«Мен әлі бармын!» – Иманғали Тасмағамбетов НЕГЕ ақталды?

ҰҚШҰ төрағасы Иманғали Тасмағамбетовке кейбір желі қолданушыларының сөзі өтіп кеткен сияқты. Бұған дейін оны «ресейшіл», «орысшыл» деп айыптағандар көп болды. Бәзбіреулер «Иванғали» деп ат қойып, айдар тақты. Әлеуметтік желідегі толып жатқан қаралауларға арнап мәлімдеме жасуының сыры осында ғана ма?
«Ақиқат тек көзге көрінетін дүние емес, ол жүрекпен сезіліп, ардың таразысына салынады. Әлеуметтік желі жауапсыздық пен жалған ақпараттың тез тарауына жол ашады. Азаматтарды ар алдындағы жауапкершілікті ұмытпауға шақырамын», – деді ол.
Тасмағамбетов ҰҚШҰ-дағы қызметін де Қазақстанның қауіпсіздігі мен ел мүддесін қорғауға арнағанын айтты. Сондай-ақ елі үшін кез келген сынаққа төзу – өзіне мәртебе екенін жеткізді.
«Кейбір бақытсыз жандар мені «ресейшіл», «орысшыл» деп қаралап жүр. Келіссөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған заманда, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына туған елімнің атынан барып, мемлекеттің мүддесі үшін от пен суға түскенім үшін сатқын болғаным ба? Қадірімді білмегендердің арасында еңсемді түсіргім келмейді. Жалған сөз – жара, ал ар – шындықтың қалқаны», – деді ол.
Тасмағамбетовтің тосын мәлімдемесіне қатысты NEGE тілшісі саясаттанушылардың пікірін білген еді.
Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
Тасмағамбетов – биліктің айтқанын орындап, айдауымен жүрді

– Иә, желідегі жұрттың кейбірі қатты, енді бірі сыпайы айтады. Соған шыдай алмай жауап берген сияқты. Халықтың алдындағы саяси тұлғалар әр уақытта көп мәселені өз көзқарасы тұрғысынан түсіндіргісі келеді.
Жалпы, екі түрлі ақталу бар. Біреу саған жала жауып, қаралау тұрғысынан жаман көрсеткісі келсе, әрине ақталасың. Екінші, Тасмағамбетовтің мына мәлімдемесінде «Менің осыншама жылдық қызметімді неге мойындамайсыңдар, неге бағаламайсыңдар?!» деген ой да бар. Шын мәнінде, оның 30 жыл бойы істеген жұмысының бәрі әділетсіз жүйеге атқарған қызметі.
Тасмағамбетовті «келесі президент болады-ау» деп жүргендерді де түсінемін. Мұның екі жағы бар. Бірінші, бұрын Назарбаевтың кезінде де басқалармен салыстырғанда, қазақ халқына жақынырақ қарайтын, рухани-мәдени мәселелерді көп айтатын азамат екені рас. Тіпті, зиялы қауымға шамасы келгенше көмегін аямады. Біразына баспана берді, тағы басқалай жағдай жасады. Сол себептен де жұрт Тасмағамбетовті қазаққа жақын санағандықтан да үміт күтетін.
Екіншіден, өзі айтқандай оны билік қай жерге жіберсе де, мейлі, ол премьер-министр, әкім, министр болсын барын салып жұмыс істеді. Бірақ негізгі мәселе онда емес. Мәселе – биліктің айтқанын орындап, айдауымен жүрді.
Адамдар кейде күнделікті іс-әрекеті, қарым-қатынасына қарап «жақсы адам» деп баға беріп жатады. Ал оның саяси көзқарасы, ұстанымына көп көңіл бөлмейді. Мысалы, соңғы уақытта көпшілік Қонаевты да мақтай бастады. Ескерткішін тұрғызды. Бірақ Қазақстанда 25 жылдай тоталитарлық режимді ұстап тұрғанын, оның тұсында 200-ге жуық қазақ мектебінің жойылып кеткенін ұмытпауымыз керек. Тіпті, Алматыда 16-ақ пайыз, Өскеменде 7 пайыз қазақ қалғанын көп адам естен шығарып алды. Қалай дегенде де, коммунистік партияның идеологиясына жұмыс істейтін режимнің Қазақстандағы ең басты сарбазы болды. Өз көзқарасым бойынша, оған еш уақытта ішім жылымайды және ескерткіш қоюдың қажеті жоқ деп санаймын.
Міне, дәл осылай екі жағын қарастырған жөн. Тасмағамбетовтің де 30 жыл бойы Назарбаев режиміне қызмет еткенін ұмытпауымыз керек. Қазір бәріміз «Қазақстан 30 жылда әбден құлдырады» деп айтып жүрміз ғой. Сол Назарбаев жүйесіндегі ең сенімді «өнімінің» бірі – Тасмағамбетов. Әрине, өз басым адами тұрғыдан «жаман адам» демеймін.

Оның «Шаңырақ» оқиғасы кезінде әкім болғаны рас. Соның алдында ғана «Шаңырақтың» тұрғындарымен бірге Тасмағамбетовпен кездесу ұйымдастырдым. Келесі жылы Шаңырақ оқиғасы болды. Дегенмен, ол бұл оқиғада негізгі рөл атқарды дей алмаймын. Өзім осы оқиғаның басынан аяғына дейін қорғаушысы болдым. Себебі, үйді бұзу, өртеу, ату дегенге бұйрық берген жоғары билік екенін жақсы білемін. Яғни, ол – жоғарыдан берілген нұсқауды орындаушы. Оның шаңырақтағыларға қарсы жазған сөзі қатты батып, қарсы шыққаным бар. «Алматыда үш-төрт жерде жұмыс істейтіндер баспананы әрең алады. Ал «мен қазақпын» деп «Шаңыраққа» келгендер жерді басып алады» деп халықты екіге бөлген еді.
Кейбіреулер сол уақытта «Тасмағамбетовтің қолын әдейі қанға бояп қойды» деді де. Ол да мүмкін, себебі біздің биліктен қулық-сұмдықтың бәрі шығады. Бірақ, бір нәрсені білуіміз керек. Ол қанша жақсы адам болғанмен, билікке қарсы жүзген жоқ, осы биліктің айтқанымен жүріп, тапсырмасын өте жақсы орындап шықты. Қазір де солай. Қазір барған жерінде кім тапсырма беріп отыр, автократ Путин беріп отыр ма, Тоқаев па, әңгіме онда емес. Сол хатшылық қызметін ойдағыдай атқарып, берілген бұйрықты жүзеге асырып қана отыр. Өйткені, біздің билікте де, Ресей билігінде де бұрынғы Кеңес одағынан қалған коммунистерден сақталып қалған әміршілдік-әкімшілік жүйе әлі бар.
Қазбек БЕЙСЕБАЕВ, саясаттанушы:
«Мені ұмытпаңдар! Мен әлі бармын!» деген емеурін

– Иманғали Тасмағамбетов – саяси тұлға. Ол Қазақстан атынан жай ғана ұйымды басқарып отырған жоқ. ҰҚШҰ – өте маңызды ұйым. Оны басқару жай адамның қолынан келмейді. Себебі, мұнда төраға болу үшін басқа мемлекеттің мүшелері келісім беруі керек. Демек, бұрынғы премьер-министр, министр, нағыз саясаткер мемлекетаралық ұйымның тізгінін қолына алуы бір жағынан мәртебе.
Әлеуметтік желіде жазып, айтып жатқандардың көбі ҰҚШҰ-ның қандай ұйым екенін білмейді. «Ресейге Қазақстаннан әскер жібереді екен» дейтіндер неге сүйеніп айтады? Соған қарағанда желідегі желікпе сөздерге де заңнама тұрғысынан қатаң тәртіпті қолға алу керек сияқты. Бұл адасушылыққа, арандатушылыққа алып келуі әбден мүмкін.
Егер ҰҚШҰ қай мемлекетке әскер жіберу бойынша шешім қабылдаса, бұл соған мүше мемлекеттер арасында келісім арқылы жүзеге асады. Бәрі рұқсатын беруі керек. Бір адам шешім қабылдай алмайды. Осыны біздің азаматтар түсінбейтін сияқты.
Тасмағамбетов неге мұндай мәлімдеме жасауға мәжбүр болды? Әлеуметтік желідегі жұрт оны «Қазақты ұмытып, Ресейге сатып кеткен «Ивангали» деп бұрмалап алып жатыр екен. Бұл енді масқара емес пе? Қазақстан атынан ұйымды басқарып отырған тұлғаның дәрежесін осындай деңгейге түсірдік. Әрине, ол кісіні жақтап отырған ештеңем жоқ. Бірақ Қазақстан билігіндегі жоғары деңгейдегі бес-алты саяси тұлғаның бірі екенін мойындаймын.
Екіншіден, Тасмағамбетов мәлімдемесін қазақстандықтарға емес, қазақтарға арнады. Өйткені, қазақша айтты. Иманғали саяси сахнадан кеткен жоқ. Ол осы мәлімдемесі арқылы «Мені ұмытпаңдар! Мен әлі бармын!» деген емеурінді де көрсетті.
Есенжол АЛИЯРОВ, саясаттанушы:
Қазақстанның мүддесін айта беруге кім рұқсат берді?

– Тасмағамбетовтің айтқан пікірі дұрыс. Халықаралық ұйымда жүрген соң жан-жақты қарайды. Әсіресе, қазір аумалы-төкпелі кезеңде, жан-жағымызда соғыс болып жатқан тұста қарым-қатынасқа басқаша көзқараспен қарау керек. Бұл – қауіпті жағдай.
Байқасаңыз, біздің елдің азаматтарының кейбірі Украинаны, енді бірі Ресейді қолдайды. Әлеуметтік желіде бей-берекет пікір жазатындар ең бастысы, елімізге тыныштық, бейбітшілік керек екенін түсінуі тиіс. Келешекте өзіміздің сыртқы саясатты қалай жүргізу керек екенін ойлану қажет.
Тасмағамбетовке бара салып, халықаралық ұйымда Қазақстанның мүддесін айта беруге кім рұқсат беріп қойыпты? Ол бес елдің жұмысын жүзеге асыру үшін барды. Екіншіден, халықаралық қатынаста бір елдің мүддесін қорғау оңай емес. Шын мәнінде, саясатта не болып жатқанын толық түсінбеген соң пікір айту артық. Сараптама жасап, оның Қазақстанға қаупін жан-жақты зерттеу керек.
Халықаралық қатынас мәселесі күннен-күнге өзгеріп жатыр. Бұрынғы теорияның бәрі құрдымға кетті. Әсіресе, Трамп АҚШ президенттігіне келгелі бері қарама-қайшылықтар көбейді. Сондықтан Тасмағамбетов Қазақстанның емес, халықаралық ұйымның уәкілі болған соң еліміздің көзқарасын ашық айтуға құқығы жоқ. Тіпті, халықаралық ұйымда жүрген соң Қазақстанның ішкі саясатына қатысты пікір айта алмайды. Украина мен Ресей арасындағы соғыста біреуін жақтап, екіншісін даттау дұрыс емес. Біздің мемлекет көпвекторлы саясат жүргізіп, барлық елмен бейбіт қарым-қатынаста болуды көздейді.