождестводан наурыз айына дейін толықтай локдаунға жабылады. Онда әлемдегі мұнай тұтыну көлемі қысқармақ. АҚШ-та Байден президент креслосына отырғаннан кейін, ол өзінің сайлаушыларына берген уәдесін орындауға кіріседі. Оның бастысы – коронавируспен күресті күшейту. Оның аясында Америка Құрама Штаттары да жабылуы мүмкін».

«Екіншіден, ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер шектеулерді мойнына алғанымен, оның орындалуын бақылайтын, тіпті орындамаған күнде жазалауын реттейтін механизм жоқ. Барлық мемлекеттер өз міндеттемелерін осы уақытқа дейін 100 пайыз орындап келді деп те айта алмаймын»

Рашид Жақсылықовтың айтуынша, Байденнің тағы бір уәдесін ұмытпаған жөн. Ол – экологияға зардабын тигізіп жатқан мұнай кен орындарын жабу. Егер уәде іске асса, АҚШ қайтадан мұнайды экспорттаушы елден импорттаушыға айналады. Бірақ мұнда сұраныстың артуын тежейтін үлкен фактор бар. Ол – Сауд Арабиясының ұлттық мұнай компаниясы Saudi Aramco-ның көлемі 20 миллиард баррель болатын кен орнын іске қосуы.

«Бұл – үлкен көлем. Оны іске қосатын болса 5-6 жыл бойы Сауд Арабия жалғыз өзі АҚШ, Қытай мен Ресейдің өндіріп отырған бүкіл мұнай өніміне парапар көлемді еш қиналмастан бере алады. Осыған байланысты олар көктемдегідей демпингке кетіп қалуы мүмкін. Алдағы 5-6 жылда бұл мұнай бағасының өсуін тежеп отыратын үлкен фактор»

Nege.kz есебінше, ОПЕК+ деңгейінде Қазақстанның дауысы еш рөл ойнамайды. Сондықтан лимитті жақтайтын ірі одақтастар қажет. Демек желтоқсан айында тағдырымыз Сауд Арабиясы, Ресей, БІріккен Араб Әмірліктері мен басқа да ірі ойыншылардың шешіміне байлаулы болады.

Тегтер: