29 Ақпан 15:26
...

Лудомания дерт пе?

Ойыншы
Фото: rehabcenterindore.com

Ойынға құмарлық бүгінгі күннің өткір әлеуметтік мәселесіне айналды. Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұны құмар ойындарға патологиялық әуестігі бар адамдардың дерті деп танып, ғылымға «лудомания» терминін енгізді. Алайда қоғамда бұл мәселе төңірегінде түрлі пікір қалыптасқан. Осы орайда тілшіміз психология ғылымдарының кандидаты Бақыт Дастанқызына шығып, анық-қанығын сұрап көрді

– Лудомания дерт пе, әлде әдет пе?

Бұл – әдет. Бірақ ол шегінен шығып, тәуелділікке бой алдырған жағдайда дертке айналады. Ол кезде адам психикасы өзгеріп, ойыннан өзге дүние қызықтырмайтын күйге түседі.

Яғни, психологиялық ауытқуға ұшырайды дейсіз ғой

Иә, себебі ондай адамдарда ойлау процестері бұзылады. Анығын айтқанда, мінез-құлықтың ауытқуы дегеніміз жөн болар.

Лудомания
Б.Дастанқызының жеке архивінен

– Қазіргі қоғамда адамдар арасында стресс көп. Бұл психикасы әлсіз адамды ойынқұмарлыққа алып келуі мүмкін бе?

Негізі құмар ойынға тәуелділікке ұшырауға түрлі фактор әсер етуі мүмкін. Оған өзіңіз айтқан стресстен бастап, жылдар бойы жиналған агрессия, қандайда бір жағдайда өткерген сәтсіздіктерден бастап, бала күні алған психологиялық жарақат та тікелей әсер етеді. Балаға ата-анасы жылулық беріп, көңіл бөле алмаса, өсе келе өзін «мен күштімін» деп дәлелдеуге тырысады. Мұның да соңы қандайда бір дүниеге тәуелділік тудыруға алып келуі әбден мүмкін. Өзін қажет кезде тежей алмайтын және бағалай алмайтын адамдар да ойынқұмарлыққа бейім келеді.

Ендеше лудоманның психологиялық портретін суреттеп беріңізші?

Мұндай жандар көбінесе жеңіл ақша табуға тырысады. Бірақ қаржылық жағынан сауатсыздау болады. Яғни, ақшаны қалай жарату керектігін білмейді. Содан кейін көңіл-күйі тұрақсыз әрі өтірік айтуа бейім келеді. Жұмысын, не оқуын тастап кетіп, айналадағы ағайын-туыс, дос-жаранмен байланысын үзеді.

Десе де жағдайы жақсы адамдардың құмар ойынға жақын келерін жоққа шығармайтын боларсыз?

Жуырда менің алдыма 25 жастағы жігіт келді. Ата-анасы сауда-саттықпен айналысатын болғандықтан, ауқатты отбасының баласы деуге болады. Үйленген, отбасы да бар. Арасында бәрін тастап, бір-екі айға құмар ойынға беріліп кетеді екен. Құдды бір айлап ішіп, ащы суға салынып кететін сияқты, арада үй көрмей кететін кездері болатынын айтты. Сондай сәттерде өз-өзіне қарамай, шашы өсіп, адам көргісіз күйге енетін көрінеді. Содан кейін алдыма тағы бір ер адам келді. Оның да дөңгеленген кәсібі бар. Ақшасы болғандықтан, алғашында достарымен еріп бой жазбаққа казиноға барыпты. Бірақ селбесіп барған жолдастары қайтып ол жаққа табан тіремесе, ол баруын әдетке айналдырған. Сөйтіп әр кез «осы жолы ұтам» деген үмітпен казино жағалауды тоқтатпаған. «Жолым болмаған күні өзімді шаршаңқы сезінемін. Басым ауырып, ұйқым мен тәбетім қашады»,– дейді. Тіпті ойынға беріліп кеткен кезде бойын қорқыныш билеп, арасында талмасы ұстап қалатын күйге жеткен. Оңтайлы оңалту жұмыстарын жүргізгеннің арқасында екеуі де қалыпты жағдайға оралып, тіршілігін жалғастырып әкетті. Негізі артық әрекетке бейім болмау үшін адамның миы толассыз қозғалыста болу керек. Әрекетсіз адам кесе көлденең дүниелерге «ұрынғыш» келеді.

