4 Қыркүйек 12:47
...

Елімізде мал шаруашылығы жанданып келеді – маман пікірі

мал
Фото: kungei.kz

Бүгінгі нарықта  ет-сүт өнімдері бағасының қымбаттап кеткені көкейде түрлі сұрақ ұялатады. Ал шалғайдағы шауралар болса, ірі қара малды қара базарға шығарудың қиямет-қайым екенін айтады. Қоғам арасындағы осы кереғар пікірге жауап алу үшін ветеринар маман Ғалымбек Стамбекұлына шыққан едік.

Ауылдағы ағайындар арасынан тыйым салынғандықтан қолындағы ірі қара малын сойып сата алмай отырғандарын жиі естиміз. Бұған не себеп?

Мысалы, жуырда Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданында сібір жарасы шыққандықтан, бұл аймаққа ветеринариялық режим мен шектеу енгізілді. Оның мерзімі біткенше, тұрғылықты шаруаларға мал сатуға тыйым салынады. Осындай кесе көлденең келетін себеп болмаса, бүгінгі таңға дейін ет өнімдері еш кедергісіз сатылымға шығып келді.

Қазақтың биязы жүнді арқар-меринос қойы азайып барады. Неге?

– Меніңше, шаруалар күтімінің күрделі болуына байланысты арқар-мериностан байсаналы түрде бас тартып жатыр. Неге десеңіз, биязы жүнді қой қылшықты қазақы қара қойға қарағанда анағұрлым нәзіктеу келеді. Мәселен, садақкөде деген шөп бар. Бұл мериносты бүріп тастайды. Салдарынан өліп кетуі де мүмкін. Одан кейін биязы жүнді қойдың қозысы қазақы қойдыкіне қарағанда жай жетіледі. Яғни, төлдері ерекше күтімді қажет етеді. Бұл экономикалық тұрғыдан алғанда шаруаларға тиімсіз болып табылады.

ветеринар
Ғ.Стамбекұлының жеке мұрағатынан

Енді көпшілік көкейіндегі сұраққа ойысайықшы, қара базарда күн санап ет бағасының қымбаттауына не түрткі болып отыр?

– Бұған делдалдар себеп болуда. Мәселен, ауылдағы ағайындар еттің келісін 1800-1900 теңге шамасында өткізсе, сатып алушы тағы баға қосады. Ол қара базарға шыққанда үстіне тағы үстеме қосылады.

–Жем-шөп түсіретін күзгі науқан басталғанда жанар-жағармайдың бағасы өсіп кететіні бар. Мұны да мал басын көбейтуге тосқауыл болатын мәселенің біріне жатқызуға болар?

– Әлбетте солай. Себебі ауыл шаруашылығындағы техниканың дені дизель отынымен жүреді. Содан кейін шаруа қожалықтар бірінен пайда түспесе, екінші кәсібінен өнім алу мақсатында мал өсірумен қатар егіншілікпен айналысады. Бірақ еңбекпен еккен бидай бағасынан жанармай бағасы екі есе қымбатқа түссе, шаруалардың жағдайы қаншалықты мүшкіл болатынын бағамдай беріңіз.

Мемлекет тарапынан халықты сапалы, құнарлы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында арнайы субсидия берілетінін айтып өттіңіз. Бұл біраз мәселені шешіп отыр деуге келе ме?

– Субсидия шаруалардың мәселесін толықтай шешіп береді деп кесіп айтуға келмес, дегенмен қысқа қолға көмек болары белгілі. Мысалы, шабындық болмаған жылдары малды азықтандыру мақсатында жемшөпке деп субсидия берілді. Шүкір дейік, тоқырау тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда, қазіргі жағдайымыз жер мен көктей. Тек аянбай еңбек ету керек. Бүгінгі таңда елдімекендерде түрлі ветеринариялық медицина орталықтары салынып жатыр. Мал өлексесін көметін қорымдар да қызу жұмыс істеуде. Соған сәйкес ветеринар мамандардың да жалақысы өсіп, астарына жеке қызметтік көліктер беріліп жатыр. Бізге керегі тек білікті мамандар ғана. Сондықтан жастарға ата кәсіптен ажырамауға кеңес беремін. Бұрынғылар «Бір ауылдың малын бақпасаң, мың ауылдың малын бағарсың» деп текке айтпаса керек.