17 Сәуір 18:30

«Итің жаман десе, намыстанатын халықпыз...» – Бұрынғы судья Бишімбаев ісіне қатысты сот пен прокурордың қателігін айтты

Адвокат
Фото: Коллаж NEGE

Бишімбаевқа қатысты сот процесінің немен аяқталатынын дүйім жүрт күтіп отыр. «Бұл процесс еліміздің сот жүйесінің қандай екенін анық көрсетті...» деген пікірді де көзіміз шалды. Бұл туралы, бұрынғы судья, белгілі заңгер Ләззат Ахатова не дейді?

– «Әйелін ұрып өлтірді» деп айыпталған Бишімбаевқа қатысты атышулы сот процесі жайында әркім әртүрлі пікір білдіруде. Былайша айтқанда, ерінбегеннің бәрі сынап-мінеуге дайын. Заңгер ретінде сіздің пікіріңізді білсек.

– Елді су алып жатса, паралельде Бишімбаев соты да бітпейтін жыр болды. Бұл процесс су тасқынынан да маңызды болды. «Мектеп оқушылары да сабақтарын жиып қойып, сотты көріп жатыр» дейді. Бір түсінгенім, біз өз өмірімізді қарық қылып алмай жүріп, біреудің жеке өмірін бүге-шігесіне дейін фанаттық деңгейде талқылауға жаны құмар қоғам екенбіз.

Негізі айналамызда «бишімбаевтар» көп. Одан өткендері бар. Тек олар министр болмаған. Сол үшін олардың, олардың құрбандарының өмірі бізге қызық емес. Күйеулерінің қолынан пышақталып, бөлшектеліп өлген бейшара келіншектер де Салтанат секілді сұлу, сылқым болмаған, қарапайым ғана киініп, қоңырқай тіршілік кешкен. Назар аударылмағаны да сондықтан болар. Бәріміз адам алалаймыз. Осы шындықты айтсаңыз, берісі бетіңізді тіліп жіберетін, арысы бала-шағаңмен қарғайтын әйелдер қауымы бар. Айдаладағы танымайтын біреу үшін айдаладағы танымайтын адамды қарғау дегенді миым еш қорыта алмай қойды.

– Есесіне, «Сот процесінің ашық өтуі халықтың құқықтық сауатын арттыратын болды» деген позитив пікірлер де бар ғой.

– «Адвокаттарын қоса соттау керек» дейтін пікірлерді оқығанда, құқықтық сауатсыздықтың ең түбінде тұрғанымызға күйгендіктен де, «құрысын, жүйкемді сақтайыншы» деп, желіден шығып кетесің.

Сосын Байжановты жерден алып, жерден салып жатқандарға сөзім жоқ. Ол шынын айтты ғой. Сасқалақтап, даусы дірілдеп, жедел жәрдем шақырған аудиосы жарияланды. Салтанаттың дем алмай жатқанын көрген соң шақырған. Арғы жағында кісі өлтірушінің жылаған даусы шығып жатыр. Даусынан әлі мастықтан айықпағаны аңғарылады.

Сотталушы
Б.Байжанов. Фото: ғаламтордан

Дәл осы картинадан қандай ой түюге болады? Ой түю үшін заңгерлік білімнің қажеті жоқ. Қасақана кісі өлтіруге дайындалған «қылмыстық топтың» әрекетіне ұқсай ма? Бұл – араққа сылқия тойған мас адамның өз ісіне есеп бере алмаған әрекеті салдарынан болған қылмыс. Қасақана кісі өлтіру олай болмайды. Қылмыстық топ та ондай болмайды.

Бишімбаев қылмыс жасады, ол сөзсіз жазасын алады. Бірақ айыптаудың жөні осы деп, бүкіл ауыр айыпты негізсіз таңу әділеттік пе? Иә, ол озбыр, оңбаған, тиран, әбден дандайсыған адам. «Ол қазақ еркектерінің емес, қазақ билігінің көрсеткіші» деген пікірді де оқыдық. Бес саусақ бірдей емес, билік басындағылардың бәрі сондай тиран деу де – негізсіз айып. Әр істің өз нюансы болмай ма? Біржақты пікірді тықпалаудан неге шаршамаймыз?

Айдалада тапсырма орындап жүрген Байжановты «қылмыскердің сыбайласы, бірге жоспар құрған» деп жатыр біреулер. «Көрпеге ораған» дей ме, «скотч әкелген» дей ме. Скотчпен орап, мәйітті жасырғысы келген адам даусы дірілдеп, жедел жәрдемге телефон соға ма? Қылмыстың ізін жасырғысы келген адам «Она умерла» деп, жар салып жүре ме?