Егер отбасында ойыншы болса оған алғашқы көмекті неден бастау керек?

Ең бірінші ойыншы өзінің сырқат екенін мойындау керек. Сонда ғана оған ем де, сөз де өтеді. Бірақ өкінішке орай лудомандардың дені қол-аяғым бүтін, яғни, саумын деп есептейді. Сондай-ақ олармен жылы сөйлесу керек. Бәлкім, іштей өзін жалғыз сезініп жүрген шығар. Ойыншы байсаналы түрде өзінің науқас екенін мойындағанда ғана мамандардың алдына өз аяғымен баратын болады.

Ойынқұмарларды гипнозбен де емдейтінін естіп жатамыз. Бұл қаншалықты нәтиже береді?

Ондай орталықтар бар. Бірақ арнайы сертификаты бар мамандардың қызметіне жүгінген абзал. Қандай жолмен емдесе де санаға сіңісті болып кеткен дертті емдеу біраз уақытты алады.

Жас жеткіншектер арасында компьютерлік ойындарға тәуелділікті жоюдың қандай жолдарын ұсынасыз?

Компьютерге тәуелділік белең алып барады. Себебі қазір айналадағы жанның бәрі гаджетке үңілген. Тіпті жаңа туылған баланың өзін телефонға қаратып қоятын отбасылар бар. Салдарынан бүлдіршіндер арасында көздің нашар көруі, эмоцияны білдіру сынды даму процестерінің тежеліп жататыны жасырын емес. Ал кейбірінің тілі тіпті жай шығып жатады. Сондықтан бұл да бір вирустық ауру сияқты. Осы ретте айтарым, ата-ана баланың бос уақытында немен айналысатынына мән беруі керек. Бүлдіршін шақтан әңгімелесіп отыруды әдетке айналдырған жөн.

Қарап отырсақ, көп нәрсе экономикалық жағдайға тіреледі. Кредиттеріміз көп болғандықтан, әйел де, ер де таң атқаннан кеш батқанға дейін табыс табудың жолында жүр. Ересектер аптаның алғашқы күндері жұмыста болса, демалыс күндері табиғатқа шығамыз немесе шахмат ойнаймыз деген сияқты баланың қызығушылығын аударатын жоспар құрып отырса, телефонға көп қараудан біраз қол үзген болар еді. Бүтін бір қаланы қойып, бір үйдің адамдары да бір-бірмен сөйлеспейтін күйге түсті. Осының салдарынан өзін жалғыз сезінетін адамдар саны арта бастады. Қазір енді үкімет жұмыс күндері мен сағаттарын азайту керектігін қарастырып жатыр. Егер бұл бастама заң жүзінде жүзеге асар болса, біраз ата-ана бала-шағасының қасында болуға мүмкіндік алар еді. 

Жуырда оқушыларға мектеп қабырғасында телефон қолдануға заң жүзінде тыйым салынды. Бұл аталған мәселені шешуге септігін тигізеді деп ойлайсыз ба?

Бұл құптарлық бастама. Бірақ көбі отбасына келіп тіреледі. Бала мектепте қолына телефон алмағанмен, үйде үңілуі әбден мүмкін. Сондықтан шектеу алдымен ата-ананың тарапынан қойылу керек. Негізі материалдық жағдайы төмен отбасылардың балалары қалта телефонға көп жақын бола ма деп қалдым. Өйткені тысқа шығып, ойын-сауық орталықтарына бару, түрлі үйірмелерге қатысу – қаражатқа келіп тіреледі. Дегенмен, демалыс күндері үй жағдайында бәліш пісіріп алып та қаладан тысқары шығып, табиғатты тамашалап қайтуға болады. Бірақ ол әдетке айналу керек. Бір кемшілігі – бізде табиғатта тынығу мәдениеті қалыптаспаған.