Сосын қылмыскердің сыбайласы болса, «Салтанатты ылғи ұратын, талай рет қан көрдім. Үйіне барғанда жиһаздарының қирап жататынын көретінмін. Сондай кезекті ұрыс-керістің бірі деп қалдым» деп ағынан жарыла ма? Ол сөздер Бишімбаевтың жазасын ауырлататын мән-жайлар ғой. Бұл қылмыскерлерді жақтау да, ақтау да емес. Сырт көзбен көргендегі көзқарас. Көзі ағып кетті дегендей нәрсе ғой. Сотта ақпаған боп шықты. Сарапшы да марқұмның көзін ағызып жібергені туралы айтқан жоқ. Одан сотта марқұмның анасы «бір баланы басып өлтірген» деді. ІІМ тексеріп, ол айыптың дәлелін таппағанын, ондай іс тіркелмегенін айтты. Ақыры айтқан соң, баланың ата-анасының аты-жөнін қоса неге айтпайды? Бұл жерде ешкімге жақтаспай, объективті қарасақ, «апама жездем сай» ма деген ой келеді.

Сарапшы
Сот-медициналық сарапшы Т.Халимназаров. Фото: ғаламтордан

– Жоғарғы соттың тарихында алғаш өткізіп отырған онлайн сот процесі көпке сабақ бола ма?

– Қоғам бұл істен сабақ алды деп қоямыз. Кейде Бишімбаевтың әрекетін жақтап жатқан еркектерді, беттен алып, көгеріп отырған әйелдер қауымын көргенде, осы іс бізге керісінше әсер етіп жатқан жоқ па деген де ой келеді.

Қоғамға ашық көрсетілген соттың елге берер пайда-зияны қандай десек, бұл сот отырысы халыққа құқықтық ағартушылық рөл де атқарған сияқты. Елдің құқықтық сауаты артқаны пікірталастардан да байқалады. Басында «Судья неге қылмыскерге үндемей отыр, жақтасып отыр» деп, судья жәбірленуші тарапқа қосылып, сотталушыға айғайлап ұрсу керек дейтіндердің қатары сиреп қалған. Яғни, соттың тараптарға бірдей қарап, бейтарап болу керегін ұғына бастаған.

Сосын бүкіл қазақтың еркегі әйеліне зәбір көрсететін тиран сияқты боп қалмады ма? Небір жайсаң азаматтарымыз да аз емес қой. Әр отбасында әртүрлі қарым-қатынас. Бишімбаев ісі тек ұл-қыз тәрбиесіне көңіл бөлу керектігін, қыздарға өз қадірін түсірмеуді үйретті деп ойлаймын.

Адвокат
Фото: ғаламтордан

– Ал өзіңіз сияқты мамандар сот процесі барысында судья, қорғаушылар тарапынан жіберіліп жатқан қателіктер жайында сыни көзқарасын айтып жатыр. Сіз не дейсіз?

– Адвокаттардың кәсіби чаттары бар. Бүкіл елдің «сен тұр, мен атайын» дейтін, жалпақ тілмен айтқанда, «заңға жатып қалған», заңның әр әрпін талқылайтын мамандар. Сот пен прокурордың, адвокаттардың «қалай отырып, қалай тұрғанынына» дейін қарап, кәсіби пікірлерін айтып отырады. Арамызда заң ғылымының кандидаттары, доктор, профессорлар аз емес. Олардың әр сотта судьяның жіберіп жатқан өрескел кәсіби қателігін, прокурордың қателіктері, адвокаттардың кәсіби заңдарына жат әрекеттерін талқылағаны мен желілердегі ел-жұрттың пікірлерін көріп, паралель екі әлемде жүргендей күй кешесің.

Мысалы, осы істі қарау барысында судьяның екі тараптың да адвокаттарына әкімшілік іс қозғайтын бір емес, бірнеше себебі болды. Әкімшілік кодексте 653-бап бар. «Сотты құрметтемеу» деп аталады. Бұл іс резонансты болған соң, судья жоғарғы сатының, басшылықтың сызып берген сызығынан аса алмай отыр ма деп қаласың.

Одан өзге, алқабилерді шатастырып, заң нормасын дұрыс түсіндірмегені жайлы да әріптестер айтып жатыр. Яғни, сот пен прокурорларлдың кәсіби қателігін қанша елдің заңгерлері талқылауда. Бұл жерде Қазақстан соты мен прокуратурасының кәсіби деңгейі де таразыланады десек артық емес. «Итің жаман» десе, намыстанатын халықпыз ғой, кәсібилігімізді көрсетсек дейміз.